Елімізде жаңа ипотекалық бағдарлама әзірлене ме
Бюджет арқылы Қазақстан халқының бәрін ипотекалық несиемен қамту мүмкін емес. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды inform.kz.
Бүгін Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдері министрден елімізде жаңа ипотекалық мемлекеттік бағдарламаның әзірлену мүмкіндігіне қатысты сауал қойған еді.
«Біз Отбасы банкінің жарғылық капиталын толықтыру үшін миллиардтаған қаржы бөлеміз. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар арқылы жалға берілетін баспанаға да ақша бөліп келеміз. Тек Отбасы банкі арқылы ғана өте көп, ондаған өнім бар, қарап көріңіздер. Бюджет арқылы бүкіл Қазақстанды ипотекалық несиемен қамти алмаймыз», - деп жауап берді Ерұлан Жамаубаев.
Айта кетейік, ипотека нарығында Отбасы банкі көш бастап тұр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ол қазақстандық ипотеканың жалпы үлесінің 67%-ын берген. Бұл ретте банк NPL-дің ең төменгі деңгейін (90 күннен артық мерзімі өткен қарыздар) сақтап қалды, қазір ол – 0,08%, ал банктер арасындағы бұл көрсеткіштің орташа деңгейі 3,68%-ға тең.