Қазақтың жыл санауы бойынша 2024 жылы ұлу жылы кіреді. Ал әр жылдың өзіне тән мінезі, ерекшелігі бар. Ұлу жылы жайлы толығырақ Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.
Жыл қайыруҚазақта жыл қайыру, яғни санау он екі жылдан тұрады. Он екі жылды ата-бабамыз бір мүшел деп білген. Бір мүшелдің жылдары он екі түрлі аң мен жануардың атымен аталған.
Бірінші – тышқан жылы, екінші – сиыр, үшінші – барыс, төртінші – қоян, бесінші – ұлу, алтыншы – жылан, жетінші – жылқы, сегізінші – қой, тоғызыншы – мешін, оныншы – тауық, он бірінші – ит, он екінші – доңыз жылы. Әрбір жануардың жылы наурызда кіреді.
Әр мүшел аяқталып, екіншісі басталғанда, он үшінші жыл тағы да тышқаннан саналып, есеп қайта ашылады. Бірінші мүшел – 13 жас, содан кейін он екі жылдан қосыла береді.
Жыл басы неге тышқаннан басталадыЕл арасында тараған аңыз-әңгімеге сүйенсек, жылдың басы тышқан аталатын себебі – ол бойы барлығынан ұзын түйенің құлағына шығып кетіп, жылды ең бірінші болып көріпті. Ал түйе бойына сеніп жылдан құр қалып, қалғандары жақындап келе жатқан жылды көру ретімен жыл аттарын иемденіпті-міс.
Тағы бір аңызда "Шығыс күнтізбесіндегі жыл қайыру аспан асты Түрік елінің ең бірінші ханы Қисаға-Тәңірдің кең көлемдегі аң аулау кезінде барлық аңдар қашып, судан жүзіп өтіп құтылуды ойлапты. Содан Іле өзенінен төмендегі тәртіппен жүзіп өтіпті. Бірінші болып суға тышқан, оның артынан сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, ең соңынан доңыз жүзіп өтіпті. Осы рет саны шығыс күнтізбесінде күні бүгінге дейін сақталып қалған" деп айтылады.
Әрбір жылдың өзіндік мінезі бар
Ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы он бесінші ғасырда жазған "Шипагерлік баян" кітабында жыл атауларына өз сипттамасын берген.
"Сумақы — тышқан. Маңғаз — сиыр. Айбар — барыс. Секем — қоян. Сумаң — жылан. Тұлпар — жылқы. Иіртек — ұлу. Шопан — қой. Мешін — мешін. Айтақ — ит. Шақырауық — тауық. Қорысқы — доңыз", - деп жазды Тілеуқабылұлы.
Зерттеушілердің айтуынша, ежелгі көшпенділер хайуандық күнтізбені қытайлардан қабылдап алған көрінеді. Алайда бұл күнтізбе толығымен көшірілмеген, оның өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, Қытайда Маймыл жылы, көшпенділерде Мешін жылы деп аталады. Ал Айдаһар жылының Ұлуға айналуы туралы екі болжам бар. Қай уақытта да ауа райына тәуелді көшпенділер көбіне жазы қуаңшылықпен, қысы жұтпен есте қалған Қоян жылынан кейінгі жылға жауын-шашын мол болсын деген ырыммен сулы жерде өмір сүретін ұлудың атын берсе керек. Екінші болжам бойынша айдаһар қытай тілінде "лұн" деп аталады екен. Ұлу сөзі осы "лұн" сөзінен шығуы мүмкін.
Ұлу жылының ерекшелігіҰлу суда жүретін болғандықтан, бұл жылы құрғақшылық болмайды. Жыл тыныштықпен, береке-молшылықпен өткен. Түркі жұрты оның ішінде қазақтар да ұлу жылы астық, шөп мол болады деп жорамалдаған. Соған қарағанда бұл халық үшін жайлы, жұмсақ жылдар қатарынан орын алса керек. Кей жылдары ұлу да жайсыз келіп отырған. Оған Бейімбет Майлиннің "Ұлу" деген өлеңі (1917) дәлел болады.
Ұлу келіп көтерді елдің обалын,
Мал жұтатып, сынын алды қораның.
Нақ ұлудай ұлытқан жоқ қазақты,
Атышулы былтырғы өткен "қояның".
1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс, Қазақстандағы байлардың мүлкін тәркілеп, өздерін Сібірге жер аударған 1928 жылғы голощекиндік кәмпеске де Ұлу жылында болған.
Дегенмен, ұлу жылы өте жайлы, жұмсақ жыл болып есептеледі. Стихиялық белгісі – ағаш. Бейбіт өмірді сүйетін, жайлы, тыныштықты жаны қалайтын, ақылды да зерек адамдар осы жылы туады деседі. Кемшілігі: тез ренжігіш, қырсықтау келеді.