Заңсыз ойын бизнесіне жол берілмейді
Қоғамдық тәртіпті қатаң сақтап, елдің өсіп-өркендеуіне аянбай атсалысу баршамыздың азаматтық борышымыз. Алайда осыған жете мән бермей, ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп, пайда табуға құмар жандар арамызда жиі жолығып қалады. Осы орайда Қазалы аудандық прокуратурасы «100 нақты қадам» жоспарындағы заңның үстемдігін қамтамасыз ету міндетіне сай аудандағы заңсыз ойын бизнесінің жолын кесу және алдын алу мақсатында бірқатар шараларды қолға алды.
Прокуратура бастамасымен жүргізілген жұмыстар нәтижесімен, заңсыз ойын бизнесіне қатысты бірқатар қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданып, сот үкімімен кінәлілер тиісті жазаларын алды.
Атап айтсақ, аудандық прокуратурамен кент орталығында заңсыз жолмен қызмет көрсететін ойын бизнестерін анықтау мақсатында барлық ашылған объектілер бақылауға алынды. Фотосуреттерге түсіріліп, жинақталған құжаттар Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне жолданды. Сонымен бірге бұл іске аудандық полиция бөлімі және аудандық кірістер басқармасы да берілген бағыт-бағдар арқылы көптеген көмектерін көрсетті. Нәтижесінде 8 заңсыз ойын бизнесі әшкереленіп, олардың жолы кесілді.
Алаяқтық – алысқа апармайды. Ақыры сот пәрменімен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған 6 айыпкерге шектеу жазалары тағайындалса, 2-уіне айыппұл түрінде жаза қолданылып, пайдаланған құралдары мемлекет пайдасына тәркіленді.
Сондай-ақ, осы мерзімде заңсыз ойын бизнесіне қатысты 1 қылмыстың есептен жасырылғандығы анықталды. Бұған байланысты Е.Р. есімді азамат аудандық полиция бөліміне (бұдан әрі - АПб) «ИнБет» ойынханасының заңсыздыққа жол беріп, жеңіл жолмен ақша тауып отырғандығы жөнінде арыз түсірген.
Аталған арыз негізінде АПб-мен оқиға орнын қарап-тексеріп, заттай дәлелдеме ретінде ойын ойнатуға арналған құралдар тәркіленіп алынған. Солай болса да қылмыстық құқық бұзушылық сотқа дейінгі тергеп-тексеруге тіркелмеген. Бұл дерек тізімге алынып, Қызылорда облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне жолданды. Сөйтіп айыпты Т.А. ҚР ҚК-нің 307-бабымен кінәлі деп танылып, оған 600 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Аудандық прокуратура, аудандық полиция бөлімі жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, ойын бизнесінің жолын кесу, оның алдын алу және болдырмау бағытындағы мақсат-міндеттерді алдағы уақытта да қатаң бақылауда ұстайды.
Бағлан АЙМАҒАМБЕТОВ,
Қазалы аудандық прокуратурасының прокуроры