Құрдымға құлатқан құмар ойын
Оңай жолмен табыс табуға құныққан бүгінгі жас ұрпақ өзі түгілі өмірін бәске тігуден басын ала қашпайды. Қоғамда адал жолмен еңбек етіп, бейнетінің берекесіне бөленудің орнына, өз-өзіне қастандық жасап, ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп, қалталарын қалыңдатқысы келетін жастардың саны артып келеді Жасыратыны жоқ, мұндай ойын түрлері талай адамның өз-өзіне қол жұмсауына, бір-бірін өлтіруіне, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық сияқты халге жеткізуде.
Ең сорақысы, құмар ойынға елітушілердің арасында үйін, көлігін, тіпті өз әйелін бәске тігушілер кездесіп жатады. Осының салдарынан бейкүнә балалар жапа шегіп, қаншама отбасының шаңырағы ортасына түсуде. АҚШ-тың құмар ойындармен күрес жөніндегі қауымдастықтың өзі адамдардың ішімдікке тәуелденуіне, нашақорлыққа салынуы, қылмыскерге айналуына қарағанда құмар-ойынға тез бейімделетіні жөнінде зерттеп жазған. Демек, адамның құмар ойынға салынуы әп-сәтте.
Ойынға араласқан әр ойыншының мақсаты – жеңіске жету екенін білеміз. Ал жеңіс бір адамға ғана бұйырады. Демек құмар ойынның кесірінен бірнеше адам ашуға булығып, шайтанның арбауына түседі. Дәл осындай арбауға түсіп, отбасын уайымға салған Азамат есімді бір танысымды білемін. Қазақ «жығылған күреске тоймайды» дегенді бекер айтпағаны анық. Ол да ұтылып, бірнеше миллионға қарызға батқан сайын, ұтыстан үмітін үзбеген болса керек. Ақыр соңында отбасынан да, олардың сенімінен де айырылып тынды. Кезінде жағдайы гүрілдеп, не ішемін, не жеймін деген уайымы жоқ жігіттің бүгінгі жағдайы соншалықты қиын болатынын өзге түгілі, өзі де білмеді-ау, сірә!
– Біз құмар ойынның қандай орны толмас қайғы-қасіретке әкелетінін білеміз, көзбен көріп, құлақпен естіп те жүрміз. Дерттің алдын алу үшін барлық жағдайларды жасауға әрекет етіп жатырмыз. Алайда ойынға тоқтау салу үшін букмекерлік кеңсе, лоторея, казино, карта сынды бәс тігетін орындарды тиісті мекемелер бір жағына шығаруы керек деп ойлаймын, – дейді психолог маман.
Бұл дерттен емделу үшін ең алдымен адамның ерік-жігері мықты болу керек те шығар, мүмкін. Себебі, бірінші өзін-өзі тоқтатуға әлі келмеген адамның, біреудің айтқан ақылына тоқтам қоюы екіталай. Адам баласының арғы өмірі қамшының сабындай қысқа. Арғысы деп отырғанымыз – болашақ. Ал болашақ бүгінгі жастар екені түсінікті. Теріс әрекетке әрбір жас буынның санасы қарсы тұруы керек.
Жүсіп Баласағұн бабамыз:
«Бар жақсылық ақылменен келеді,
Кісі ақылмен аты мәшһүр, келелі.
Малдан адам айырмасы ақылда!
Малда ми бар – жоқ қой ақыл, мақұлда.
Кісілердің кісілігі – ақылда,
Білім болса , адам дана, батыр да! – деп жырлаған. Демек, адамның хайуаннан айырмашылығы ақылында. Шынайы мұсылман ақылға ой жүгіртіп, дұрыс шешім шығарары анық.
Гүлфайруз ҚАҺАР