Елімізде енді жеке құжаттардың көшірмесін жасауға тыйым салынады
Енді жеке құжаттардың көшірмесін жасауға тыйым салынады. Бұдан былай ешқандай мемлекеттік орган немеке жеке кәсіпкерлік субъектілері азаматтың дербес деректері сақталған құжаттардың қағаз нұсқасын сұрай алмайды. Бұл туралы stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл норма қазақстандықтардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамыз ету үшін енгізілмек. Өйткені соңғы жылдары қарапайым қазақстандықтарға, тіпті мемлекеттік органдарға кибершабуылдардың көбеюде.
Бұдан былай жеке құжаттардың көшірмесін жасауға және өңдеуге тыйым салынады. Сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық қауіпсіздік орталығы құрылады. Бұл ведомство дербес деректердің айналымы мен сақталуын бақылайды.
“Заңдарда қарастырылған жағдайды қоспағанда, жеке басын куәландыратын құжаттардың қағаз көшірмелерін жинауға және өңдеуге тыйым салынбақ. Бұл азаматтардың дербес деректерін басқа мақсаттарда қолдануына жол бермеу үшін жасалады. Бұған байланысты иммигранттар, резидент еместер бар, көшіп келушілер бар олардан талап етіледі”, – деді Парламенті мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов.
Депутат Екатерина Смышляеваның айтуынша, қазір Egov порталында несие алудан ерікті түрде бас тарту тетігі енгізілген. Енді атына кредит рәсімдеуге тыйым салу қызметіне құқықтық мәртебе беріледі. Сол арқылы интернет алаяқтардың дербес деректерді пайдалануы шектелмек.
“Бұл қызмет қазірдің өзінде қолжетімді. Енді заң аясында құқықтық мәртебе береміз. Демек банктер тұтынушының кредиттен бас тартқанын есепке алуға міндетті болады. Әрбір оператор реттеушіге дербес мәліметтердің таралғаны жайлы үш күн ішінде хабарлауға тиіс”, – деді депутат Екатерина Смышляева.
Сондай-ақ жеке мәліметтер жариялануы мүмкін мемлекеттік корпорациялардың қызметі мемлекеттік қызметпен теңестіріледі. Сәйкесінше, әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілік артады. Ал "дербес дерек" ұғымына нақты анықтама берілген соң, маңыздылығына қарай айыппұл көлемі ұлғайтылмақ.