Неге концерт көре алмаймыз?

Алдымыздан көстеңдей өткен «кісілердің» барлығы дерлік ересек адамдар. Бүкірейе басып, шығар есікке ұмтылады. Тіпті мереке қарсаңында марапат мінберінен көрініп, мерейі үстем болған жандарға не жорық. Басқа-басқа олардың «Алғыс» хатын ала сала, кеткісі келіп есікке ұмтылғаны ұят болды. Бұл да бір мәдениетсіздік. Біз бен сіз үшін бір сағаттың о жақ, бұ жағында өтіп кететін концертке ұйымдастырушылар, өнерпаздар қанша уақыт дайындық жүргізеді. Келген көрерменнің көңілінен шығайын деп барын салып-ақ жатады. Бірақ мүмкіндік туса, тұра қашуға даяр отырған тыңдарманның іс-әрекеті көңілді су сепкендей басады.
Дәл осы кеште бір қатарға жайғасып қалған ересек ер адамдардың гүбір-гүбір әңгімесінен әдемі әнді де адам құсап тыңдай алмадық. Бір-біріне ұзын-шұбар әңгіме айтудың реті қас қылғанда тура сол кеште келіп қалғанын көрмейсіз ба?
Бір сәт зал тып-тыныш болып қалды. Сахнада жоғалған ұлын іздеп, жылаған ананың зарлы үні. Ал қасымдағы екеуі мырс-мырс етіп, келекеге айналдырып отыр. Әдебиет әлемінен әлдеқайда алыс адамдар екенін ұғу тіптен қиын емес. Ақыры болмаған соң жақтырмаған көзбен қарауға тура келді. Сәл тынышталып қалды. Жүргізуші кеш шымылдығын жабатын соңғы әннің орындалатындығын хабарлағанда әлгі екеуінің тіптен дегбірі қашты. Орта бойлысы орнынан атып тұрды. Қасындағысының құлағына бірдеңе деді де, қосақтасқан күйі аяғымды езе жаздай екпіндеп, алдымнан өтті. Енді қалған екі минуттың несіне шыдамады екен?!
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА