Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел іргесін күзеткен

Ел іргесін күзеткен

Мерекелік даталар күнтізбесінде Шекарашылар күні алғаш рет 2012 жылы пайда болды. Дегенмен Шекара әскерін құру туралы жарлыққа 1992 жылы 18 тамызда қол қойылған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі – елдің мемлекеттік шекарасын күзетуге арналған арнайы қызмет. 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан алдында жас мемлекеттің аймақтық бүтіндігі мен егемендігін қорғау және қамтамасыз ету бойынша мәселе туындады.
Қазақстан Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстанмен шектеседі. Республиканың құрлықтағы мемлекеттік шекарасының жалпы ұзақтығы – 13 402 шақырым, су шекарасы – 1730 шақырым. Кеңес Одағы кезінде ұзындығы 1,7 мың километр болатын Қытаймен арадағы шекара ғана күзетілді. Ал қазір қазақстандық шекарашылар бес елмен арадағы 15 мың километр мемлекеттік шекараны күзетіп, шөл мен құрлықта ғана емес, Каспий теңізінің акваториясы мен әуеде де күзетте тұр.
Бүгінде Қазақстанның ұлан-ғайыр шекарасы шегенделген, түбегейлі бекітілген. Мұны президент Қасым-Жомарт Тоқаев та сан мәрте қадап айтты. Қазақстан мен Өзбекстан арасында шекара сызығын айқындау жұмыстары екі ел президенттерінің уағдаластығына сәйкес қолға алынды. Осыған байланысты үкіметаралық комиссия құрылды. Оны премьер-министрлер басқарды. Оларға мемлекеттік шекара сызығының өтуін анықтау үшін барлық құжаттарды мұқият зерттеу және талдау жасау тапсырылды. Мұнда 1991 жылдың 21 желтоқсанындағы ТМД құрылғанын жария еткен Алматы декларациясына қол қойылған күнге дейінгі әкімшілік шекара негізге алынды. Осы құжатта бұрынғы одақтас республикалардың сол сәтке дейінгі қалыптасқан әкімшілік шекаралары мемлекеттік шекара болып қалатынын ТМД-ға мүше барлық мемлекеттер мойындаған еді.
Кезінде осы шекара сызығын белгілеу жұмыстарымен айналысқан мамандар Өзбекстан Республикасымен мемлекеттік шекараны делимитациялау бойынша жүргізілген келіссөздер өте қиын және күрделі өткенін айтады. Ал Қазақстан мен Өзбекстан арасында заманауи шекара құру тарихы Кеңес Одағы пайда болған кезден басталады. Шекараны нақты белгілеу Орталық Азиядағы республикалардың ұлттық межелеуін жүзеге асыру барысында 1924-1925 жылдары бекітілген.
Нақты жұмыс жағдайында Қазақстан-Өзбекстан әкімшілік-аумақтық шекарасының құқықтық негізін 1956-1971 жылдардағы құжаттар құраған. Өткен тарихтан белгілі, сол құжаттарда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жер алқаптарын өзбек ағайындарға едәуір көп мөлшерде бөлу тасқа қашалғандай анық көрініп тұр. Бірақ уағдаласқан тараптар делимитацияны заңды негіз деп қабылданғандықтан, кеткен жер жөнінде мәселе көтерілмеді. Себебі Алматы декларациясының және Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Мәңгілік достық туралы шарттың ережелері мен қағидаттарын бұзған болар еді. Сайып келгенде, Өзбекстанмен 2351 шақырымды құрайтын шекара сызығы нақтыланды. Шекара сызығы 1565 шекаралық белгімен белгіленген, оның 776-сын Қазақстан тарапы орнатқан.
Осындай аудан аумағындағы 2019 «Қызылқұм» шекара заставасы 1999 жылы құрылған. Аудан орталығынан шамамен 220 шақырым, Қызылқұм ауылдық округінің орталығы Кәукей ауылынан 130 шақырым қашықтықта орналасқан. Әскери сарбаздар мемлекеттік шекараның Өзбекстан Республикасымен белгіленген аумағын бақылауда ұстайды. Елдің тұтастығын нығайту мақсатында шекарашыларға Өзбекстанмен арадағы саяси-экономикалық мүдделерді қорғау, заңсыз көшіп-қонудың алдын алу, Қазақстанның аумағына қару-жарақ, оқ-дәрілер, есірткі, радиоактивті заттарды заңсыз кіргізбеу тәрізді міндеттер жүктелген. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен тұрғындардың көмегіне жүгіне отырып, жұмысты оңтайлы ұйымдастыру межеленген.
Мұнда келісімшарт негізінде уақытша мерзімді әскерилер қызмет жасайды. «Қызылқұм» шекара заставасына берілген аумақ 191,65 шақырымды құрайды. Шекара бөліміне жауынгерлік ту табысталған. Өзбекстан мен Қазақстан шекарасына межелеу жұмыстары жүргізіліп, 58 шекара белгісі орнатылған. Шекарадан әрі қарай шамамен 45 шақырым қашықтықта Жанқожа батырдың мүрдесі жерленген мазары бар. Жанқожа батырдың жатқан жері 1940 жылдары КСРО-ның әкімшілік картасына негіз болған. Яғни Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасы ретінде белгіленген.
Жанқожа Нұрмұхаммедұлы өз дәуірі артқан ұлы жүкті қайыспай көтеріп, ел, халық алдындағы парызын адал атқарған ХVIII-XIX ғасырда Сыр бойы мен Арал теңізі аймағындағы халықтың ұлт-азаттығы жолындағы күресінің қаһарманы. Ол – оңтүстікте Қоқан мен Хиуа хандығының шапқыншылығына, батыста Ресей патшалығының отарлау саясатына қарсы қозғалыстарды ұйымдастырған даңқты қолбасшы ретінде халық жадында сақталған. Озбыр да, өктем жауға қарсы азаттық туын көтеріп, өмірінің ақырғы күндеріне дейін аттан түспеген батырдың аңсаған арманына бүгінгі ұрпақ жетіп отыр.
Бірі білсе, бірі білмес дерек негізінде шекара сызығы дәл Жанқожа батыр жатқан биік төбені қиып өтеді. Жанқожа баба ұрпағына «Мені Қоқанмен шекараға қойыңдар, жай жатқанша аяғыммен тіреп жатайын» деп аманаттағаны туралы тарихта дерек бар. Құдды көзінің тірісінде-ақ аңызға айналған әз батыр кейінгі ұрпаққа ата қонысты қадірлеп, кірпік қақпай күзетуді мирастағандай. Әлі күнге батыр баба шекарашылармен бірге ел қауіпсіздігін қорғап тұрғандай сезім ұялатады. Бұл күні-түні ел мен өңір тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап жүрген сарбаздарға асқақ рух, айбат беріп, жігерлендіре түсері сөзсіз.
ҚР Үкіметінің Қаулысымен 2017 жылы «Оңтүстік» өңірлік басқармасы 2019 әскери бөлімінің «Қызылқұм» шекара заставасының атауы өзгертілген болатын. Оған ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті өкілі, отаршылдарға қарсы Сыр бойындағы халық көтерілісінің басшысы, қазақ даласының хас батыры – Жанқожа Нұрмұхаммедұлының есімі берілді.
Ел ағаларының айтуынша, батыр бабалар атымен аталған шекаралық заставалар – өзге мемлекет азаматтарына Қазақстанды өз тарихын және ер ұландарын ұлықтайтын, ұмытпайтын, солардың биік рухымен рухтанатын өр әрі өркенді ел ретінде көрсетіп тұрады. «Бұл ел шебі мен ұлттық қауіпсіздікті қорғаушы шекарашыларымызды дархан далаға қалқан болған батыр бабалардың ұлы рухында, Мәңгілік елдің мақсат-мұратында тәрбиелеуге үлес қосады. Қазақстан тарихында ерекше орын алар тұлғалардың атын мәңгі қалдыруға қызмет етеді. Есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері арқылы жас ұрпақтың туған жер тарихын тануына ықпал жасайды», – дейді Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл.
1999 жылы құрылған «Қызылқұм» шекара заставасы күн-түн демей, Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасымен мемлекеттік шекарасын күзету міндетін атқарып келді. Ал 2020 жылы шекара қызметі бойынша өткізілген ауқымды реформаның аясында 2019 әскери бөлімі ҚР ҰҚК шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаменті болып өзгертілді.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаментінің Жанқожа батыр атындағы шекара бөлімшесінің бастығы – аға лейтенант Ілес Бексұлтан мәліметінше, шекара бөлімшесінде келісімшарт бойынша әскери қызметшілер қызмет атқарады. Қызметті вахталық әдіспен ұйымдастырады. Яғни, бөлімшедегі жауынгерлік қызмет 20 күнге созылып, 10 тәулік демалыс күндері беріледі. Берілетін он күндік демалыстың арқасында жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайы жоғары. Олардың қызмет етуге деген ынталарын айтарлықтай арттыруға негіз болды. Жеке құрамның өз уақытында демалысқа шығу сұрақтары оң шешімін тапты. Шалғайда орналасқан шекара бөлімшелеріне қызығушылық арта түсті. Ал вахталық қызмет туралы хабардар жергілікті азаматтар арасынан келісімшарт бойынша әскери қызметке шақырылуға көптеген үміткерлер қызуғушылық танытуда.
Өңірдегі шекара бөлімшелерін жаңарту бойынша атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесінде Жаңқожа атындағы шекара бөлімшесі де жаңа модульдік типтегі ғимаратқа көшті. Бұл жаңалық ең бірінші кезекте жеке құрамды бір серпілтіп, бойына жігер сыйлағандай болды. Ел шебіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген шекарышылардың әлеуметтік жағдайларына айрықша көңіл бөлінуі олардың күнделікті қызметтерінің сапасын ғана емес, моральдық-психологиялық жай-күйлерін еселеп арттырды. Модульдік типтегі бөлімшелердің жобалары жылдан жылға жақсартылып келеді. Заманауи талапқа сай модульдік типтегі ғимарат бірнеше блоктан тұрады. Онда жатын казармалық бөлме, жуынуға арналған орын, дәретхана, қару-жарақ сақтау бөлмесі және басқада лауазымды тұлғаларға арналған канцелярияларды қамтиды.
Мұнан бөлек, тәрбие жүргізу және наубайхана бөлмелері бұрынғылардан қарағанда біршама кеңейтілген. Наубайхана жеке құрамды күніне 100-ден астам ыстық нанмен қамтамасыз етуге қауқарлы. Жаңа бөлімше медициналық кабинетпен, тұрмыстық және дербес серверлік бөлмелермен жабдықталған. Бөлімше бойынша кезекшінің отыратын орны барлық қауіпсіздік талаптарына жауап беретін ең заманауи құралдармен жабдықталған.
Сапалы материалдардан салынған ғимарат қатты жел, боран, топырақ және құм қозғалыстарына оңай төтеп береді. Қыс айларында жылуды сыртқа жібермей бойында ұзақ уақытқа дейін ұстап тұра алады. Жаздың аптап ыстық күндері керісінше салқын температураны сақтайды. Тартылған Арал теңізі өңірінде мұндай қасиеттердің болуы аса маңызды. Себебі аталмыш облыстың ауыр климаттық жағдайлары жиі кездесетін тұзды, құмды дауылдарымен ерекшеленеді.
Ғимарат құрылысы өрт, экологиялық және санитарлық қауіпсіздіктермен толық қамтамасыз етілген, әрі эстетикалық жағынан заманауи түрде сәнді болып келеді. Бір сөзбен айтқанда, шекара бөлімшесі жеке құрамның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары айтарлықтай жақсара түсті. Сонымен бірге әкімшілік ғимараттың қасында әскери қызметшілердің отбасыларына арналған пәтерлі тұрғын үйлер орнатылған. Әрқайсысында жеке ас үй, жатын бөлме және дәретхана мен душ бөлмешелерімен қамтылған. Аталған модульдер мен пәтерлердің барлығы тұрмысқа және қызметке қажетті жиһаз бен техникалармен жабдықталған. Атап айтқанда, теледидарлар, кір жуғыш машиналар, киім кептіргіш құрылғы мен тәрбие жүргізу бөлмесінде заманауи интерактивті тақтамен қамтамасыз етілген.
Осылайша құрлықтағы шекара әскерлері әрдайым мемлекеттік шекараны қырағы күзетіп, оны қорғауға және жаудың шабуыл жасауына тойтарыс беруге қабілетті екендігін дәлелдеуде. Шекарашылардың жоғары әскери шеберлігі Отанымыздың аумақтық біртұтастығын және қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
19 тамыз 2023 ж. 361 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 60

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930