Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мүшелдің мәні неде?

Мүшелдің мәні неде?

Бұрынғылардан жеткен қызықты дерек – мүшел жас туралы айтқанымызбен, оның мәнін көбіміз бағамдай білмейміз? Мүшел атауы қайдан шыққан? Ол қауіпті кезең бе? Тарихи деректер не дейді? Бұл туралы газетіміздің бүгінгі санына жариялап отырмыз.
Таралу ауқымы кең мүшел есебіндегі жылдар реттіліктен түзілмеген. Ұлттық ұғымдағы 12 түрлі хайуанның атымен байланыстыратын қайталама – «жыл қайыру» деп аталады.Ол халықтың тапқырлық танымынан сыр тарқатады.
Жыл есебін бұлай жүргізудің тамыры тым тереңде жатыр. Бізге жеткен әпсана желісі төмендегіше өрбиді.
Ертеде түркі қағандарының бірі өзінен бірнеше жыл бұрын өткен атышулы соғыстың тәсілін үйренбекші болады. Алайда ол жорық қай кезде өткенін тұспалдай алмай әбден шатасады. Сонда қаған өзінің қауымын жинап былай дейді.
«Біз тарихымызды анықтауда көп қателестік, ал бізден кейінгілер бұдан да жаман жаңылысады. Олай болса, жылдарға ат қояйық. Бұл біздің кейінгілерге қалдырған ескерткішіміз болсын».
Сөйтіп Іле өзенінің екінші басына ау құрғызып, жабайы жануарларды өзенге қарай қууға бұйрық береді. Нөкерлер хайуандарды қаумалап үркіте бастайды. Олардың бәрі бірдей өте алмай, он екісі ғана судан аман шыққан екен. Алдымен судан өткен тышқан болыпты. Осыдан ол жыл басы деп танылыпты. Одан кейін судан сиыр, сосын барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз өтіпті. Сөйтіп әрқайсысы бір-бір жылдың атын алыпты.
Дерек көздері мүшелдің табиғат құбылыстарының қайталама заңдылығына негізделгенін алға тартады. Жыл санау туралы деректер VIII ғасырдағы “Күлтегін” ескерткіштері мен ХІ ғасырда өмір сүрген Махмұт Қашқаридың еңбектерінде кездеседі.
Мүшел жасты анықтағанда бір ерекшелікті есте ұстаған жөн. Бала 13 жасқа толғанда бір мүшел деп қайырады да, кейінгілерге 12 жылды қосып отырады. Сонда бір мүшел – 13 жас, екі мүшел – 25, үш мүшел – 37, төрт мүшел – 49, бес мүшел – 61, алты мүшел – 73, жеті мүшел – 85, сегіз мүшел – 97 деп қайырып, адам жасын оңай шығарады.
Мүшел жастардың адам жасына сай аттары болады. Алғашқы мүшелдің 13 жастан басталуында үлкен мән бар. Он үш жас – балалық пен бозбалалалық, бойжеткендіктің тоғысар шағы. Шылбыр тартуға жараған бала шаруашылық істердің қай-қайсысына да бұл уақытта бейім келеді. «Он үште отау иесі» деп шыбықтай перзентін шынарға балап, оған үлкен сенім артқан жұртшылық баланың даму ерекшелігіне өзінің бай тәжірибесімен осылай әсер еткен. Екінші мүшел 25 жас – жігіттіктің алғашқы сатысы. Ол кезде ер жігіт бусанып, дене құрылысы өсіп, жетіліп, күші тасып тұрса, қыз бала толысатын кез.
Адам өміріндегі ең басты мүшел – 37 жас. Бұл мүшел адамның ақылы молайып, дүниеге қызыға да, қызғана да қарайтын тұсы саналады. Даналыққа бой алдыратын 49 жастың да ерекшелігі мол. 61 жаста адамның кемеңгерлігі артып, өзінен туған балаға сын көзбен қарап, басқан ізін аңдып, жаман-жақсысын ажыратып, өзі де тәрбиеге келетін кезіне баланады.
Кәрілік қамытын кигізіп, әл-дәрменнің азайғанын сездіретін 73 жас – өткенге салауат, бүгінге қанағат ете білетін мерзім болса, 85 жасқа толғанда енетін соңғы мүшел қарияның балаға айналатын кезіне саналады.
Кейбір мағлұматтар «мүшел» сөзін қауіп-қатер деген ұғымымен байланыстырады. Бұған негіз де жоқ емес.
Халық түсінігінде мүшел жылы сол адамда қатерлі жыл болады деп есептеген. Осыған орай жаратылыстан тыс тұрған күштерге жалбарынып, құдайы беріп, құрбан шалып, сол адамның қимас киімін және матадан жыртып жарлы-жақыбайларға тарататын дәстүр қолданыста әлі кездеседі.
Жазушы Зейнеп Ахметованың кітабына зер салсақ, мүшел жылы Ұлыстың Ұлы күні — Наурызда ауысады. Жыл қайыру есебіндегі жылдарды айырып, ажырату Наурызбен межеленеді. Наурыздан бұрын не кейін туылғанына қарай сәби жылын белгілей алады.
Салт-дәстүрлерді зерттеушінің тағы бір айтқаны, 25-ке толған адамды мүшел жасымен құттықтаудың негізі жоқ. Егер қазақша күнтізбе болмай, жылыңыздың не екенін білгіңіз келсе, туған жылыңызды он екіге бөліңіз. Қалдықсыз бөлінсе, жылыңыз Мешін болғаны. Бір қалдық қалса, Тауық, екі қалдық – Ит, үш қалдық – Доңыз, төрт қалдық – Тышқан, бес қалдық – Сиыр деп ары қарай кете береді.
Ал этнограф Болат Бапайұлы мүшел жас тек тақ жылдардан қайтарылатынын айтады.
Зерттеулер қазақ ұғымындағы кез келген мүшелдің қатерлі уақыт саналатынын алға тартады. Соңғы уақытта әрбір он екі жылда адам ағзасында елеулі өзгерістер болатынын ғалымдар дәлелдеген. Ежелгі жұртымыз мүшел жасында алыс сапарға жалғыз шықпаған, той жасамай, өлімді жерлерге бармаған. Мал мауыздамаған, той-томалақтарда көрнекі орынға отырып, ел назарын аударатын сөз айтып, ерекше киім киюден бойын аулақ ұстаған.
Қазақтың байырғы күнтізбесінің көшпенділер өмірінде зор мәні бар есепті қабылдау да, қабылдамау да еркіңізде.
Нұрай Қазиева:
– Орыс тілді отбасында тәрбиеленгендіктен, ырым-тыйымға аса назар аудармайтынмын. Өмірімде екі рет қатты ауырып, алдымен Алланың, содан кейін ақ халаттылардың арқасында аман қалған жайым бар. Сол екі жыл мен үшін өте ауыр уақытқа саналды. Тек денсаулық емес, жұмыс, отбасылық жағдай, әлеуметтік мәселелерде де қиыншылықтар кездесті.
Кейін қарап отырсам, екі жыл да екі мүшеліме кірген жылдарыма сәйкес келіп отыр.
Сондықтан мүшел деп жылды белгілеп, оны күтіп алып, шығарып салу ұғымында үлкен мән жатқанын өз басым осылайша сезіндім. Бұл жаста ажал құшқандар туралы деректер көптеп кездеседі. Олардың әрбірінде үлкен мән-мағына жатыр.
Зейнегүл Нұралы, психолог:
– Асыл дінімізде «Алдағыны Алла біледі» десе, психологияда адам санасы өз өмірін жасаушы саналады. Халқымыздың «Жақсы сөз – жарым ырыс» деуі ұқсас үшін айтылған сөз емес, өмір тәжірибесінен туындаған аксиома. Біз санаға қалай әмір берсек, өміріміз солайша өрбитінін қазір көпшілік біледі. Сөз де, ой да заттанады. Айтайын дегенім, «мүшелге толамын», «мүшел жасым еді» деп қауіптеніп, психологиялық күйзеліске өзіңді дайындаудың қажеті жоқ. Ол да қалыпты жыл, қауіпсіз уақыт. Тек өзіңді соған сендіруің керек.
Дайындаған
Алтын МЕЙІРХАНОВА
29 маусым 2019 ж. 2 264 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930