Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қала көркі көше тәртібінен көрінеді

Қала көркі көше тәртібінен көрінеді

Қырық мыңнан астам халқы бар Әйтеке би кенті ауданның айнасы десек артық айтқандық емес. жыл сайын ажарына ажар қосып, көркейіп, гүлдене түскені көңілге қуаныш ұялатады. Алайда, ара-тұра жанымыз жабырқау тартатын жайттар да кездесіп қалады. Әйтеке би кенті әкімі аппаратының атсалысуымен аудан орталығына күн сайын санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізіледі. әсіресе, мұндай жұмыстар көктемгі және күзгі мезгілде жарияланатын тазалық айлығы тұсында қыза түседі. Соған қарамастан көше бойларынан кенттің көркін қашыратын қап-қап қоқыстарды әлі де көптеп кездестіріп жатамыз. Бірде өзім үлгі тұтатын ағамның бірі: «Адам жанының тазалығы тәнiнiң тазалығынан бастау алатыны секiлдi қаламыз таза болса, көңiлiмiз де таза жүредi» деген еді. Сөзінің жаны бар. Ал сіз қалай ойлайсыз?

Серік Ақоразов,
Әйтеке би кентінің тұрғыны:
«Ауланы көркейту – әр азаматтың парызы»
Көктем шыға ауыл маңын ретке келтiрiп, үй-iшiн таза ұстау – ықылым заманнан келе жатқан халықтық үрдiсiмiз. Дегенмен, кейбіреулер әлі де болса үйiнiң ішкі жинақылығымен шектеліп, ауласындағы тазалыққа да жауапты екенiн сезiне бермейдi. Жолда кетіп бара жатып, автокөлiктерден қоқыс лақтыратындар да бар. Бұларды жүгендеу үшiн заң жүзiнде талапты күшейту керек.
Тазалық жеке бастан бастау алады. Мәселен, тұрғын үй кіреберісі мен алаңқайын таза ұстау, көгалдандыру жұмыстарын үздіксіз жүргізу, үй көркі мен келбетіне аса назар аудару өте маңызды. Жауапкершілік жүгін тиісті мекемелерге артып, тазалық ережелерін сақтамау – жеке адам мәдениетсіздігінің көрінісі. Ендеше, Мемлекет басшысы айтқандай, өз денсаулығымыз туралы ойланып, кейінгі ұрпағымыздың болашағына немқұрайлы қарамай, Әйтеке би кентін, ортақ үйімізді хош иісті гүлдермен көмкеріп, ағаш отырғызып, бау-бақша өсіріп, жасыл желекке айналдыруды ескерейік. Жалпы тазалықты әркім өз отбасынан, табалдырығынан бастағаны дұрыс. Әйтеке би кентінің айналасы, үйлердiң алды, аулалар мұнтаздай жарқырап жатса, келiмдi-кетiмдi кiсiлердiң туған жерімізге деген құрметi арта түсер еді.
Тұрғындар “Ауланы көркейту – әр азаматтың парызы” екенін естен шығармаса екен деймін. Себебі, өз ауласын таза ұстау арқылы ол кенттің де жасарып, жайнауына тамшыдай болса да үлесін қосады.

Дәулет Тұяқбаев,
«Қазалы Көркем Сервис» ЖШС директоры:
«Салғырт қарайтындардың саны азаймай тұр»
Серіктестік бойынша күнделікті кент көшелерін тазалауға арнайы көлікпен 15 адамнан құралған 3 бригада белгіленген маршрут бойынша таңғы 7:00-ден бастап көшелерге шығады. Арнайы киім, қолғап және жұмыс құралдарымен қамтылған 25 жұмысшы кент көшелеріндегі қалдықтарды жинау, сыпыру жұмыстармен айналысады.
Күнделікті кент көшелерінен 40-45 текше метр аралығында тұрмыстық қатты қалдықтар жиналады. Кент аумағында орналасқан 737 контейнердің 100-120 контейнері тазаланып, арнайы орынға шығарылады. Бір күнде барлығы 110-120 текше метр тұрмыстық қатты қалдықтар полигонға жеткізіледі. Көлікпен апарылған тұрмыстық қатты қалдықтар заман талабына сәйкес сұрыпталып, қағаз, картон, пластиктер бөлек жиналып, преске басылады.
Кейде маған таңмен таласа ертелетіп істеген жұмысшылар еңбегі еш кетіп жатқан секілді көрінеді. Олай дейтініміз, тұрғындар түн ортасы ауа 10-15 қапқа күл-қоқыс, құрылыс қалдықтарын салып, көшенің бірнеше жеріне шығарып қоюды әдетке айналдырған. Кент әкімдігі, жергілікті полиция, серіктестік мамандары тәртіп бұзғандарды ұстап, ісі сотқа жолданып жатса да, қоқысты көшеге шығару тыйылар емес. Ең сорақысы таңертең тазалық жүргізілген көшеге түске таяу, ешбір қысылмастан пакеттерін жол бойына қоя салып, шаруаларына кете береді. Мұндай келеңсіз көріністер Әйтеке би, Жанқожа батыр, Р.Бағланова, С.Сүлейменов, С.Мұқанов, Жалаңтөс батыр, Т.Рысқұлов, Біржан сал, Жанәділов, Желтоқсан көшелерінің бойында жиі кездеседі. Сонда біздің азаматтарымыздың тұрған жеріне, туған еліне деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығы қайда? Көпке топырақ шашудан аулақпын. Кентте басқаларға үлгі болар көшелер де баршылық. Тап- тұйнақтай таза, аяқ су бармаса да есіктерінің алдындағы егілген саялы ағаштарды көріп қатты сүйсінесің. Мұндай мақтаулылар қатарында Қ.Пірімов, Е.Көшербаев, Төле би, Ә.Тыныбаев көшелері бар. Осы ретте бұл аумақтың жанашыр ақсақалдарына шексіз алғысымызды білдіреміз.
Тағы бір айта кететін мәселе, Әйтеке би кентінде кәсіпкерлік жыл санап дамып келеді. Бірнеше базарлар, мейрамханалар біздің серіктестікпен келісім-шартқа отырып, тұрмыстық қатты қалдықтарын алдыртып отырады. Алайда ірі сауда үйлері өз көліктерімізбен шығарамыз деген желеумен келісім-шартқа отырмай, өз беттерінше тірлік жасап келеді. Алайда, арнайы мемлекет қаржысына салынып, тәулігіне 24 сағат жұмыс жасайтын полигонға ірі сауда үйлері қоқыстарын төккені туралы біздің журналға бірде-бір рет тіркелмеген. Осы арада “Бұл кәсіпкерлердің қоқыстары қайда төгіліп жатыр?” деген заңды сұрақ туары сөзсіз. Құзырлы органдардың құлағына алтын сырға.
Сөз соңында Әйтеке би кентінің көркейіп көгалдануына, санитарлық тазалығының жоғары дәрежеде болуына баршаңызды біркісідей атсалысуға шақырамын.

Тәуіржан Құлмұратов,
Әйтеке би кенті әкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімінің басшысы:
«Кенттің келбеті көрікті болуы керек»
Әйтеке би кенті әкімдігі аудан орталығының жасыл желекке бөленіп, көшелердің мұнтаздай таза болу үшін барынша жұмыс жасап келеді. Және де бұл жыл бойы атқарылады. Алайда, күннен-күнге көлемі үлкейіп, тұрғындар саны артып жатқан “шағын мегаполистің” тазалығын қамтамасыз ету бір ғана кент әкімдігі мен «Қазалы Көркем Сервис» серіктестігінің қолынан келмейді. Сондықтан да, көктемгі және күзгі санитарлық- тазалық айлығы аясында кент аумағында орналасқан мекеме-кәсіпорындардың жұмысшы-қызметкерлерін де жұмылдырамыз. Санитарлық-тазалық айлығы барысында арықтар арамшөптерден тазаланып, көше бойына тасталған қоқыстар жиналады. Саябақтар мен демалыс орындарының іші ретке келтіріледі. Қорымдардың жан- жағына тазалық жұмыстары жүргізіледі.
Соңғы уақытта кент көшелеріне тұрғындар тарапынан көше бойына қапқа салынған қоқыстарды шығарып қою, тастау, қалдық су төгу әрекеттері жиі көрініс табуда. Әсіресе Жанқожа батыр, Р.Бағланова, С.Сүлейменов, В.Счастнов, С.Мұқанов көшелерімен таңертеңгілік уақытта жүріп өтсеңіз кенттің келбетін кетіріп тұрғандығын байқайсыз. Осыған орай 2 сәуірден бастап кент әкімдігінің қызметкерлерінен құрылған топ көшелерге рейдтік бақылау жұмыстарын бастады. Яғни қоқыстар көптеп тасталатын көшелерге қадағалу жүргізіп, анықталған заң бұзушылықтарға тиісті шараларын көретін болады.
Осы бағытта 2 сәуір күні түнгі сағат 22.15-те жүргізілген шаралар барысында Ә.Айбосынов көшесінің тұрғындары Г.Ж және А.Ж және Әбілқайыр хан көшесінің тұрғыны С.Ж көше бойына қапқа салынған қоқыс қалдықтарын тастап жатқанда ұсталып, фотосуретімен қоса аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік полиция инспекторы арқылы ҚР-ның “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” Кодексінің баптарына сәйкес, әкімшілік шаралар көрілді. Бұл бір ғана мысал. Негізінде мұндай фактілер көп.
Алдағы уақытта да бұл шаралар жалғасын табатын болады. Рейд барысында анықталған құқық бұзушылықтар суретке түсіріліп, әлеуметтік желілерде және жергілікті баспасөз құралдарында аты-жөнімен жарияланатындығын тұрғындарға қатаң ескертеміз.

Берік Сүлейменов,
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі Қазалы аудандық орталық «Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы:
«Тазалық – иманнан»
Пайғамбарымыздың хадисінде: «Тазалық – иманның жартысы» делінген. Біріншіден, дінімізде барлық құлшылық амалдарының тазалық шарттарымен қатар жүретінін білесіздер. Мысалы, намаз оқитын адам міндетті түрде дәрет алып, тазаланады. Пайғамбарымыздың хадистеріне үңілсек, мұсылман баласынан бой тазалығы ғана емес, үстіндегі киіміне, үй-жайына, қоғамдық орындардағы тазалыққа мұқият қарау, әсіресе, ішкі жан-дүниенің тазалығы талап етіледі. Мұхаммед пайғамбар (Оған Алланың нұры жаусын!) өз өсиетінде: «Алла – жомарт, жомарт құлдарын жақсы көреді. Алла таза жүретін құлдарын да жақсы көреді. Ендеше, үйлеріңіздің маңайын да таза ұстаңыздар!» – деген. Сондай-ақ бізге Пайғамбарымыздың хазіреті Әлиге айтқан: «Ей, Әли, тырнақтарыңды қысқарт. Оның ішінде зиянды нәрселер жүреді», – деген сөзі де жеткен. Алла елшісінің тазалықтың денсаулық үшін маңызды екенін ескертіп, мұрын мен тамақты шаю, шаш, киім күтімі турасында айтқан хадистері өте көп. Халифалар, Ислам әлемінде аты әйгілі басқа да тұлғалар тазалықты барын¬ша насихаттаған. Хазіреті Омар: «Көне киім болса да, тап-таза киініп жүру керек», – деген.
Пайғамбарымыз көпшілік жүретін, жұрттың ортақ пайдалануындағы жерлерді ластау – күнә екенін жеткізіпті. Бір күні ол сахабаларына: «Абайлаңыздар, қарғысқа ұшырағандардан болмаңыздар», – дейді. Сахабалар: «Олар кімдер?» деп сұрағанда, «Ел жүретін жолға, ел көлеңкелейтін ағаштың түбіне, ел пайдаланатын өзен-көлге дәрет сындырып, ластайтындар» деген екен. Пайғамбарымыз тазалық тұрғысынан ақ киімнің ыңғайлылығын ескеріп, мешітке келгенде, намаз оқығанда ақ түсті киім киюге шақырған. Ал лас киініп жүрген жандарға реніш білдіретін болған. «Киім де тәкбір айтатынын білмеуші ме едіңіздер? Кірлеген киім тәкбір айтуын тоқтатады» – деген.
Біздің халқымызда тазалықта берекет бар деп білген. Сондықтан да үлкендер: «Лас жерді баспа», «Кірдің суын әр жерге төкпе» деген сынды сөздерді баланың құлағына кішкентайынан-ақ әбден сіңірген.
Тазалық тек тән тазалығы, киім-кешек, үй-жайдың тазалығымен шектелмейді. Дінімізде тазалықтың ауқымы кең. Сол себепті қоршаған орта тазалығына да біркісідей көңіл бөлген жөн. Қоршаған ортаны ластау – елді қолайсыз жағдайға душар етеді. Ал, шынайы мұсылман – ешкімге зиянын тигізбей, ешбір жанды, мақұлықты жәбірлемеуі тиіс. Пайғамбарымыз: «Аулаларыңды таза ұстаңдар!» – деп үйдің айналасын, қора-қопсыны таза ұстау қажет екенін білдірген. Көпшілік орындарды ластау – мұсылман баласына жараспайтын жаман әдет.
Хадистерде жолдардың тазалығы да кеңінен қолға алынған. Бұл турасында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жолдың кеңдігі мен жол салуға, оны таза ұстауға, жүргіншіге бөгет жасайтын нәрселерді алып тастауға дейін көптеген жайттарды қозғаған.
Бір хадисте жүргіншіге бөгет жасайтын нәрселерді алып тастауға дейін көптеген жайттарды қозғаған.
Бір хадисте жүргіншіге бөгет болған, «жапа шектіретін» нәрселерді әрбір мұсылманның жолдан алып тастауы «иманның құрамдас бөлігіне» жататындығы айтылған.

Тобықтай түйін
Үш айға жуық жүргізілген тазалық жұмыстарының әттеген- ай тұстары әлі де көп. Себебі, тұрғындардың көбісі бұған немқұрайлылық танытады. Кент тазалығы тұрмақ, өзі тұратын үйінің айналасындағы қоқысқа да атүсті қарайды. Сондықтан болар, аудан орталығынан қаншама қоқыс шығарылса да, мәселе оң шешілер түрі жоқ. Әзірге тазалық сақтамағандарды тәртіпке салудың жалғыз жолы айыппұл арқылы жүзеге асып отыр.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ
12 маусым 2018 ж. 2 786 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930