Үлгілі елді мекендерге техника табысталды
Қызылордада өткен жылы қаланы абаттандыру, елді мекендерді дамыту, ауыл тұрғындарына жайлы орта жасау бағытындағы «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсы жарияланған еді. Тұңғыш өтетін конкурстың талаптары кеңінен таныстырылып, бұқаралық ақпарат құралдарында насихатталды. Үздіктерді азаматтық қоғам өкілдерінен, депутаттардан, журналистер мен экобелсенділерден құрылған тәуелсіз сарапшылық комиссия анықтап, шешім қабылдады. Жуырда қала орталығындағы «Достық үйінде» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев байқау жеңімпаздарын марапаттады.
Тіршілігін түзетіп, айналасына үлгі болуға талпынған ауылдарды марапаттап, мерейін өсіру бұрын да бар дәстүр еді. Ал былтыр бастау алған мына конкурстың көздегені – ауылдар мен қаланы қатар дамыту. Салтанатты рәсімде аймақ басшысы осыны баса айтты.
– Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Тазалық пен ұқыптылық күнделікті өмір салтымызға айналуы қажет. Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы ең алдымен басқа біреуге емес, өзімізге керек. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға жанашыр көзқараспен қарауы тиіс», деген болатын. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, ұлттық дәстүрдің алтын қазығы саналатын сырбойылықтар бұл бастаманы негізгі қағида ететіні сөзсіз. Президенттің «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Жарлығы аясында Үкімет пен әкімдіктер алдағы бес жылдықта ауыл-
ды дамытуға күш салуда. Әрбір елді меке-
нінде ауқымды шаралар үздіксіз ұйым-
дастырылып келеді, – деді облыс әкімі.
Аталған тұжырымдама аясында былтыр өңірге 9,9 млрд осы жылы 17 млрд 100 млн теңге бөлініп отыр. Бұл қаржы елді мекендердің инженерлік-инфрақұрылымын жаңғыртуға, әлеуметтік нысандар салу мен жөндеуге, мамандарды әлеуметтік қолдауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталады.
Жиында аймақ басшысы «Үздік елді мекен» конкурсын дәстүрлі түрде жыл сайын өткізу жоспарланғанын атап өтті. Айналасына бірлік арқылы туған топырақты түлетуге болатынын көрсеткен жеңімпаздарға күнделікті тұрмысқа ең қажетті, заманауи техникалар табысталады. Абаттандыруда алдан көрінген қаладағы шағын аудандарда көше, аулаларды жарықтандыру, балалар және спорттық ойын алаңдарын, гүлбақ салу сынды жобалар облыстық бюджеттен қаржыландырылады.
– Күзде «Үлгілі елді мекен» конкурсы қаланың шағын аудандары, аудан орталықтары мен ауылдар арасында қайта жалғасады. Қазірдің өзінде облыстық бюджеттен 523 млн теңге қаржы бөлініп, дайындық жұмыстары басталды, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Әлеуметтік жауапкершілікті сезінген аймақ кәсіпкерлері де ел экономикасын дамытуға қомақты үлес қосып отыр. Жергілікті іскерлер мен қазір еліміздің әр түкпірінде жүрген меценаттар «Туған жерді бірге түлетейік!» бастамасын қолдады. Осылайша, қазір өңірде демеушілікпен барлығы 30 млрд 100 млн теңгенің жобалары жүзеге асуда. Оның ішінде елді мекендер мен қаланы көркейтуге басымдық берілген. Демеушілердің қолдауымен 1 млрд 100 млн теңгеге облыс орталығындағы 50 үйдің қасбеті заманауи панельдермен қапталуда. Тағы 1 млрд теңгеге 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларына спорт алаңдары салынып, тротуарлар мен жарық бағаналары жаңартылып жатыр.
Облыс тұрғындары атынан іскер азаматтарға алғыс айтқан облыс әкімі тағы бір ерекше бастаманы атап өтті.
Қазіргі талап, қала мен ауыл тұрғындарына бірдей жағдай жасау, орталық пен шалғайдағы елді мекендер арасындағы айырмашылықты азайту. Алдағы уақытта аудан орталықтарындағы тұрғындар тілегі бойынша музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары сынды бірқатар мекеме біріктіріліп, оларға заманауи бір ғимарат салу ойластырылып отыр.
Аймақта алғаш рет өткізіліп отырған «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсындағы «Үлгілі ауыл» аталымы бойынша үшінші орыннан Арал ауданы Аманөткел ауылы көрініп, елді мекенге әмбебап тиегіш трактор табысталды. Екінші орын жеңімпазы Жалағаш ауданындағы Таң ауылына жер қазатын трактор тіркемесімен берілді. Ал жеңімпаз – Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылына жер қазатын трактор мен жүк тасымалдайтын КамАЗ көлігі табысталды.
«Үлгілі аудан орталығы» аталымында үшінші орыннан көрінген Қазалы ауданындағы Әйтеке би кентіне ассенизатор көлігі мен жол тазалайтын трактор берілді. Ал екінші орынға ие болған Шиелі кенті қалдық тасымалдайтын КамАЗ көлігін, жол тазалайтын трактор және ассенизатор көлігіне қол жеткізді. Бірінші орын алған Жаңақорған кентіне қалдық тасымалдайтын КамАЗ, арнайы жол тазалайтын көлік, ассенизатор мен кран манипуляторы табысталды.
«Қызылорда қаласының үлгілі шағын ауданы» номинациясы бойынша үшінші орын жеңімпазы болған Бәйтерек-Шұғыла шағын ауданына «Сквер құрылысы» жобасы сыйға тартылды. Екінші орын жеңімпазы Сырдария шағын ауданына «Балалар және спорттық ойын алаңдары құрылысы» жобасы тапсырылды. Бірінші орын жеңімпазы Арай-2 шағын ауданы «Сквер, спорттық ойын алаңдары құрылысы және көше-аулаларды жарықтандыру» жобасын алды. Бұл жобалар облыстық бюджет есебінен салынады. Облыстық конкурсқа қатысып, көркейту-көгалдандыру шараларына үлес қосқан бірқатар азаматтар да марапатталды.