Қиын саланың қырағы маманы
Азамат Мұратұлы Қазалы аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, полиция аға лейтенаты. Құқық қорғау саласында еңбек ететін жанның күнделікті жұмысы қауырт. Ол уақытпен санаспайды. Сағаттың ерте-кешін күтпестен өзіне артылған жауапкершілікті тиянақты орындайтын полицейдің жұмыс барысымен таныспақ ниетте жолықтық.
Әңгімешіл, әзілге жақын Азамат бұл ұсынысымызға қарсылық танытпады. Онымен әңгіме барысында басынан өткен оқиғалармен бөлісе отыруын сұрадық.
– Алғаш еңбек жолым Жалағаш ауданында басталды. Ол жақта бір жарым жыл жұмыс істеген соң Қазалыға ауыстым. Біз күнделікті түрлі оқиғаларға куә боламыз. Жұмыстан шаршадым демеймін. Себебі жүрек қалауыммен келген мамандығым. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты міндетіміз.
Бірде мынадай оқиға болды. Өзімнен екі-үш үй ілгері тұратын көршімнің азық-түлік сататын дүкені бар еді. Бір күні сағат түнгі екілер шамасында сол үйге ұры түсіпті. Қыстың күні болатын. Он қорап окорочка дәл шарбағынан ұрланыпты. Ұялы телефоныма хабарласқан соң лезде іске кірістім. Үйінің жанына бейнекамера орнатқан екінші көршім болатын. Сол камера арқылы із қуаладым. Көлік орталыққа келген. Сұлбасы көрінгенмен нөмірі мүлдем байқалмайды. Дегенмен табандылықтың арқасында барлығы оңынан шешіліп, көлікті тауып алдық. Көлік айдап жүрген жігіттің анасының атында екен. Ұрлыққа барған жас жігіт өзіне тағылған айыпты толығымен мойындады. Қылмыстың ізі бір күнде анықталғанымен нақты көз жеткізу үшін үш күнге созылып кетті. Сол күндері ұрлық жасаған адамды тез арада әшкерелей алмадым деп көршімнен қуыстанып жүрдім. Ақыр соңы не керек ұрлық жасағандар дүкен иесінен кешірім сұрап, екі тарап татуласқан еді. Менің мақсатым қылмысты ашу. Әрі қарайғы жұмыс кезең-кезеңімен жауапты адамдардың қолына өтеді, – дейді Азамат Мұратұлы.
Қоғамдық тәртіпті сақтау, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыспен күресу, өз аймағында қылмыс болған жағдайда ізін суытпай тез арада ашу – учаскелік полиция инспекторының басты міндеті. Бұдан бөлек жәбірленушілердің арыз-шағымдарын қабылдап, құқық бұзушыларға хаттама толтырып, тиісті шара көруде испектор атқаратын қызметке жатады.
Өздеріне бекітілген әкімшілік аймақты толықтай аралап, тексеріп, оқыс оқиғаның орын алмауы үшін жұмыс жасайтын учаскелік полиция инспекторлары мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған азаматтардың да үйлеріне барып тексеріп, ішімдікке бейім адамдарды бақылауда ұстайды.
«Жұмыс істеген бес жылдың ішінде қылмыстың қай түрімен жиі ұшырастыңыз?» деген сұрағымызға Азамат Мұратұлы ойланбастан: «Ұрлық көп болады. Менің учаскем базар маңы болған соң осы жерлерде үлкенді-кішілі ұрлық оқиғасы жиі орын алады. Бірде алтын бұйымдары, бірде велоспиед ұрланды. Айта берсең оқиға көп», – дейді полицей.
Азамат өз жұмысының қиындығы мен қатар қызықты сәттері болатындығын да жасырмады. «Бірде мал ұрлығы болды. Қасымда серіктес жігіт бар қылмысты ашуға кірістік. Көше кезіп, ілік іздеп әлекпіз. Бір кезде сәл демалып алайық деп аялдап тұрсақ бір кісі жүгіріп келіп: «Жігіттер сендер осы аймақтың учаскелік полицейісіңдер ме? Кеше бір сиыр бұзауымен осы маңда жүр екен. Қорама апарып қамап қойдым. Адасып кеткен болса керек. Сол бұзаулы сиырдың иесін тауып беріңдерші», – деді. Біздің де іздегеніміз алдымыздан шығып, қуанып кеттік, – деп күліп алды Азамат Мұратұлы.
Өзін өнерлі отбасында дүниеге келдім деп таныстырған Азаматтың әкесі Мұрат Жебе белгілі муызка маманы. Қорқыт ата атындағы аудандық музыка мектебінде қызмет етеді. Ал анасы Роза Әли жеке кәсіппен айналысады. Азамат отбасындағы төрт баланың ортаншысы. Келіншегі Айгерім Иса ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.
– Отбасым жұмысыма үйренген. Ерте кетіп, кеш келу біздің жұмыста таңсық емес. Әкем-анам үнемі әділ, шыншыл болуға баулыды. Үйде барлығы музыкаға жақын. Мен де бес жыл музыка мектебінде тәлім алдым, – деген Азамат облыстық ән байқауларда бақ сынап, жеңімпаз атанған. Спортпен күнделікті щұғылданатын жас қолы қалт еткенде домбыра тартып, гитарамен ән салады.
– Бір жолы ломбардта жұмыс істейтін бір қыз бала таксиге отырады. Содан такси жүргізушісіне: «Мен «М-бай» кафесіне анама жолығып шығайын сәл күте тұрсаңыз» деп кіріп кетеді. Ішке кірген қыз ұзап кеткен соң такси жүргізушісі: «Мына қыз менің ақшамды төлемей алдап кетті» деп ойлап, кезекті тапсырысты қабылдап, кетіп қалады. Қыз шықса, такси жоқ. Ол таксиде қыздың ішінде 816 мың теңгесі бар сөмкесі қалып қояды. Содан не керек жанұшыра 102-ге хабарласады. Біздің жігіттер жедел жетіп, іздеу жұмыстарына кіріседі. Ол кезде мен бейнабақылау камераларымен жұмыс жасайтынмын. Камераның көмегімен әлгі көлікті анықтадық. Арада екі сағат өтті. Такси жүргізушісінің нөмірін тауып, хабарласып, полиция бөліміне келуін сұрадық. Көлік келісімен артқы жағын қарадық. Сөмке, пакет өз орнында екен. Екі сағатта такси жүргізушісі Қазалы қаласына, Құмжиек ауылына барған. Бұйырған деген ақша өз орнынан табылды.
Такси жүргізушісі: «Қыз ақша төлемей қашып кетті», Ал қыз: «Менің ақша толы сөмкемді ұрлап кетті» деген күдікте болды. Алайда барлығы сәтті аяқталды, – дейді Азамат Мұратұлы.
Қырағылық пен төзімділікті талап ететін салада сапалы еңбек ету Азаматтың өзіне қойған басты талабы. Бүгінде толықтай қызметтік көлікпен қамтылғандықтарын жеткізген маман қылмыстың дер кезінде ашылуы және жұмыстың жүйелі жүруі үшін аудандағы 15 камераның аздық ететінін тілге тиек етті. Алайда келешекте бұл мәселе де өз шешімін табады деген сенімде.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА