Сапасыз қызмет көрсеткен байланыс операторларына айыппұл ұлғаяды
ОКҚ-да байланыс сапасын жақсарту бойынша баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды el.kz ақпараттық агенттігі.
ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек халық тарапынан мобильді интернетке қол жеткізу мәселесінің айрықша өзектілігін ескере отырып, министр Бағдат Мусин операторлар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен халық арасында ашық диалог ұйымдастыруды ұсынғанын тілге тиек етті.
Министрлік ел тұрғындарын байланыспен қамтамасыз етуге айтарлықтай кедергі келтіретін саланың іргелі проблемаларын шешу бойынша жұмыс жүргізуде. Байланыс сапасын арттыру мақсатында біз Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп сапасыз қызметтер көрсеткені үшін байланыс операторларына айыппұлдарды ұлғайту бөлігінде ҚР ӘҚБтК-не түзетулер әзірледік. Заңға енгізілген өзгерістер үй тұрғындарының базалық станцияны орнатуға келісімін жинау рәсімін жеңілдетуге мүмкіндік берді, – дейді вице-министр Асхат Оразбек.
Сонымен қатар ол министрліктің халықтың кері байланысына ашық екенін және оны беру рәсімдерін жеңілдететінін хабарлады.
Азаматтардың интернеттің сапасы мен жылдамдығына қатысты мәселелерін назарға ала отырып, E-otinish порталының басты бетінде «интернетпен проблемалар» бөлімі шығарылды, онда әрбір азамат шаралар қабылдау үшін мемлекеттік органға өз өтінішін қалдыра алады, – деп атап өтті ведомство вице-министрі.
Айта кетейік, GSMA Intelligence деректері бойынша 2022 жылдың соңында абоненттің мобильді трафикті орташа әлемдік тұтынуы 12 Гб құраған, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 17,2 Гб-қа тең. Қазақстандықтар Сингапур, Түркия, Италия және басқа да көптеген елдердің тұрғындарына қарағанда көбірек трафик жұмсайды.
5G енгізуді есепке алмағанда да Қазақстанда мобильдік трафик 2019 жылы 60%-дан 2022 жылы 21%-ға дейінгі қарқынмен өсті және бұл тренд жалғасуда. Бұл 4G/5G мобильді желілеріне үлкен жүктеме екені айтылды. 2022 жылы ұялы байланыс операторларының абоненттері 4398 петабайт мобильді деректерді, ал 2023 жылдың 6 айында 2513 петабайт тұтынған.
Байланыс операторлары интернетті пайдаланудың мұндай жоғары деңгейі және трафиктің тұрақты өсу динамикасы ел мен қоғам үшін оң прогресс тенденцияларын көрсететініне сенімді. Сервистердің қолжетімділігі және онлайн жұмыс, оқу, қарым-қатынас мүмкіндігі ел дамуының үдерістерінің көрінісі болып табылады деп отыр.