Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Спортты серік еткен сұлу

Спортты серік еткен сұлу

Салауатты өмір салтын сақтауда үнемі белсенді іс-әрекетте болу маңызды. Себебі, қимыл-қозғалыс адам ағзасының өсуі мен дамуына ықпал етеді. Сондай-ақ организмнің жұмысқа қабілеттілігін жоғарылатады. Тіпті әр түрлі ауруларға төзімділігін арттырады. Қозғалыс болған кезде ағзада ғана емес, адам өмірінде де оң өзгеріс болмақ. Ал егер адам йогамен айналысар болса, онда ол саналы түрде жақсы жаққа өзгереді. Расымен, физикалық тұрғыдан белсенді болған адам өзінің адами ресурстарын тиімді пайдалана біледі. Ал йога жан мен тәннің бір толқында әрекет етуіне ықпал етіп қоймай, үйлесімді өмір сүруіне үндейді. Өмірде бәрі бір-бірімен астасып, үйлесім тауып жатқанын қаламайтын жан жоқ шығар. Сондықтан да болар бүгінде йогамен шұғылданатындар қатары көбейген. Тіпті оны кәсіби түрде меңгеріп, оны өзгелерге үйретіп жүргендер де аз емес. Солардың қатарында қазалылылық жас Гүлбаршын Нұрланқызы да бар.
Жалпы йога түсінігі бәрімізге таныс болғанымен, бұл спорт түрі туралы көпшілік толыққанды біле бермейді. Дегенмен осы бір таңсық дүниені түйсінуге, қазалылықтардың йогаға деген қызығушылығын оятуға Гүлбаршын себепкер десек артық айтқандық емес. Тіпті осы бір ілімді меңгертуде, жұртшылықты салауаттылыққа апаратын сүрлеуге бағыттауда оның үлесі зор деуге болады. Себебі йоганы меңгеруге ниеттілердің қарасы қалың. Оны Гүлбаршынның үйірмесіне жазылуға сұранып, бірақ орынның бос болмағандығынан аңғардық. Осы орайда көппен бірге менің де қызығушылығымды оятқан спорт түрі туралы толығырақ білмек ниетпен йога үйірмесіне барып, тақырып төңірегіндегі сауалдарға жауап алуға тырысқан едік.
«Сенім» өнер-білім орталығының ғимаратында орналасқан «yoga_kazaly» үйірмесіне барғанымыз сол екен, Гүлбаршын кезекті тобымен сабағын аяқтап жатыр екен. Кейіпкерімізбен танысып, әңгімеге тарттым. Бір демнен ашыла сөйлесе кеткен жас ару қаз-қатар қойылған сұрақтарға тосылмай-тосырқамай жауап берді. Сөз саптауында сауаттылық барын аңғардым. Таңданғанымды жасыра алмай, «Сен расымен йога маманысың ба?» деген тосын сауалыма ол жымиып тұрды да: «Мен негізінен тіл маманымын» деп жауап қатты. «Қалай сонда?» деп таңданғаным рас. Сөйтсек, біз таныған шынашақтай қыздың негізгі мамандығы йога нұсқаушылығынан мүлдем алыс екен. Гүлбаршын Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті педагогтарын даярлау» мамандығы бойынша 6 жыл оқып, бакалавр және магистратура дәрежесін алған. Ал бүгінде Е. Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде ұстаздық етіп жүрген жайы бар. Бірақ ол қосымша жұмысын да ұмыт қалдырған емес. Себебі ол йоганы ерекше жақсы көреді. Тіпті екі мамандықты бір-бірінен бөле жарған емес. Оның айтуынша, қос қызметтің өзіндік ортақ тұстары да бар екен.
– Жасырмаймын, көпшілігі «осы екі жұмысқа қалай үлегересің?» деп жиі айтады. «Қиындық тудырмай ма?» дейтіндері де жоқ емес. Мен оларға мүлдем кедергі келтірмейді деп жауап беремін. Себебі екеуі бір-біріне кедергі келтірмейтіндей етіп күнімді жоспарлап қоюды әдетке айналдырғанмын. Соның арқасында бәріне үлгерудемін. Ал екеуінің ортақ тұсы ол – түсіндіру, үйрету. Сондықтан болар бұл жағынан қиындық жоқ. Әрине, адам болған соң, физикалық тұрғыда шаршау, ұйқы қанбау деген сынды мәселелер болып тұрады. Бірақ адам уақытын дұрыс жоспарласа, екі жұмысты да жүйелі ұйымдастыруға болады, – дейді Гүлбаршын бізбен әңгімесінде.
Гүлбаршынмен әңгімеміздің төркіні йога жайында болғаннан кейін оның бұл жолға қалай келгендігін сұрамасақ орынсыз болар еді. Айтуынша, оның йогаға деген қызығушылығы «Іnstagram» әлеуметтік желісінде бір фото бейнені көргеннен басталған.
– Жалпы мен көп нәрсеге фото, видеодағы бейнелерді көру арқылы қызығамын. Бірде «Іnstagram» әлеуметтік желісін парақтап отырып,бір қыздың «бакасана» қалпында тұрған кейпіне кезігіп қалдым. Дәл сол бейнеден соң, менің йогаға деген қызығушылығым ояна бастады. Сол қыздың жасағанын қайталағым келді. Бірақ бұл бірден мүмкін болмады. Ол үшін 2019 жылы арнайы йогаға қатысып бастадым. Сонда жүріп жақсы нәтижелерге қол жеткіздім. Екі айдың ішінде өзім қатысып жүрген студиядан маған тренерлікке ұсыныс түсті. Сөйтіп сол жылдан бастап мен осы салада жұмыс жасап келемін. Йога үнемі ізденісті талап етеді. Сондықтан білімімді жетілдіру үшін йоганың аштанга, стретчинг түрлері бойынша 15 жылдық тәжірибесі бар білікті мамандардың курсынан өттім. Сондай-ақ Астана қаласындағы «X-stretch» студиясының тренерлерінен де сабақ алдым. Сонымен бірге Халықаралық «My yoga school» атты курсты тәмамдап, әлемнің кез-келген жерінде йогадан тренер болуға сертификат алдым, – дейді ол.
Гүлбаршын бүгінде сол үздіксіз ізденісі мен тынымсыз еңбегінің жемісін көруде. Өйткені өзі меңгерген ілімінің арқасында біршама жанды йогаға үйретіп жүр. Бүгінде оның үйірмесінде 50-ге жуық адам бар. Онда олар гимнастика және йогадан сабақ алады. Айтуынша, гимнастика бойынша 5-10 жас аралығындағы қыздар үйірмеге қатысса, ал йогаға 20 жастан жоғары қыз-келіншектер қатысады.
Йогаға денеңді бір демде үйрету мүмкін емесі анық. Оған икемділік те қажет. Гүлбаршын дәл осы спорт түріне ынталы болуының себебін бала күннен гимнастикаға жақын болғандығымен байланыстырады. Сондықтан да болар ол аз уақыттың ішінде йоганы оңай меңгерді.
– Неге екенін қайдам, мені осы спорт түрінен басқасы қызықтырмайды. Себебі мұнда жеңілдік бар. Денеңе ауырлық түсірмейсің. Білесіз, көптеген спорт түрлерінен жарақат алу қаупі жоғары. Ал йогада өз межеңе денсаулыққа ешқандай зиян келтірмей-ақ жетуге болады. Оның үстіне йога денсаулығыңның сау болуына ерекше маңыз береді. Яғни денеңе өзің көтере алмайтын күш салмайсың. Егер мұнымен үздіксіз шұғылдансаң, өзің қалаған нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар. Тек бәрі үздіксіз әрі үзіліссіз болуы шарт, – дейді йога нұсқаушысы.
Нұсқаушы болу, адамдарға жаңа дүниені үйрету анау айтқандай оңай шаруа емесін білеміз. Бірақ Гүлбаршын үшін бұл мәселе еместей көрінді. Себебі айтпаса да түсінікті. Өйткені жас маман өз ісін шын сүйеді. Ал мамандығын сүйгендер қандай қиындыққа да шыдас беретіні белгілі. Мұны мамандыққа деген адалдық десек жарасатындай. Үйірмеге келушілермен жылы қарым-қатынас орнатып, білгенін үйретуге асығып тұратындығы Гүлбаршынның өз жұмысына құштар екендігін аңғартады. Ал құштарлық адамды алға қарай жетелейді. Сондықтан да болар ол бүгінгі деңгеймен тоқталып қалғысы келмейді. Алға қойған мақсаты да тым биік.
– Менің басты мақсатым – адамдардың тәнін күтуіне көмектесіп қоймай, олардың сыртқы ортамен теңгерімді ұстап тұруына, өмірге оптимизммен қарауына ықпал ету. Осы дүниелерді орындай алсам, мақсатымның орындалғаны. Әрине, бұл бір күндік шаруа емес. Бұл жолда біраз тер төгіп, әрі қарай еңбектене беремін, – дейді Гүлбаршын.
Кейіпкерімізбен сөз арасында алдағы жоспарын да сұрағанбыз. Байқағанымыздай, ол ойға алған ісінің орайлы мүмкіндігін күтіп жүргенге ұқсайды. Егер бәрі оңынан болса, болашақта жеке студия ашып, флай йоганы жұртшылыққа үйретуді діттеп жүр. Көздегеніне жетпей тынбайтын еңбекқор қыздың көпшіліктен сүйінші сұрайтын күні алыс емес деп сенеміз.
Арайлым ЖҮСІПОВА
17 қазан 2023 ж. 281 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930