Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көлік тізгіні кімде?

Көлік тізгіні кімде?

Бүгінде елімізде әрбір бесінші әйел автокөлік тізгіндейді. Ер азаматтармен иық тіресіп, көлік басқарған қыз-келіншектердің саны артқанына да куәміз. Қазақ тарихында ат құлағында ойнап, жалын тартқан бұрымдылардың ізін жалғаған бүгінгі арулардыңкөлік тізгіндеуі әбестік емес десек те, қоғамда бұған қатысты екіұдай пікір қалыптасқан. Бірі – әйелдердің мұнысы дұрыс десе, екіншісі қыз-келіншіктердің әрекетін құптамайды. Ендеше «Көлікті кім тізгіндегені дұрыс?» деген сұрақ төңірегінде ой өрбітіп көрелік.
Рөлде отырған аяулыларды көргенде таңғалыс білдіретін уақыт кеткелі қашан?! Қазір олардың басым бөлігінің таксист болып жүргендігі де таңдай қағып, таңырқамайтын жағдайға айналды. Жігіттердің арасында жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша әйелдердің рөлге отыруына қарсылық білдіргендер саны басқаларынан көптігін байқадық. Кейбірі мүлдем келісім бермейтіндіктерін де атап өткен. Ал енді бірі өз бақылауымен көлік басқаруына келіссе, аз бөлігі ғана қыздардың көлік тізгіндеуіне қарсы еместігін жеткізген.
Ер азаматтар қанша жерден қарсылық танытса да, сұлулардың көлік жүргізуге деген қызығушылығын түсінуіміз керек. Кейбіреулер мұны жай құмарлыққа балайды. Бірақ бұл пікірмен әйелдер қауымы келісе бермейді. Мұны олар заман талабымен байланыстырады.
– Темір тұлпарды тізгіндеу бүгін ғана пайда болған дүние емес. Бұған дейін де болды. Тарихтан да білеміз, сонау алмағайып уақытта елде бас көтерер ер-азаматтар соғысқа аттанып, шаруашылықтағы ауыр жұмысты игеру әйелдерге жүктелген-ді. Сол уақытта аналарымыз тракторды тізгіндеп, штурвал игерді. Ал оның қасында қазіргі жеңіл көліктерді тізгіндеу аруларға қиындық тудырмаса керек. Ер-азаматтардың көпшілігі әйелдер көлікті сән үшін, мақтаныш үшін тізгіндейді деп есептейді. Меніңше, бұл қате пікір. Қазір замана талабы көп дүниеге үлгеруді қажет етеді. Осындайда үйде көлік болып, оны әйел адам тізгіндесе еш әбестік емес деп санаймын. Өзім 11 жыл көлемінде көлік тізгіндеп келемін. Балаларымды балабақшаға, мектепке апарып-әкелу, жұмысқа барып-келу, қонаққа бару, дүкенге соғу, дәрігердің қабылдауына үлгеруде көлік тізгіндеудің тиімділігі зор. Жолдасым жиі іссапарда жүргендіктен, мұндай тірліктерді өзім атқарамын. Сондықтан бәріне үлгеруім үшін еріксіз рөлді ұстауға тура келеді. Жолда аса байыппен, жылдамдықты асырмай жүруге тырысамын. Бұл бірінші жауапкершілік, екінші сақтық үшін керек, – дейді кент тұрғыны Айжан Әділбекқызы.
23 жылдан бері көлік жүргізіп келе жатқан Айбол есімді азамат қыз-келіншектердің көлік тізгіндеуін құп көрмейтіндігін айтты. Оның айтуынша, көлік жүргізу көзге жеңіл дүние болып көрінгенімен, жұрт айтқандай оңай шаруа емес.
– Тәжірибелі көлік жүргізуші ретінде айтар болсам, көбіне көлік тізгінінде әйел адам болғанда жолда тосын жағдайлар жиі орын алып жатады. Мұндайда олар өздерінің ойын бір арнаға дереу шоғырландыра алмайды. Ал ерлер кез келген жағдайда салқынқанды кейіп танытып, жағдаяттан шығудың амалдарын қарастырады. Мұнымен мен әйелдер көлік мүлдем басқара алмайды деуден аулақпын. Тек олардың осындай сәттерде тосылып қалатындығын, соның салдарынан келеңсіз жайттарға тап болып жататындығын айтқым келеді. Әсіресе, қазіргідей қыс мезгілінде «мен» деген тиянақты жүргізушінің өзі жолдан тайып жататын сәттері аз болмайды. Сондай кездерде тығырықтан жол тауып жатса, әрине жүргізуіне еш қарсылық жоқ. Дегенмен нәзікжандылардың нәзіктігін сақтап, үйдің де, көліктің де тізгінін ер азаматтарға бергенін жөн деп есептеймін, – дейді Айбол.
Елімізде жүргізуші куәлігін алуға 18 жасқа толған кез келген адамның құқығы бар. Ол үшін автокөлікті жүргізудің теориялық және практикалық курсынан өту және жол қозғалысы ережесі туралы емтихан тапсырса болғаны. Осы ретте көлік жүргізуді үйренушілер арасында ер мен әйелдің басымдығы жайлы білу үшін «Отан-Қазалы» оқу-өндірістік жауапкершілігі шектеулі серіктесігінің директоры Жетеу Ерекешовке хабарласқан едік.
– Автомектепке келушілердің 50 проценті әйелдерді құрайды. Қазір екі топ бойынша курс жүріп жатыр. Әр топта жалпы 20 адам десек, оның 8-і қыз-келіншектер. Көпшілігінің көкейінде «әйелдер көлік жүргізуді ерлермен салыстырғанда ұзақ үйренеді» деген қасаң пікір қалыптасқан. Керісінше, көп жағдайда арулар теориялық білімді тез меңгеріп, оны жақсы ұғынады. Мұны өз тәжірибемізде жиі аңғарып жүрміз. Берілген нұсқаулықты ұқыпты орындап, көлік жүргізуші куәлігін оңай алуда. Жалпы көлік тізгінін еркек қана тізгіндеу керек деген өткенннің еншісінде қалған ұғым деп білемін. Егер ережені еркін меңгеріп, заң талаптарын бұлжытпай жүргізсе, қай-қайсының да рөлді иемденуге толық құқығы бар деп санаймын, – дейді Жетеу Сүлейменұлы.
«Көлік рөлі кімдікі?» деген сауал турасындағы екі ұшты пікірдің бір арнада тоғысуы әсте мүмкін емес. Бұл тақырып бүгінгі ой талқымен де шешіле қоймасы анық. «Рөлге кім лайық?» деген текетірісте тапталмауды қаласаңыз, тізгінге таласпай, көлік жүргізуде ең алдымен келеңсіздікке ұшырамауды ойланған абзалырақ.


Арайлым ЖҮСІПОВА
19 ақпан 2023 ж. 637 0

Әлеуеті артқан ауыл

26 қараша 2024 ж. 32

Ереулі атқа ер салмай...

26 қараша 2024 ж. 29

Агросалада қарқын бар

26 қараша 2024 ж. 33

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930