Табыс табу кімнің мойнында?
Бағзы заманнан қалыптасқан жүйе бойынша – ер адам шаңырақтың асыраушысы, ал әйел ұйытқысы саналады. Дегенмен сол уақытта әйелдер тек отбасы, ошақ қасынан табылды деп айту қиын. Себебі ерлері түзде жүргенде әйелдер де құр қол қарап отырмаған. Ал қазір ше? Бүгін де қыз-келіншектердің көбі қаржылай тәуелсіз болып, табыс табуға дағдыланған. Әйтсе де біздің қоғамда «табыс табу ер азаматтың мойнында» деген стереотип әлі де өзектілігін жоймай тұр.
Осы орайда, тұрақты оқырмандарымызға «Табыс табу кімнің мойнында?» деген сұрақ төңірегінде сауалнама жүргізген едік. Олардың бір бөлігі – әйелдің үйде отырып, бала тәрбиесімен айналысқаны дұрыс, бала-шағаны асырау ер-азаматтың міндеті десе, ал екіншілері – әйелдің өз қажеттіліктерін қанағаттандыруға құқығы бар. Олар да қаржылай еркіндікте болғаны дұрыс. Сондықтан жұмыс істеп, табыс тауып жатса, еш сөкеттігі жоқ дейді. Ал үшіншілері – отбасында тек бір ғана адам жұмыс істеп, табыс табатын болса, үйдегі экономикалық ахуал тұрақсыз болмақ. Сондықтан қазіргі заманда әйел де, еркек те табыс табуға ұмтылуы тиіс дейді.
Иә, оқырмандарымыздың пікірі түрліше. Бірін дұрыс не бұрыс дей алмайсың. Әрқайсының мұндай пікір білдіруінің астарында үлкен мән бар.
Расымен, әйел адамның басты міндеті – тұрмысқа шығып, өмірге ұрпақ әкелу, оны тәрбиелеу. Ал оларды барлық жағынан қамтамасыз етіп, қажетін өтеу ер-азаматтың ісі. Десек те, бүгінде бұл құндылықтар керісінше көрініс тауып жатыр. Еркек тұлғасының, парасаттылығының өзгеруі, ұсақталуы сынды дүниелер әйелдердің еріксіз ерлермен орын ауыстыруына түрткі болып отырғандай. Бір өкіншітісі, бұған кейбір ер-азаматтар қалыпты жағдай ретінде қарайды. Тіпті таңнан кешке дейін үйдің тірлігімен айналысып, әйелін жұмыстан күтіп алуға да қымсынбайды. Өзінен артық табыс тапқанына да намыстанбайды. Олардың мұндай жауапкершілікті арқалауда енжарлық танытуына не себеп? Психолог маманның айтуынша, көп жағдайда бұған нәзікжандылардың өздері себеп болатын көрінеді.
– Расымен, ер адамды енжарлыққа итермелейтін көбіне әйелдердің өздері. Мұнымен көпшілігі келіспеуі мүмкін. Десе де бұл факт. Ер адам әркез қолпаштағанды, оған артық демеу көрсеткенді жақсы көреді. Әйелдер көп дүниені өздерінің мойнына жүктеп алғандықтан, ерлердің ақша табу ниетін басып тастап жатады. Мұндай болмас үшін әркім өзіне тиісті дүниемен айналысуы қажет. Отбасын құрғаннан бастап ерлі-зайыптылар өздерінің міндеттерін бөліп алса, дұрысырақ болмақ. Мұнымен әйел адам жұмыс істемесін, табыс таппасын деп тұрғаным жоқ. Әйтсе де, әйел адам отбасы мен таным таразысындағы теңдікті назардан тыс қалдырмауы тиіс. Оның үстіне, қазақ танымында «еркектің тапқанында береке бар» деген тәмсіл бар. Әйел адам өмір бойы табыс тапса да, әдеттегі табыс тапқыш ерлердің табысынан анағұрлым аз табатынын да ұмытпаған жөн болар. Сондықтан қыз-келіншектер барлық жүкті өзі арқалай бермей, ерінің табыс табу потенциалын ашуға күш жұмсағаны абзал. Сонда ғана балаларының да, өзінің де болашағын қамтамасыз ете алады. Тек мұны айламен емес, ақылмен жасау керек, – дейді психолог маман Айдай Нағыметқызы.
Халқымызда «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген даналық бар. Жаһандану дәуірінде кім-кімнің де табыс тапқаны олжа. Ол мейлі ер, мейлі әйел адам болсын. Оның үстіне қазіргі заманда ешкімнің шекесі шылқып жүрмегені айдан анық. Мұндайда табысты «сен тап, мен тап» деп босқа дауласып, санасып отыру жараспайды. Керісінше, екі жақтап жүріп, табыс табуға талаптанған жөн дейді кент тұрғыны Алмагүл апа.
– Бұрынырақта қыз баласының жұмыс істегенін көпшілік құптамайтын. Әйел отбасы, ошақ қасынан табылу керек дейтін. Ал қазір заман мүлдем басқа. Өз басым әйелдің де, ерлермен қатар табыс табуын дұрыс көремін. Мұны кейбіреулер бұрыс түсінуі мүмкін. «Бәрі жетіп тұрса, неге үйде отырмайды?» деген сарындағы пікірлер де айтылып жатады. Десе де, қазіргі уақытта екеудің де жұмыс істегені дұрыс. Оның үстіне, отбасылық жауапкершілікті бір адамға артып қоймай, сен де үйге табыс әкеліп жатсаң, несі жаман?!
Бірақ адамға ештеңе жақпайды ғой. Кейбір әйелдер «күйеуім менен аз табады» деп налиды. Меніңше, бұл дұрыс емес. Біреуіміз озып, біреуіміз қалдық деген әңгіме мүлдем болмау керек. Ер азамат табандылықты өзінен талап етсе, үлкен табыстарға жете алады. Тек ол үшін әйел де «мен көп табыс табамын» деп дандайсымай, күйеуінің тапқанын берекелі етуді ойлауы керек. «Сен біздің малтабарымызсың» деп көтермелесе, тау қопармайтын еркек жоқ, – дейді кент тұрғыны.
Иә, бүгінгі қоғамда әйелдің тапқан табысына ешкім таласа алмайды. Бірақ осы дүниені желеу етіп, олардың көбі отбасы, бала тәрбиесінен алшақтап жатқандай. Сөз жоқ, қоғамның қай саласында болмасын әйелдер ерлермен бірдей иық тірестіріп жүр. Әйтсе де, «гендерлік теңдік» деген дүние қазақы танымнан алыстатып жатқанын да айта кету керек. «Еркекке қаржылық тұрғыда тәуелді болғым келмейді» деген ойдың жетегінде жүріп, қыз-келіншектердің дені өмірлік құндылықтардың игілігін көруден тысқары қалып жатыр.
– Иә, әйел заты қашаннан тынымсыз. Олар барлық жағынан жан-жақты. Бірақ табыс табамын деп тыраштанып, үйдің тірлігінен қол үзіп, тек жұмысқа бас қою, бала тәрбиесіне де салғырт қарау сынды дүниелер отбасылық үлкен мәселеге әкелуі ғажап емес. Мұнымен әйел қоғамға араласпасын деуден аулақпыз. Олардың негізгі миссиясы – отбасы жылуын сақтап, күйеуінің тапқанына ризашылық білдіріп, үйдің берекесін келтіру. Осыны басты ұстаным етсе, жақсы болар еді, – дейді Жұбандық есімді ақсақал.
Бүгінгі тақырыпты барынша жан-жақты қарастыруға тырыстық. Пікірлер бірде бір арнада тоғысса, ал кейде қақ жарылды. Қанша адам болса, сонша пікір дегенімізбен ойлардың тоғысы мынаны меңзеп тұрғандай. Мәселе кімнің тапқанында емес, оны кімнің қалай жаратқанында. Кім қанша тапса да, оны ақылмен жұмсап, таразы басын тең ұстауға талпынайық, ағайын.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ