Әуелі «Әуелгі пәлсафа»
Исламның ойлау жүйесі мен дүниетанымының поэтикалық құрылымын (Калам), пәлсафалық қисынын (логикасын), діни заңнамалық дәлелін (фиқһ-fiqh) түсінбей Абайды түсіну – мүмкін емес. Соның ішіндегі ең бастысы – Абай қолданған сөздердің астарлы, емеурінді мағынасын білмей, сөз тіркесін қуып Абайды түсіндіруге тырысу зарар ғайри (g`a`yriya), күпірлік (надандық) болмақ. Бұл – ар-ожданға, таза рухқа (wa-la`gayruhi) қарсы мутазилиттік көзқарас. Сондықтан да Абайдың «жұмбағын шешемін», танымын танытамын, ойының астарын түсіндіремін деп: Жаратқанның заттық (d`at) болмысына қатысты «уәжіп» (wa`cib), «мүмкін» (mumkin), «мүмкін емес» (mumtani) деген ең түбірлі сөздерді орынды-орынсыз қолдану да мәтқапылық. Сонымен қатар нақты шешуші мағынасы бар танымдық діни терминдерді жалпы мағынасы ортақ ауыспалы сөз тіркесі есебінде қолданып, қопсыта көпірту – мәселені шешуге жол бастамайды.
Керісінше, күрделі ойды шүйелей шиеленістіріп, бұлдыратып, тұманды тұйыққа тірейді. Шариғат пен фиқһты шатастырып, жан мен рухты, ар-ождан мен фиғылды алмастырып, кез келген сөзді қасиетті мəтіннен жұлып алып, ол: «Алланың сифаты (s`ifa`t) мен хикметі, ар-ождан, ар ілімі, жауанмəрттік, толық адам, харакет, жүрек айнасы, тағы да басқа мағынаны білдіреді, ананы-мынаны айтып отыр», деп сөзді өз бетінше орынды-орынсыз, ілгері-кейінді, мағыналы-мағынасыз сапырылыстырып қолдану да жөнсіз жорасыздық.
Жалпы, ислам дүниетанымында, Калам ілімінде белгілі бір дəрежеге дейін, яғни шариғаттың (жаратылыстың) ауанынан туындайтын адамның ақыл-ойына тиесілі мəселелер фиқһ (fiqh) ілімінде қарастырылған. Оған ілінгенше əр қағида рет-ретімен, саты-сатысымен, бап-бабымен баспалдақ сияқты мұқият қаланған. Сондықтан да оны өзгермейтін қағидат (догма), ақида деп атайды:
«Бас – жоғары жаралған,
мойын төмен,
Қарашы дене біткен ретімен.
Істің басы – ретін танымақтық,
Иман білмес тағатты қабыл көрмен», – деп Абай айтқандай, «ретімен жаратылған» Хақтың ісін – иман ұйытатындай ретімен тағат ету керек.
Бұл қағидаттарсыз, яғни Калам іліміне жүгінбей Хақтың болмыс-сифатын (s`ifa`t) тану мүмкін емес. Калам ілімін ұстанған Абайдың: «Дүниені жаратылу ретімен танымаған адамның құлшылығын қабыл алмаймын (аузым бармас)» деп үзілді-кесілді айтуында сондай мойынсыну жатыр.
Калам іліміндегі ең маңызды мəселе – Жаратқанның сифаты мен хикметі және танымның төрт сатысы, яғни Шариғат, Тариқат, Мағрифат, Ақихат туралы мәселе. Олар Абайдың өлеңдері мен оның «Отыз сегізінші», «Қырық бірінші», «Қырық үшінші» сөздерінде қамтылған. Бұл таухид тәфсірлердің түпкі ой қазығы – əке Құнанбайдың бала Абайға қарата айтқан: «Бəдуəм» – «Құранның» тұтқасы емес пе. Бірінші: «Шариғаттың», екінші – «Тариқаттың», үшінші – «Мағрипаттың» кілтін ұстатпай ма. Япыр-ай, сен бұл үшеуіне соқпай, үстірт өтіп кеткен екенсің-ғой!» деген аталық назына байланған.
Абайды осындай терең ойға жетелеген «Бəдуəмдағы» софылық мақамдар бізге жұмбағы мол қатпарлы ой қыртысынан «жүрек айнасын» ажыратып алуға дәнекерлік етті.
Жалпы, дүние философиясының, соның ішінде исламияттың бүкіл тарихында бір сəт күн тəртібінен түспеген Хақтың (Алланың) сифаты мен хикметі туралы таным талқысының аңысын Абайдың аңдатқан ақыл ұстазы Шагабутдин Маржани. Абай оның еңбектерімен, дəлелдерімен, ол туралы зерттеулермен, оған қарсы дау айтқан бақас пікірлермен барынша ықтиятты түрде танысқан. Бұл ретте Абай ибн-Синаның еңбектеріне талдау жасаған «Шəрқ əл-Ишарат» атты шəрқтың (түсініктің, талдаудың) авторы атақты Əр-Рази алдына қойған: «Біздің өзімізден бұрынғылардың кітаптарынан тапқан нəрселерімізді жинақтау (тахсил) ... (болды). Сөйтіп, біз (сілтемелер мен салыстырулардың) барынша көп əрі қысқа болуынан (саналы түрде) бой тарттық, сонымен қоса ашық пікір білдіруді жөн санай отырып, (Абай жазған) əр тақырыптың (ұғымның) мəйегін (лубаб) таңдадық. Біздің міндетіміз: (қойылған) мəселелерді бір-бірінен ажыратып, (оның) əрқайсысын (əр пікірді) растау (дəйектерді дəлелдеу) немесе ... түйткілді қайшылықтар мен күрделі уəждерді талқылау жəне шамамыз келсе, қанағаттанарлық шешім (пайым) мен кесімді жауап (түсінік) беруден тұрады» деген мақсатын ұстанған.
Абайдың өзі айтқан: «Қашан бір бала ғылым-білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана, Алла Тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жалиб-манфағат дафғы мұзарратларны айырмақлық секілді ғылым-білімді үйренсе, білер деп үміт қылмаққа болады. Болмаса – жоқ, ең болмаса – шала» деген пікірді өзі де қатаң ұстанып, «Шариғат: Ойланбай илан – десе, ол илану үшін ойланған».
Сонымен «адамдықты сақтап қалу» үшін «ең болмаса денелеп білуге тиісті» «дүниенің көрінген һəм көрінбеген сыры» не өзі? «Не үшін ойланып, неге жəне не үшін илануымыз керек?»
Қандай да болсын, пəлсафа дегеніміз – құрғақ қиял емес және нақты пəн де емес! Пәлсафа, Аристотель мəселе етіп қойып, Әл-Кинди дамытқан, Абай да тəфсірлеген «төрт түрлі: «Бар ма?» (материя), «Қандай?» (форма), «Қайсысы?» (қозғаушы түрткі (күш) жəне «Неліктен?» (дүниенің соңы (ақыр заман) бар ма?)» деген сұраққа жауап іздеу.
Сонда, «түпкі нүкте», яғни ойымыздың «түп тиянағы» қайсы, оның жаратылу реті қалай, сол реттің əуелгі себебі мен оның себепкері не, не үшін, нені білу үшін ынтыға ұмтылуымыз керек? Ең бастысы, не «Бар», не «Жоқ» болуы мүмкін? Бұған, Аристотель мен Əл-Кинди: «Философтың мақсаты – өз ғылымында Ақихатқа қол жеткізу (ис`абат əлхаққ)» деп еш бүгежексіз нақ жауап береді.
Абай да мұны қабыл алып, қарапайым тілмен ұғынықты етіп: «Ғылым, ... ол – Ақихат, оған ғашықлықтың өзі де хахлық һам адамдық-дүр (яғни, ғұламалық, хакімдік)» деп мазмұндап жеткізеді.
Үшеуінің де анықтап көрсетіп, діттегені бір мақсат – Ақихатқа жету. Демек бір Ақихат, бір Растық, бір Жаратқан бар. Оның аты, атау тұлғасында – Хақ, ұғымдық тиянақтау тұрғысынан алғанда – Ақихат (Ақихат). Əуелгі Ақихатсыз мына ғалам мəнсіз. Өйткені: «Болмыстың себебі (ужуд) мен барлық нəрсенің тұрақтылығы (с`əбат) – Ақихат. Бар болып шыққан (жаратылған) əрбір нəрсенің (иннийат) Ақихаты (хақиқа) бар. Егерде болмыс бар болса (из əл-иннийат мəужуда), онда Ақихат та міндетті түрде бар болады (мəужуд)».
Аристотельден ой суыртпақтап, таухид тартқан Әл-Киндидің бұл оқымысты орамдарын Абай: «Хақ бірлəн батылды (батынды, жалғанды) айырмаққа, себептерін білмекке тырысқандардың» ... һаммасы ... бір ғана Хақты таппақ(пен), əрбір нəрсенің себебін таппақпенен лəззəтанады (шындыққа жетеді)» деп тарата баяндайды.
Демек танымның түпкі нүктесі, ойдың түпкі қазығы, түйсіктің түпкі мəйегі – Ақихат. Оны анықтайтын: «Ең мəртебелі философия жəне ең дəрежелі жоғары философия – ол бірінші (əуелгі) философия. Мен бұл жерде əрбір Ақихаттың негізі болатын Əуелгі Ақихат туралы ғылымды айтып отырмын» дейді əл-Кинди.
Абай да жалпы Хақ пен Ақихат туралы түсіндіре талдай келіп: «Растың бір аты – Хақ... Бұған қарсы қаруласқанша, мұны ұғып, ғадалəтпен тəптіштеу керек, деп «Əуелгі Ақихатқа» аса кірпияздықпен қарап, «күпірлікке» ұрынып қалмаудан сақтандырады.
Сонда бүкіл адамзаттың ақыл-ойының басты мақсаты жəне мəңгілік мəселе – Ақихатты анықтап алу екен. «Бейнет сусынын» (Абай) ішкен мұқым түйсік иесін əлмисақтан бері өмірге ынтықтыра ұмтылдырып келген де, соңғы сана сəулесі өшкенше ынтызар ететін де, «қабірден əрі өткендегі үш жолдасыңның» үміттенетіні де – сол Ақихат.
Бұл орайдан алғанда, Абайдың бүкіл шығармашылық инсан озаны да осы Ақихат. Оның туғаннан – «тура баста өзіңе» деп ұмтылып, «шынның (растың, хақтың) бетін боямай» өмір сүріп, «Ақихат та, дін-дағы тереңінде» деп дүниеден өткенге дейінгі мақсаты да осы Ақихат болды. Абай ғұламаһи Дауаниді «сол шыншыл» деп атаса, біз енді Абайдың өзін «сол шыншыл» деп танимыз жəне тəфсір талдауымыздың да инсаны сол болмақ. Өйткені «рас сөз ешқашанда жалған» болмақ емес.
«Телміріп, терең сөздің соңына ерген» ой ғұламалары мұны «Əуелгі Ақихат», ал ол туралы ғылымды «Əуелгі (бірінші) пəлсафа» дейді. «Əуелгі пəлсафаның», «Əуелгі Ақихаттың» мəні мен мағынасы, қағидаттық тұжырымы – Бір жəне Бірлік деген ұғымнан тиянақ табады. Хақ немесе Ақихат Біреу жəне ол бөлінбейтін Бірлікпен өлшенеді. Бір, Бірлік, Əуелгі Ақихат – исламтануда ғана емес, жалпы түпкі Ақихатты білу ғылымының, яғни, пəлсафаның, жаратылыстанудың да негізгі мақсаты мен мəні. Онсыз пəлсафа мен жаратылыстану ғылымы – мағынасыз ілім болмақ. Бұл арғы-бергі ғұламаларда, бүгінгі кванттық ғылым оқымыстылары сөзсіз мойындаған шындық.
Сол Бір жəне Бірлік, Əуелгі Ақихат туралы ІХ ғасырда түбегейлі пікір қозғап, оны қалыптастырып, түпкілікті бекіткен, ислами пəлсафаның «түп тамыры» атанған, жиыны 250-ге жуық шығарма жазған (оның 50-і пəлсафа, 50-і – математика туралы) дана дара – Əл-Кинди (873 жылы қайтыс болған) жəне оның осы уақытқа дейінгі дүние ғұламаларының ғұмырлық талғауына айналған «Бірінші философия туралы» (Мүмкін, «Əуелгі пəлсафа туралы» деген дұрыс шығар) еңбегі. Абайдың: «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді. Фиғыл пəнденің қазығы – осы жақсы хакімдер, əрнəрсе дүниеде солардың истихражы (ойы) бірлəн рауаж болады. Бұлардың ісінің көбі – дүние ісі, лəкин, осы хакімдердің жасаған, таратқан істері «əд-дүния мəзəрəгəтул-ахирет» (дүние – ахиреттің егіні) дегендей, ахиретке егіндік болатын дүние сол» дегендегі хакімі де осы Әл-Кинди сияқты даналар.
Сондай хакімдік деңгейге жеткендердің қатарында Абай Ахмет-Риза медресесінде еңбектерін оқып, тəлім алған, ал М.Əуезов: «Əл-Фарабидің ілімінен тəлім алғандығы туралы: «Ислам ғаламында грек философиясынан келген неоплатониктердің көп əсері бар еді. Мұсылман философтарында Бағдаттағы Əл-Фараби сол жолда еңбек жазған. Кейін Аристотель философиясы да арабтар арқылы мұсылманшылық мəдениеті көлемінде көбірек өріс алып, тараған болатын. Көп мұсылман елдерінде де жəне орта ғасырдағы Еуропа елдерінде де аттары мəлім болған мұсылман философтары Əбу-əли ибн Сина, Ибн Рушди сияқтылар бар-ды. Ал атақты философтар өз замандарында исламның апологеттері аталған тар көлемнен шығып, үлкен ізденгіш ойлар айтқан» деп атап көрсеткен ғұламалар да бар еді.
«Екінші ұстаз» атанған Әл-Фараби Аристотельдің «Метафизикасы» мен Әл-Киндидің «Əуелгі пəлсафасындағы» «теориялық жəне тəжірибелік пəндерді біріктіріп, адамның əлемдегі орынын қайталай ой елегінен өткізді». Ол өзінің «Бір туралы» трактатында Әл-Киндидің Бір, Бірлік, Əуелгі Ақихат, Əуелгі себеп туралы таухидтарына «шəрқ» (түсінік, талдау) жасады. Ал ибн-Сина өзінің «Илəһийатында» Алла (Хақ), Бір жəне Əуелгі себеп туралы шəрқ жасай келіп: «Болмыстың түпкі себебі – Құдай (Хақ, Алла)», деген тұжырымға келеді. «Зат пен Болмыстың айырмашылығын жəне Құдайдың (Хақтың) бар екенін метафизикалық тұрғыдан дəлелдеп шықты». Ибн Рушди болса, өзінің «Қарсылыққа қарсылық» атты зерттеуінде Əл-Фарабидің «Табиғат матбуғатын» білімнің көзі деп бағалап: «Жаратылған дүниені танымаған – Жаратушыны тани алмайды» деп тұжырым жасаған болатын.
Міне, осы ғұламалардың Хақ, Бір, Бірлік, Қалау туралы шəрқтарының əсері Абайдың – Хақ, Алла, оның Бірлігі, Алланың тоқсан тоғыз сифаты туралы пайымдауларында анық та қанық аңғарылады.
Ал осы хакімдердің еңбектерінен Абай қандай ой ұшығын сабақтады?
Бұл ретте, Абай оқыған, не оқуы мүмкін, бірақ ықпалы оның «Қарасөзінен» анық аңғарылатын Əл-Киндидің «Əуелгі пəлсафа туралы» еңбегіндегі Хақ, Бір жəне Бірлік, Əуелгі Ақихат, Əуелгі себеп, Дүниенің соңы, Мəңгілік жəне Уақыттық туралы қағидаттары қаперге оралады. Мұны қаперге салмасақ: Абайдың пікірлері ойдан шығарылғандай – дəйексіз, ал біздің уəжіміз – ойжота айтылған дəлелсіз бопса сияқты көрінуі мүмкін.
Сонымен ең бірінші шындық (истина) – Ақихат бар. Оның аты – Хақ жəне ол Бір əрі еш бөлінбейтін Бірлікте. Пəлсафаның екінші анықтайтыны – сол Ақихатты бар еткен «Қандай» хикмет, ол «Қалай» «бар» болды? Хакімдердің хакімі Әл-Кинди Жаратқан иемнің жарату хикметі қақында не дейді? Ғалам қалай жаратылған жəне оның əуелгі себебі не? Оның пайымдауынша: «Ғалам – бастапқы Қалау арқылы қозғалысқа түскен мəңгілік объект. Əуелгі Ақихат осы».
Демек Əуелгі Ақихаттың Əуелгі себебі – Қалау. Ал Абайдың түсіндіруінше де Қалау. Қалау дегеніміз – Жаратқанның еркі. Дүние хикметін ғылымның құдіретімен бірлікте жаратқан. Ал ғылымның өзі Хақтың бір сифаты. Сондықтан да Абай: «Əлбетте, ғылым (бұл арада Хақтың бір сифаты, яғни Жаратқанның өзі мағынасында) құдіреті бар болады: хаяты – мəлім, бірі – Ирада, яғни Қаламақ. Ғылым (Жаратқан) бар болса, Қаламақ та бар. Ол еш нəрсеге харекет бермейді. Һəммаға харекет беретұғын (оның, Хақтың) Өзі» деп сифаттайды.
Абайдың, бұл арада «ғылымды» Жаратқанның тоқсан тоғыз сифатының бір сифаты, бір құдіреті ретінде, сол тоқсан тоғыз сифаттың иесі де оның Бір өзі екендігін ишара етіп отыр.
Демек «Қандай, қалай» деген екінші тылсымның жауабы – Хақтың Қалауы. Ал «Қалай» жаратты? деген сауалға бірден: «Бірлікте жаратты» деп жауап береміз. Өйткені ғаламның Бір жəне Бірлікте жаратылғанын сингулярлық қисын бойынша Эйнштейін дəлелдеп кетті. Абай оны: «Алла Тағалам өзінің құдіретімен бар дүнияны бір тарының қауызына сиғызды», деп жеткізген. Мұны қазіргі кванттық (зəррелік) ғылым жүйесі ғарыштық тəжірибелер арқылы растап отыр. Хақтың Бір болатын себебін осыдан он ғасыр бұрын Әл-Кинди: «Ол Біреу – Бір (Хенология). Сондықтан да ғаламдағы барлық заттық тіршіліктің түбі Бірлікке алып келеді» деп айтып кеткен болатын.
Оның бұл ойын Әл-Фараби: «Əмбебап (Куллиат) ғылымы барлық болмысқа (Бар болу мен Бірлік сияқты) ортақ дүниені қарастырады... Бұл ғылымның бастапқы объектісі – абсолюттік болмыс пен «əмбебаптық (куллиаттық) жағынан онымен балама нəрсе, яғни Бір. Бірақ қарама-қарсы корреляттар танымы (мутақабилат) Бір болғандықтан, бөліну мен көптіктің теориялық зерттеулері де осы ғылымға қосылып кетеді» деп одан əрі дамытқан.
Мұны Абай: «Біз Алла Тағала «Бір» дейміз, «Бар» дейміз, ол «Бір» демектік те – ақылымызға ұғымның бір тиянағы үшін айтылған сөз. Болмаса ол «Бір» демектік те Алла Тағалаға лайықты келмейді. Оның үшін мүмкинаттың (жаратылыстың) ішінде не нəрсенің ужуді (болмысы) бар болса, ол бірліктен құтылмайды. Əрбір хадиске айтылатұғын бір қадімге тəғриф болмайды» деп баяндайды.
Ал сол Бірлікте: «Əуелгі себеп бар жəне ол Біреу. Ол – Ақихат. Ақихаттың тегі жоқ. Сондықтан мəңгі. Сондықтан көбеймейді. Ақихатта мөлшер де, өлшем де жоқ. Көбеймейді де, азаймайды да» деп сыпаттама береді Әл-Кинди.
Əл-Фараби: «Бұл сыртқы себеп – Құдай (Хақ), ол, мəні жағынан Бір жəне əлемдегі барлық бірліктің қайнар көзі», деп тұжырымдайды.
Ибн-Сина: «Əуелгі Себеп... басқа да барлық себептерді тудырады» дейді.
Бұл таухидтің мағынасын Абай: «Ол «Бір» деген сөз ғаламның ішінде, əлем Алла Тағаланың ішінде» деп түсіндіреді.
Сондықтан да: «Ақихат – Бір, ол ақылмен ұғынылатын ешбір ұғымға жатпайды» дейді Әл-Кинди.
Бұл пікірді Абай: «Алла Тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулі мен өлшеусізді білерге мүмкін болмайды» деп һашиялап баяндайды.
Оның «ақылға симайтынының» себебін Əл-Кинди: «Ол – материя да емес, тек те емес, түр де емес, индвид те емес, белгілі бір ерекшелік те емес, меншік те емес, жалпы жағдай да емес, қозғалыс та емес, жан да емес, сана да емес, бəрі де, жартысы да, тұтастығы да емес, басқа бір нəрсеге қатысы бар «бір» де емес. Керісінше, ол – шексіз Бір» деп таухидтайды.
Оқымыстыларға ғана тəн ойлау жүйесінің ағысымен қағаз бетіне түсірілген Əл-Киндидің бұл қақпақыл қағидаттарындағы айнымалы ой екпінінің арасын ажыратып, Абай оны қайталап тəфсірлеуге болатын, көшпелілердің жад арқылы жатша салыстыратын талдау мəтібіне түсіріп: «Бірі – тəкуин (Жаратушы, Бар етуші), яғни барлыққа келтіруші деген сөз. Егер барлыққа келтірмегі бір өз алдына сифат болса, Алла Тағаланың сифаты өзіндей қадим (бар болуының бастауы жоқ), һəм əзали (шексіз ежелден бар) һəм əбəди (мəңгілік) болар да, һəмише (қашан да, үнемі) барлыққа келтіруден босанбаса, бір сифаты бір сифатынан үлкен, иə, кіші боларға жарамайды» деп тиянақтай таратады.
Сөйтіп, Қалау арқылы жаратылған мынау шексіз жалғанның болмысын Əл-Кинди: «Ол – тек саф Бірлікте (уахда фақат маһд)»;
Абай: «Ол Бірліктен (ешнəрсе) құтылмайды», деп қысқа қайыра тұжырым жасайды.
Сонымен біздің ойлануға, ойлану арқылы илануға, иланып отырып һаят кешуімізге тиісті басты ижтиһатымыз – Хақтың бар жəне Бір екендігі, оның Əуелгі Ақихатпен мəңгілік Бірлікте екендігі.
Мұнсыз қисын қуған, қисындырған пəлсафа, айтылған ой, келтірілген дəйек, сүйенген дəлел, ұйыған сенім – ешқандай мəн-мағынаға ие болмақ емес. Өйткені Хаққа, яғни «Аллаға ауыз (құр сөз) жөн емес». Ал: «Ақихатты іздеп жүрген адам үшін Ақихаттан бағалы еш нəрсе жоқ жəне Ақихаттың құны түспейді, сондай-ақ Ақихат туралы мəлімдеп отырған, не Ақихатты алып жүрген жан да оны кемсіте алмайды. Ақихат ешкімді кемсітпейді, Ақихат бəрінің дəрежесін арттырады».
Тіпті «Ақихат туралы мəлімдеп отырған, не Ақихатты алып жүрген жанның (хакімнің)» өзі де: «... Алла Тағаланы өзінің білінгені қадар ғана біле(ді)», дейді Абай.
Абайдың өзіне-өзі осылай үкім шығарып отырғанда, біздің əуселеміздің пəстігі айтпасада түсінікті.
Сонымен күллі адами танымға тән пәлсафа мен күллі ғылым атаулы –Хақты (түпкі Ақихатты), оның бірлігін, қалауын, сөзсіз мойындайды. Онсыз, «Тәурат» та, «Інжіл» де, «Забур» де, «Құран» да, Будда ілімі де, ең әуелгі ғылым – пәлсафа да, ең соңғы жаратылыс ғылымы – кванттық физика да мағынасыз құрғақ қиял болып қалмақ, яғни сөз етерлік мәннен айырылады. Сондықтан да Абай айтқандай: «Растың бір аты – Хақ... Бұған қарсы қаруласқанша, мұны ұғып, ғадалəтпен тəптіштеу керек».
«Абайдың жұмбағы», міне, осы Хақ пен оның Бірлігі туралы танымнан суыртпақ тартады. Ал оның сыртқы және ішкі сезімдік Әлемі, яғни Шариғат шарттарына дейінгі танымдары дербес талдаудың арқауы.