Бала күтуші қамқор ма?
Әнеугүні құрбым қоңырау шалды. Декреттік демалыстан жұмысқа қосылмақшы екен. Баласы әлі әлжуаздау болған соң, балабақшаға әзір бергісі келмейтіндігін, өзіне бала күтуші керектігін айттты. Сөз арасында құрбым: «Таныстарыңның ішінде сенімді адам болса, айта жүрерсің. Қазір ешкімге сенім жоқ. Баланы кез келген адамға тапсырып кетуге де қорқасың. Бала күтушілерге қатысты түрлі оқиғаларды өзің де естіп жүрген шығарсың. Таныс ортадан іздегенім дұрыс болар деп, өзіңе айтып қойып жатқаным еді ғой», – деді құрбым. Мен де мұнысын құп алдым. Жақсы, сұрастыра жүрермін дедім де, телефон тұтқасын қойдым. Бірақ құрбымның алаңдаулы көңілі маған да әсер етті ме, бір ойдың шырмауынан шыға алмай қалдым. Расымен, соңғы уақытта осы бала күтіміне жауаптылардың өз қызметтеріне соншалықты салғырт қарап, сенімге селкеу түсірген жағдайлары аз емес. Тіпті бұл жұмсақ айтылғаны ғана. Олардың шектен шығып, балаға дауыс көтеріп, ұрып-соғып, зорлық әрекеттерін жасап жатқандары да бар. Бірақ осындай жайттардың белең алуына не себеп? Жауап іздеп көрелік.
Бүгінде көп ата-ана баласына толықққанды уақыт бөліп үлгермейді. Оған себеп те жоқ емес. Күйбең тірлік, отбасының материалдық қажеттіліктерін өтеу және өзге де мәселелер бала күтушіге мұқтаждықты арттырып отырған жайы бар. Бірақ көбі материалдық игіліктердің соңында жүріп, бала күтуші жұмысқа кіріспестен-ақ, онымен толыққанды таныспастан баласын табыстап кете барады. Бірақ осындай кішігірім кемшіліктердің кесірі кейін өзіне кедергі келтіретінін ойламайды. Тіпті бұл үлкен қателікке жол беруі де ғажап емес. Ал мұндай сәтте психологтар бала күтушіні саналы түрде жұмысқа қабылдау қажеттігін ескертеді.
– Жалпы, көп ата-аналар бала күтушіні жұмысқа аларда көп қателіктерге жол беріп жатады. Қандай қателік дейсіз ғой. Басты қателік – бала күтушіні дайындықсыз жұмысқа қабылдауында. Мұның салдары нәтижелі болсын десек, ата-ана бала күтушіні жұмысқа алмастан бұрын, әуелі бұл процесске өзін моралды тұрғыда дайындауы қажет. Сонымен бірге баланы бөтен адамға қалдыруға, үйін толығымен сеніп тапсыруға дайын екеніне көз жеткізген соң ғана оны жұмысқа қабылдаса дұрыс болар еді. Сондай-ақ белгілі бір уақыт аралығында күтушінің қызметін сырттай бақылап, өзінің өмір сүру салтына да үйреткені жөн. Себебі әр үйдің салты басқа. Осындай дүниелердің өзіне үлкен мән бергенде ғана сіз бен біз ойлаған күдікті ойлардың алдын алуға мүмкіндік бар, – дейді психолог Айжан Маратқызы.
Иә, расын айту керек. Шындығында көп жерде қателік өзімізден. Десе де мойындағымыз келмейді. Осы бір «бала күтуші» деген ұғымды да табалдырығымыздан аттатып, өзегімізді жарып шыққан перзентіміздің тәрбиесін жалдамалы қызметшілердің жауапкершілігіне жүктегенде-ақ оңбай қателестік. Бірақ замана талабы осылай болып тұрса, көнбеске амалың жоқ. Содан да болса керек, бүгінде бала күтушілерге сұраныс та көп. Тіпті оларға жүгінетіндердің қатары тым артқан. Соның арқасында елімізде осындай қызмет түрін ұсынатын арнайы агенттіктер жұмысын жандандырып отыр. Мұндай агенттіктер көбіне үлкен қалаларда жиі кездеседі. Ал шағын аудан, ауыл орталықтарында сол баяғы біз білетін таныстардың айналасынан жағалайды. Бірақ кейде сол таныстардың да сан соқтырып кететін сәттері де аз болмайтын көрінеді. Осындай бір жайсыз оқиғаға тап болған Марал есімді кент тұрғыны бала күтушілік қызметіне таныс адамды алғанда да өте абай болу керектігін айтады.
– Кенже ұлымды босанған соң, көп ұзамай декреттік демалыстан жұмысқа қосылдым. Басында жұмысқа кеткенде балама енем қарайласып жүрді. Кенет енем сырқаттанып, ұзақ уақыт ауруханада жатты. Үлкен қызым небары 2 сынып оқиды, ал ортаншы ұлым 5 жаста. Күйеуім таңнан кешке дейін жұмыста. Балаға қарайтын адам болмаған соң, жақын-жуықтың арасынан балаға қарайтын адам іздестірдім. Сөйтіп алыс жамағайынымның 21 жастағы қызын күтуші етіп жұмысқа алдым. Таныс адам болған соң, еш алаңдамай жұмысыма барып-келіп жүргенмін. Бір күні қызым қоңырау шалып, солқ-солқ жылайды. «Не болды?» десем жылағаннан ештеңе түсіндіре алар емес. Әйтеуір, үйге тез келші деген соң, бәрін тастай сала жанұшыра жеттім. Сөйтсем әлгі жақыным деп жүрген күтуші қызымды ұрыпты. Өзі үйде жоқ. Қызымнан мұндай қол көтерудің бірінші рет болмағанын естігенде, жағамды ұстадым. Бұрын-соңды мұны неге айтпадың десем, «айтсаң менен жақсылық күтпе деді» дейді. Сөйтсем, ол қызымды қорқытып жүрген көрінеді. Онымен қоймай, мен жоқта киімдерімді киіп, жеке заттарымды өзімен бірге алып кеткен. Шкафта тұрған алтындарымды да үптеп кеткен. Дереу қоңырау шалғанмын, телефонын өшіріп үлгерген. Ашу үстінде үлкендерге хабар беруге оқталғанмын, артынан райымнан қайттым. Себебі, басында жұмыссыз жүргенін естіп, қиылып тұрып, жұмысқа шақырған өзім едім. Осы жағдайдан соң өзіме үлкен сабақ алып, баламды кез келген адамның қолына табыстамайтын болдым, – дейді Марал есімді келіншек.
Жоғарыдағыдай жайттарға жиі куә болып жүргеніміз рас. Бірақ таныс болсын, болмасын баланы күтушінің қарауына қалдыруға қоғамды түрлі жағдайлар мәжбүр етіп тұрғанын айтпасақ тағы болмайды. Мысалы, балабақшадағы кезек мәселесі. Шегі жоқ шетсіз кезекті бүгінгідей қарбалас заманда ешкімнің күтіп жүруге зауқы соқпайтыны жасырын емес. Оған уақыт жоғалтқанша, күтуші қызметіне жүгінген әлдеқайда тиімдірек. Бірақ күтушінің де күтушісі барын ұмытпау керек секілді. Оның ішінде тәжірибелі, өз ісіне берілген нағыз маман да, керісінше баланы тек табыс көзі, жұмыс обьектісі ретінде санайтын адам да бар. Сондықтан бала күтушінің барлығы өз қызметін қалтқысыз орындап, қарауындағы балаға өз анасындай қамқор болады дегенге сену қиын. Себебі олар көп отбасылардың сеніміне кіріп, кейін сөзден секіріп, сезік тудырған. Сезік тудырды дегеніміз жай сөз болар. Тіпті сойқан салып, соны мінез көрсеткендері бар. Мәсәлен, 2018 жылы Алматы облысы, Талғар ауданында орын алған мына бір жағдай жаға ұстатпай қоймайды. Үш жасар балаға бас-көз болу үшін жалданған әйел бүлдіршінге айқайлап, ұрып-соққан. Соққының салдарынан кішкентай балақай жан-тәсілім еткен. Сот медициналық сараптама тәрбиеші баланы қатты затпен ұрғанын анықтады. Бала күтуші басында бәрінен жалтарғанымен, өз әрекеті жазылған бейнежазбаны көре салысымен бәрін мойындаған. Бұл – бала күтушінің қатыгездігін әшкерелеген бір ғана оқиға.
Осындай жантүршігерлік оқиғалардан соң, баланы өзгенің қарауына қалай беремін деген бойда үлкен қорқыныш пайда болары сөзсіз. Дегенмен көпке топырақ шашуға тағы болмас. «Қорыққанға қос көрінеді» демекші, неден үрейленсең, соған тап боласың дегенді де ұмытпаған абзал. Себебі, барлығы адамның өзінің ниетіне байланысты дейді 5 жылдық тәжірибесі бар күтуші Сезім Еркінбекқызы.
– Мен бір отбасының үйінде 5 жылдан бері күтуші болып қызмет етіп келемін. Бүгінде екінші баласын қарап отырмын. Жұмыс берушілерім ауқатты отбасы деп айта алмаймын. Бірақ жеке кәсіптері бар. Ерлі-зайыптылар күнтіз-түні дүкенде тұрады. Сондықтан балаларын маған сеніп тапсырған. Кейде басқа қалаға тауар әкелуге ұзақ жолға кеткенде де қасында мен боламын. Екі баласы маған әбден үйренген. Тамағын беріп, таза киімін кигізіп, олардың уақытын жүйелі ұйымдастыру менің құзырымда. Құдайға шүкір өз балаларым бар. Бірақ кейде бірнеше күнге демалыс алғанда, өз баламды сағынғандай оларды сағынамын. Олар да мені іздейді. Бірақ ата-анасынан алшақтап кетпеуі үшін үнемі олар туралы жақсы дүниелерді құлағына құюға барынша тырысамын. Бұл жұмысты жанымдағылар ар санайды. Тіпті «біреудің баласын бағып нең бар?» дегенді де айтады. «Өз балаларың қараусыз қалды ғой» деген сөзді де естіп жүрдім. Бірақ бұл олай емес. Бәрін тепе-теңдікте ұстауға да төселдім. Бұл жұмыс мені барлығына үйретті деп айта аламын, – дейді ол.
Қалай десек те, бала күтуші қызметіне жүгіну – заман талабы. Сондықтан одан үркудің қажеті шамалы. Тек оны таңдағанда мұқият болған жөн. Сондай-ақ, балаңызға қарайласатын маманның тәжірибесіне емес, бастысы мейірбан жүзді адам екендігіне мән берген абзал.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ