112: Ескертпелер ескерусіз қалмасын
Айлық күткенде не біреуден хабарлама күткенде қалтафонға телміреміз. Сол кезде «тыңқ» еткізген хат 112-ден келеді де «ой басқа кімнен келуші еді» деп қайта жаба саламыз. Аймақта ұйытқыған желден басқа не болушы еді дейміз де мән бермейміз». Неге осындай ескертулерді ескермейміз?
Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті «Қазгидромет» РМК деректері бойынша аймақ тұрғындарының ұялы телефонына дабылды ескертулер, ауа-райының қолайсыздығына байланысты 112 нөмірі бойынша хабарлама таратады. Алайда бұл ескертулерді тұрғындар назарға алмайды. Соның салдарынан өзі зардап шегеді. Мәселен, өткендегі суық пен желдің қатты ұйытқуынан көп нысанның шатыры ұшты. Кешегі қытымырда ескертілген хабарламаға мән бермей, көлікпен жолға шығып, жол апатына түскендер де бар. Бір емес, бірнеше көлік. Көктайғақ болатыны ескертілсе де, бей-жай қараудың салдарынан түрлі оқиғалар орын алуда.
Алдыңғы апта күн суытып, «ессіз» жел есімізді кетірді. Балалар сабағы онлайнға ауысты. Мұндай қытымырда орын алған оқиғалар аз емес. Мәселен, жақында Атырау облысында полицейлер жол бойында қалған 250-ден астам көлік жүргізушісіне көмектесті. Ал Жамбыл облысының таулы аймақтарында тұрып қалған көліктердің саны үш мыңға жетті. Қалың қардан темір жолдар да жабылып, 11 жолаушылар пойызы тоқтады. Түнгі уақытта көлік қатынасы мүлде үзілген Қордай мен Шу аудандарында төтенше жағдай жарияланған. Онда он мыңға жуық абонент жарықсыз отыр. Өзге емес өзіміздің Қызылорда да жол көлік оқиғалары орын алды. Мәселен, С.Бейбарыс көшесінің бойындағы Сырдария өзені көпірінің үстінде жол-көлік оқиғасы орын алды. Ауа райының өзгеруі мен желдің салдарынан «Камаз» жүк көлігінің артқы тіркеме бұрындысы сынып, салдарынан қарама-қарсы келе жатқан екі автокөлікке соққан. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Әлеуметтік желілерде ұйытқыған желден шатыры ұшқан нысандар да таралып жатыр. Төтенше жағдай қызметкерлері мен полицейлер алыс сапарға шықпас бұрын арнайы ескерту хабарламалар таратып жатыр. Құлақ түрер жолаушы болса...
Бізге ескертулер тарататын 112 нөмірі тек хабарламашы емес. Адам өміріне қауіп төнгенде, тек бір ғана құтқару қызметінің нөмірге хабарласуы ғана жеткілікті. Сол кезде білікті маман қажетті құтқару қызметін жолдап, олардың жұмысын қалай орындағанын қадағалап отырады. 112 нөмірінің қоңырауына ұялы телефондар мен кез келген стацио-нарлы телефоннан хабарласуға болады. Нөмірге хабарласу тіптен ақысыз. Тіпті байланыс жоқ жерде, төтенше жағдайларға тап болған кезде де телефон жақын жердегі байланыс арқылы қоңырау шалады. 112 нөміріне телефонда сим-карта жоқ кезде, бірлік болмаған кезде де қоңырау шалуға болады. Көп адам 112 нөміріне хабарласқан кезде, үрейге бой алдырып диспетчердің сұрақтарына дұрыс жауап бере алмай, бағалы уақытын жоғалтып алады. Шұғыл әрекет етуді қажет ететін хабарды түсінікті әрі нақты уақытында жеткізген абзал.
Сондай-ақ құтқарушылар батареялар мен қуыстарда қыстырылап қалған ойын баласына да көмекке келеді. Саусақтары ісініп кетіп, сақиналарын шеше алмаған әйел де құтқарушылардан көмек сұрайды-мыс. Олар далада жоғалып кеткен, қарлы боранда қалып қойған адамдарды іздестіреді. Су тасқыны мен өрт кезінде адамдар мен мүліктерді тасымалдау жұмысын жасайды. Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары тек адамға ғана көмек көрсетіп қоймай, су құбырында қалып қойған мысықтар мен иттерді де алып шығады.
Қауіп айтып келмейтінін білсек, ескертпелерді ескеріп жүргеніміз жөн болар еді.
Айнұр ӘЛИ