Қазақстан жемқорлық ең көп жасалатын елдер қатарында: Антикор түсініктеме берді
Жақында америкалық US News журналы сыбайлас жемқорлық аз елдердің рейтингін жариялады. Онда Қазақстан тізімнің соңында – 87 елдің арасында 75-ші орында болды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасының кеңесшісі Арман Тілеукенов бұл жаңалыққа қатысты Facebook-тегі парақшасында пікір білдірді, деп хабарлайды inform.kz.
А.Тілеукенов америкалық журнал жүргізген сауалнаманы зерттегенін жазды. Оның айтуынша, сауалнама жемқорлықтың жай-күйі бойынша ресми түрде бар рейтинг ретінде ұсынылмаған.
«Әріптестерім неліктен бұл рейтинг аталған елдердегі сыбайлас жемқорлық деңгейін анықтайды деген қорытындыға келгенін білмеймін. Ол мемлекеттердің сыбайлас жемқорлық деңгейін бағалау әдістемесіне негізделмеген және мұндай мақсатты көздемейді. Бір қызығы, бағаланған елдердің тізімінде небірі 87 мемлекет бар. БҰҰ-ға мүше 190-нан астам мемлекет болса да, қалған елдердің бұл тізімнен неліктен шығарылғанын тек сауалнама авторлары ғана біледі», - деп жазды ол.
Ол сондай-ақ сауалнама 10 санат бойынша жүргізілгенін атап өтті.
«Бірақ «туризм», «бизнеске ашықтық», «озық» категориялары түсінікті, ал сыбайлас жемқорлық деңгейін «сексуалды» шкаласы бойынша қалай анықтауға болады? Сауалнама авторларының бағасына қарағанда, біз сексуалды халық емеспіз, бұл шкала бойынша бар болғаны 3,7 пайызға бағаландық. Төмендегі скриншоттарда сандар көрсетілген», – деп жазды А.Тілеукенов.
Ол тағы бір маңызды фактіні атады: 87 мемлекетті бағалауға небәрі 36 елдің тұрғындары қатысқан.
«Яғни, респонденттердің арасында 51 елдің азаматы жоқ. Бұл сауалнамаға қатысқандар Қазақстанға мүлдем келмеген болуы мүмкін дегенді білдіреді. Ал баға тек үшінші тұлғалардың сөздерінен немесе ашық дереккөздерден, оның ішінде «Борат» фильмінен алынған ақпарат арқылы берілген», - деп санайды пост авторы.
Оның айтуынша, рейтинг елдердің сыбайлас жемқорлық деңгейін анықтау үшін емес, елге туристік мақсатта әлеуетті бару немесе мұнда тұру мүмкіндігін бағалау үшін жасалған. Сондай-ақ автор қазіргі кезде бірде-бір рейтинг елдегі сыбайлас жемқорлықтың нақты деңгейін бағаламайды, тек сол немесе басқа адамдар тобының оны қалай қабылдайтыны туралы ақпарат береді деп қосты.
«Сыбайлас жемқорлықты қабылдауды бағалаудың жаһандық институттары бар – олар Транспаренси Интернешнл сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі, Дүниежүзілік банктің сыбайлас жемқорлықты бақылау индексі, сыбайлас жемқорлықтың болмауы туралы заңның үстемдігі индексі (World Justice Project). Бұл ретте, US News рейтингімен салыстырмалы талдау көрсеткендей, жекелеген елдердің бағалануы бір-біріне мүлдем қарама-қайшы.
Мәселен, бұл рейтингте 75-ш орында тұрған Қазақстаннан Мысыр (47), Украина (48), Филиппин (56), Әзербайжан (62), Өзбекстан (68), Гондурас (70) жоғары тұр.
Ал Транспаренси Интернешнл сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде Қазақстан 101-ші орында, ал Мысыр 130-шы, Украина және Филиппин 116-шы, Әзербайжан 157-ші, Өзбекстан 126-шы, Гондурас 157-ші орында, яғни бұл елдер әлдеқайда төмен көрсеткішке ие» , - деп түсіндірді А.Тілеукенов.
Сөз соңында А.Тілеукенов бірқатар қазақстандық БАҚ-та жарияланған «жемқор елдердің» тізімі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды және нақты жағдайды көрсетпейді деп мәлімдеді.
«Бірақ мен басқа нәрсе - БАҚ «кликбэйт» қалай жұқтырғанына, сосын кейбір қандастарымыз «бораттандыруға» қалай беріліп кеткеніне таңқалып отырмын. Олар өз елін күлкіге айналдырумен әлек. Бірақ, өкінішке орай, біз нәтижелер туралы қалай айту керектігін білмейміз. Сыбайлас жемқорлықпен күресудің тиімді әдістерінің бірі – цифрландыру. Бұл жерде де жеңістеріміз бар. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан онлайн қызметтер индексі бойынша 8-ші орынға және «Электрондық үкіметтің даму индексінде» 28-ші орынға ие болды», - деп түйіндеді пост авторы.