2024 жылдың соңына дейін Қазақстанда 207 жайлы мектеп салынады
Мемлекеттік сараптама кезінде жайлы мектептердің ЖСҚ қарау уақыты үш есеге қысқарады. Жайлы мектептердің жобалық-сметалық құжаттамасын қарау мерзімі 45 күннен 15 күнге дейін қысқарады. Бұл туралы Samruk-Kazyna Construction Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов Instagram-дағы онлайн-брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды egemen.kz.
2024 жылдың соңына дейін 207 жайлы мектеп салынып, пайдалануға беріледі. Қазір екі сейсмикалық және үш климаттық аймақ бойынша 32 үлгілік ЖСҚ әзірленуде. SK Construction басшысының айтуынша, жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу тамыз айының басында аяқталады.
«Сарапшылар жайлы мектептердің жобалық-сметалық құжаттамалары бойынша сараптама қорытындысын 45 күннің орнына 15 күн ішінде беруге дайын, бірақ олар сапалы әзірленген жағдайда ғана. Бұл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру қазір басымдыққа ие екенін білдіреді. Сондықтан біз тапсырыс беруші ретінде ЖСҚ әзірлеу сапасын қатаң қадағалаймыз», деді Айманбетов.
Ол жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге әдетте 9 айға дейін уақыт кететінін атап өтті. Алайда, Ұлттық жобада бұл үдеріс ЕРС-келісімшарт есебінен жеделдетіледі, өйткені барлық үдерістер бір уақытта жүреді, бұл уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ мектептер пайдалануға берілгеннен кейін кешенді сараптаманың оң қорытындысын алған жайлы мектептердің дайын жобалық-сметалық құжаттамалары құрылыс комитетінің банкіне кіреді. Болашақта қажет болған жағдайда осы мектептердің дайын жобаларын алуға болады.
Тікелей эфир барысында Айманбетов мектептердің саны неге қысқарғанын түсіндірді. Бастапқыда ұлттық жоба аясында 401 білім беру нысанының құрылысы жоспарланған еді. Оңтайландыру жүргізілгеннен кейін олардың саны 369-ға дейін қысқарды. SK Construction басшысының айтуынша, мектептердің санын Оқу-ағарту министрлігі бекітеді.
«Бұған дейін өңірлерде егжей-тегжейлі тексеру жүргізіліп, кейбір әкімдіктер өтінім беру кезінде мектептердің санын қажеттіліктен асыра көрсеткені белгілі болды. Мысалы, ауылда бір мектеп бар, оның өзінде оқушы саны аз. Бұған қарамастан жергілікті атқарушы органдар «Жайлы мектеп» жобасы бойынша тағы біреуін салуға өтінім берген. Осы және өзге де жағдайлардың бәрін ескере отырып, мектептердің жалпы саны азайды», деді ол.
Басқарма төрағасы құрылысты кешіктірген мердігерлер қандай жауапкершілікке тартылатынын айтты. Егер мердігер жұмыстарды орындау мерзімін кем дегенде екі рет 7 күннен артық уақытқа кешіктірсе, келісімшарт біржақты тәртіппен бұзылады. Ал мектептің құрылысы басқа компанияға беріледі. Барлық жайлы мектептерді уақытылы салып, тапсыру үшін осындай қатаң шаралар қабылданып жатыр
«Оның үстіне, егер мердігер шарт талаптарын орындамай, жұмысты уақытылы атқармаса, бізде банктік кепілдік бар. Яғни, мердігер жосықсыз болғанның өзінде, бюджет ақшасы далаға кетпейді», деп сендірді Мәулен Айманбетов.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасына 2,3 трлн теңге бөлінді. Оның ішінде 461 млрд теңге Ұлттық қордан, ал 1,8 трлн теңге республикалық бюджеттен беріледі.
Бүгінгі таңда 116 жайлы мектеп бойынша конкурстық рәсімдердің қорытындысы шығарылып, мердігерлермен шарттар жасалды. Олар алдын-ала төлем алып, құрылысқа дайындық жұмыстарын бастады. Қалған нысандар бойынша байқау қорытындысы мен шарт жасасу 2023 жылдың 10 тамызына дейін жоспарланған.
Ұлттық жобаны іске асырудың екінші кезеңінде 2025 жылдың соңына дейін 152 мектеп салу жоспарланған. Қазір бастапқы деректерді жинау және учаскелерді рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.