Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қала күні: Қызылордада заманауи спорт алаңдары салынып жатыр

Қала күні: Қызылордада заманауи спорт алаңдары салынып жатыр

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала орталығындағы Абай даңғылы №47 «А, Б, В», №51 «А» тұрғын үй аулаларын абаттандыру жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды baq.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еске салсақ, жаз басталғалы, яғни маусым айынан бері демеушілердің қолдауымен 1 млрд теңгеге 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларын абаттандыру басталған болатын. Аулаларға заманауи спорт алаңдары салынып, тротуарлары, жарық бағаналары жаңартылуда. Бұл тұрғындардың, балалардың демалысына қолайлы әрі спортпен шұғылдануына серпін береді.
Абаттандырылған, көркейтілген аулалар жақында аталып өтілетін қала күні мен Қызылорда облысының 85 жылдығына тарту етілмек.
Айта кетейік, жергілікті кәсіпкерлер, облыстан шыққан меценаттар Мемлекет басшысының туған жерді көркейтуге үлес қосуға шақырған үндеуін барынша қолдап, атамекенді көркейтуге белсенді атсалысуда. Бастаманы қолдаған кәсіпкерлер демеушілік есебінен облыста 31 млрд 700 млн теңгенің жобаларын жүзеге асыруда.
Атап айтқанда, маусым айынан бері 1 млрд 100 млн теңгеге облыс орталығындағы 50 үйдің қасбеттері заманауи панельдермен қапталуда. Қызылордалық кәсіпкер Асқар Әубәкіровтің демеушілігімен Қызылорда қаласының орталық алаңын абаттандыру жұмыстары басталды. Жоба құны 1 млрд теңгені құрайды.
Мұнан бөлек, меценаттардың қолдауымен Сыр өңірінде көптеген әлеуметтік нысан салынып, қасиетті орындар – Қорқыт ата ескерткіш-кешеніне, Хорасан ата, Оқшы ата және Марал баба кесенелеріне қайта жаңғырту, айналасын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
05 қыркүйек 2023 ж. 180 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30