Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шебердің қолы ортақ

Шебердің қолы ортақ

Осыдан бірнеше жыл бұрын он саусағынан айырылған қазалылық қолөнер шебері туралы мақала газеттер мен сайттарда да жиі жарияланды. Оның өнеріне тәнті болған көпшілік керемет деп таңдай қағысты. Қолынан шыққан тымақтарды көргенде шын шеберге ештеңе кедергі бола алмайтындығын тағы бір мәрте мойындаған еді жұртшылық. Жуырда Абайда тұратын Оңдашбай ағаға хабарласып, халін білдік. Амандық-саулықтан кейін ақкөңіл аға жарқылдап, «Қарындасым, қазір өзім хабарласамын. Мал-текені жайғап жүр едім» деді дауысы телефонның арғы жағынан еміс-еміс естіліп. Арада он минут өтер-өтпес ұялы телефон шырылдады. Оңдашбай аға екен.
Бәз-баяғы қалпынша баладай жарқылдап, амандық сұрасып жатыр. Біреу білмес, біреу білер Оңдашбай ағаның он саусағынан айырылған оқиғасы былай еді. Бірде қыста жоқ қарап жүріп, аттан құлайды. Жақын жерде көмектесе қояр жан иесі жоқ, атынан айы­рылған азамат үсікке ұрынады. Кейін дәрігерлер Оңдашбай ағаның үсік ұрған он саусағын кесіп тастауға мәжбүр болады. Бастапқы кезде саусақсыз тірлік істей алмай, қатты қиналады. Алайда тағдырдың салғанына жігерлі жан мойымады. «Он саусағым жоқ, енді қалай күн көремін» деген ол жоқ. Бұрын да ісмерлігімен танылған жігіт қолөнерден қол үзбеді. Тымақтан мәсіге дейін өзі тігіп, несібесін тапты. Кәсіп ашып, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз грантқа ие болды. Грантқа алған қаржысына өндірістік тігін машинасын сатып алды. Тігін машинасы қолына тигеннен кейін киіз үйге керекті бар жабдықты тіге бастады. Сонымен қатар тігін шеберханасында жүгеннен бастап тоқымға дейін болды. «Бала ке­зімнен тігінге құмар болып өстім. Десе де кәсіп көзіне айнал­ды­рамын деген ой келмепті. Бұйырыс болар осы іске бет бұрдым. Бұрын ауылдағылар ғана тапсырыс беретін. Бүгінде аудан орталығынан келіп, бұйымтайын айтатындар бар. Қазіргі таңда материалдарым болмай, уақытша тоқтатып отырмын. Дегенмен тапсырыс бергендердің тілегін жерде қалдырмауға ты­рысамын», – дейді Оңдашбай Өтеміс.
Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт ағасы ісмерлік өнермен 1993 жылдан бері айналысады. Бұл күнде оның қыр-сырын жетік меңгерген. Жылдың әр мезгіліне орай тіккен бұйымдарын жергілікті тұрғындар жиі қолданады. Қыста аң терісінен түлкі тымақ, құлақшын, ішік тіксе, ерте көктемнен бастап күзге дейін түрлі ау түрлерін тоқиды. Мұнымен қатар, әркелкі көлемдегі масахана мен ат әбзелдерін, оған керекті бұйымдарды жасайды. Көрпе, мәсі, етік секілді заттарды жасаудың да түрлі әдіс-тәсілін біледі. Шебердің қолынан шыққан туындылар уақытында аудандық, облыстық көрмелердің көрігін қыздырып, көпшіліктің жоғары бағасын да иеленді. Бірнеше жыл бұрын аудандық «Талантыңмен таңқалдыр» байқауында бас бәйге иеленіп, облыстық байқауда «Алғыс хатпен» марапатталды.
«Жігітке жеті өнер де аз» де­мекші, Оңдашбай Өтеміс қол­өнерді меңгерумен қатар, шабыт­тан­ғанында өлең де жазады. Шығар­ма­шылыққа жаны құмар жан кітап оқығанды да жақсы көреді.
Тігіншілігімен танылған ше­бер саусағынан айырылғаннан кейін көпке дейін шолақтығынан қуыстанып жиын-тойға бармай жүрген екен. «Жұбайым Қиғаш қинал­ғанда қасымда болып, көмек­тесті. Сосын оңала бастадым. Бойыма қайрат бітті», – деді ол бізбен әңгіме үстінде. Қазір шеберге он саусақсыз тігін тігу түк те қиын емес. Одан бөлек түздің жұмыстарында дөңгелентіп әкетеді. Бақшасын баптап, қорасындағы төрт түлігін де жайғап отырған жайы бар.
– Мүмкіндігім шектеулі деген жай сөз ғана. Ең бастысы – ниет пен жауапкершілік. Сенің ойың таза, пейілің шынайы болса, діттеген мақсатқа жету қиын емес. Бойдағы масылдықты, енжарлықты жеңу керек. Өмір бір рет ғана беріледі. Оны еріншектікпен өткізіп алуға болмайды, – дейді Оңдашбай Өтеміс.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

20 ақпан 2024 ж. 448 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031