Түлектер тартуы
Жуырда ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық қосымша білім беру орталығының тапсырмасына сәйкес, жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын шығармашылықпен тиімді қамтамасыз мақсатында «Қазақстан – бақытты балалық мекені» тақырыбында бітіруші түлектердің «Жұлдызды түлектер» атты шығармашылық концерті өтті.
Кеш барысында оқушылар өз аспаптарында түрлі шығармалар ойнап, өзара тәжірибе алмасты. Осынау уақыт ішінде мектеп абыройын арқалаған, мақтаныштары Нұрболат Абу флейта аспабында ойнаса, Динара Тоғыс фортепиано және Саят Ильясов пен Мансұр Айтпай гитарада құйқылжыта өнер көрсетті. Сонымен қатар баян класының оқушысы Бексұлтан Сақи шығарманы үздік орындап, қос ішекті күмбірлеткен Даяна Сербаева, Марина Балапанова, Ақсезім Сақан, Есімхан Көлбай қазақ күйлері мен шығармаларын өз нақышында орындап, көрермендердің ықыласына бөленді.
Жыл сайын өз жалғасын тауып келе жатқан мектеп түлектерінің шығармашылық тартуы әсерлі өтті. Кеш соңында мектеп ұжымы бітіруші түлектерге сәт сапар және болашақтарының жарқын болуына тілектестік білдірді.
Айта кетейік, Қазалы аудандық өнер мектебі ширек ғасырдан бері жас музыканттарды тәрбиелеп келе жатқан ауданымыздағы жалғыз оқу ордасы. Мектепте білім алған талантты шәкірттер аудан, облыс, республика көлемінде түрлі жарыстарда топ жарып, мектепті сәтті аяқтады. Осы уақытқа дейін өнер ордасы талай дүл-дүл өнерпаз шәкіртті ұядан ұшырды. Биылғы жылдың өзінде өнер мектебін 94 түлек тәмамдаса, оның ішінде болашағын музыкамен біте байланыстырып, жоғарғы оқу орындарына түсуге талаптанып отырған шәкірттер қарасы қалың.
С.ӘЛИҰЛЫ