Депутат теміржол билеттерінің тапшылығын сынға алды
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев елдегі теміржол тасымалындағы түйткілді мәселелерді көтеріп, Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдады, деп хабарлайды egemen.kz.
«Жаз келсе болды теміржол тасымалына шағым көбейеді, жылда солай. Жолаушылар тасымалы құрамының көп бөлігі - кеңестік кезеңнің мұрасы. Жыл сайын біз вагондар паркін жаңарту мәселесін көтереміз, іске асыруға келгенде нәтиже жоқ. Қазіргі уақытта теміржол құрамының 60%-ы тозған, пайдалануға жарамайды. Ал министрлік пен ҚТЖ темір жол вагондары паркін түбегейлі жаңартуды 2030 жылға жоспарлап отыр екен. Ұлттық компания 1997 жылы құрылды, 26 жыл күткеніміз аздай, тағы 7 жыл күтуіміз керек. Күткен күннің өзінде вагондар паркінің тиімді болатынына сенім аз. 2030 жылы қалған вагондар ескіріп, теміржол құрамы паркінің тозуы 80%-ға артып кетпейтініне кім кепіл?», деді депутат.
Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, тозығы жеткен вагондарға билет сатып алу арманға айналды.
«Билет тапшылығының азабын тартқан халықтың «Аманат» партиясына жолдаған арыз-шағымы тым көбейді. Билет тапқан күннің өзінде ескі вагондардың жағдайы қынжылтады. Жылдан-жылға азаматтардың ішкі туризмге деген қызығушылығының саны артқанын көріп отырмыз. Сондықтан сұранысты қамту үшін теміржол мәселесін түбегейлі шешуді сұраймыз», деп түйіндеді депутат.