Байқауда бақ сынады
Шаң басқан қалың том тарихты ақтарар болсақ, музыка өнері сан ғасырлар бұрын Грекияда пайда болған деседі. Алайда таусылмас азық, жұтамас байлыққа баланған бұл өнер әрбір қазақтың бойына сонау әлімсақтан-ақ дарыған. Содан болар қазақ жерінен шыққан, есімі төрткүл дүниеге мәшһүр музыканттар жетерлік. Әсіресе Сыр өңірінен түлеген, әндері бүгінге дейін шырқалып, ел есінен өшпес орын алған Роза Бағланова мен белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев сынды белгілі азаматтар жұрттың жадында. Осынау мәдениет майталмандары мұра еткен асыл өнерді көзі тірісінде жалғап, аудан абыройын асқақтатып келген, "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісінің иегері Серік Пірімбайды еске алуға арналған облыстық "Шырқа гитара" байқауы өтті.
Қызылорда облысының 85, Қазалы ауданының 95 жылдық мерейтойы қарсаңында өткен кереметтей шара өнерсүйер қауымды аудандық Роза Бағланова атындағы мәдениет үйіне жиды. Серік Елханұлын еске алуға арналған байқауға бергісі Сырдария, арғысы Жалағаш, Жаңақорған аудандарынан талапкерлер қатысты. Ал әділ шешім шығарар қазылар алқасында композитор, «Мәдениет қайраткері», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің және «Еңбек даңқы» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сәбит Ұлықпанұлы, «Мәдениет қайраткері», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, ҚР Компазиторлар Одағының мүшесі Сәукен Әліш және музыкант, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты, «Әуезовтер» жанұялық ансамблінің жетекшісі Арман Әуез сынды мәдениет майталмандары болды.
Байқау шымылдығын ашқан Қазалы аудан әкімінің орынбасары Дәурен Оңғарбайұлы музыкант жайлы жылы естелік айтып, аудан тұрғындарын мерейтоймен құттықтады.
– Ардақты ағайын! Қадірлі өнерсүйер қауым!
Алдымен баршаңызды облысымыздың 85 жылдық, ауданымыздың 95 жылдық мерейтойымен аудан әкімі М.Әуесұлының атынан шын жүректен құттықтаймын.
Мерейтой аясында ауданда жылдың басынан бері арнайы шаралар жоспары бекітіліп, көптеген түрлі бағыттағы мазмұнды, мағыналы іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Сонымен қатар ауданның өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан, өмірден өткен азаматтарды еске алып, олардың еңбегін елге дәріптеу мақсатында да шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі – бүгінгі облыстық деңгейде Серік ағамызды еске алуға арналған "Шырқа гитара" атты гитарашылар байқауы.
Серік ағамыз қызмет бабында да өте жақсы сыйластық танытатын. Ол кісі өзінің асқан сабырлығы, көркем мінезімен, кереметтей өнерімен елге сыйлы болған азаматтардың бірі. Өтпелі өмірінде көптеген жерлерде абыроймен қызмет еткен Серік Елханұлы ауданның мәдениет саласында өшпес із қалдырды деуге болады. Байқауда бақ сынауға келген барша талапкерлерге сәттілік тілеймін. Ағамыздың есімі ұмытылмай, осылай халқының, ұрпағының арасында ардақтала берсін деймін, – деді Д.Тлеуімбетов.
Мұнан соң сахна төріне қатысушылар шақырылып, көрерменге таныстырылып, байқау басталып кетті. Екі кезеңнен тұратын өнер додасының алғашқы айналымында үміткерлер гитараның сүймелдеуімен бір шығармадан орындады. Ал екінші кезеңде еркін тақырыпта гитарашылар немесе әншіні сүйемелдеумен бір әннен орындады.
Осылайша аталмыш байқау өз мәресіне жетіп, әділқазылар шешімі бойынша бас жүлдені қазалылық қос музыкант Ғасырбек Аралхан мен Тұрар Сәдуақас сынды жеңіп алды. Жүлделі бірінші орынды Өмірбек Жанназаров иеленсе, екінші орын сырдариялық Айгерім Хамзаға бұйырды. Ал үшінші орынды Ғабит Өтепбергенов пен Ислам Әнуар өзара бөлісті. Сондай-ақ "Шырқа гитара" арнайы номинациясын Серік Ерболатов еншіледі. Басқа да талапкерлерге алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табысталды.
Байқаудан соң бізбен пікірлескен бас жүлде иегері Ғасырбек Аралхан қуанышымен бөлісіп, жылы лебізін жеткізді.
– Көңіл-күй керемет. Бүгінгідей облыстың 85 жылдығы мен ауданның 95 жылдығы, сонымен қатар Серік ағамызды еске ала отырып, үздіктер үзеңгі қағыстырған байқауда бас жүлдені иемдену біз үшін үлкен мәртебе. Музыканттарда кез келген сайыс алдындағы дайындығыңның көрсеткіші 100 процент болса, сахнада соның 50 процентін ғана көрсетесің деген қағида бар. Сол бір жүздің жартысын болса да ойдағыдай алып шықтық деп ойлаймын. "Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу" деген, осы байқауға қатысарда арқамыздан қағып, белімізді буған Кемеңгер Өтеп сынды ағаларымызға алғысымды айтамын. Алда әлі де біз бағындырар белес көп. Осындай шуақты күндерде көріскенше. Қос тойың қабат болсын, Қазалы! – деді жеңімпаз.
Мұнан соң кеш қонақтары мен қатысушылар марқұмның құрметіне жайылған қонақасынан дәм ауыз тиіп, дастарқан басында Серік Пірімбай жайлы естен кетпес естеліктер мен лебіздер айтылды.
Серік АҚМЫРЗА