«Мопед» мінгендер нені білуі керек?
Соңғы жылдары елімізде «мопед», «скутер» мен «самокат» мінетіндердің саны күрт артып келеді. Себебі мұны мінген адам тапқан ақшасының жартысын жанармайға жұмсау шығынынан құтылады. Тіпті жүргізуші куәлігінің де керегі жоқ. Бағасы 200 мыңнан басталатын көліктің қолжетімділігі өз алдына бөлек елітеді. Ал «мопедтің» фанатына айналып үлгергендер ең қымбат 2 миллион теңгенің техникасын сатып алудан тартынбайды. Алайда бұған Мәжіліс депутаттарының айтар уәжі бар. Жүргізуші құжатын керек етпейтін жеңіл көлік құралдары адам өміріне орасан қауіп келтіру мүмкін. Бұдан кейін мопед пен самокат сатылымы төмендеп кетті.
Қос аяқты құрылғыға қалай шүйліктік?
2015-16 жылдары көптеген шетелдік тамақтану желісі бар дүкендер жеткізу қызметіне кететін шығынды үнемдеу, уақытты қысқарту мақсатында қос аяқты құрылғылардың түр-түрін сатып ала бастады. Мұның әу баста қазақтың ауылда мініп жүрген Урал, Желмаялардан айырмашылығы қала тыныштығын бұзбайтынында жатса керек. Осылайша үнемді көлік бүгінде қала тұрғындарының қатынас құралына айналып үлгерді. 16 жасқа толған, жүргізуші куәлігі жоқ оқушылар сәнді мопедтермен мектепке қатынап жүр. Ал электронды самокаттар ауылдағы бес жасар бүлдіршіндердің ойыншығына айналған.
Қазақстан автобизнес Ассосациясының жариялаған дерегіне сүйенсек, елімізде 400-500 мыңның айналасында қос аяқты тұлпар бар. Жыл сайын сырт мемлекеттерден орташа есеппен 6-7 мың мопед кіргізіледі. Қазіргі күні оның үштен бір бөлігі шағын мотоциклдерді тіркеусіз мініп жүр. Мәжілісмендер төленбей жүрген салыққа шүйлігіп отыр деп ойларсыз. Бірақ олай емес. Елімізде соңғы 3 жыл ішінде самокат, мопедтердің қатысумен жүздеген жол көлік оқиғасы тіркеліп, ондаған адам қос аяқты көліктің соққысынан көз жұмған. Оның ішінде әлі бесіктен белі шықпаған балалар да бар. Мысал ретінде айтар болсақ, былтыр тамақ жеткізуші үлкен жылдамдықпен келіп, 2 балақайды қағып кетті. Тағы сол Алматы қаласында курьер 80-нен асқан кейуананы аурухана төсегіне таңып берді. Осыған ұқсас жағдай Жезқазғанда орын алып, жеткіншек дәрігерлердің күшімен аман қалды. Жақында ғана Ішкі істер министрлігі полицейді мопед айдаған жеткіншектің қағып кеткені туралы хабарлама таратты.
Көптің көңілінің бұрылуына себеп болды, өткен жылы тіпті Алматы облысының экс-әкімі Ерболат Досаевтың өзін желмен жарысқан жүйріктер қағып құлата жаздаған. Осыдан кейін аталған мәселе Мәжіліске де жетті.
Депутаттар дегенін істетті
Мамыр айының бірінші жартысында Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданғаны белгілі. Қызығы сол, құжат электр самокаттар мен скутерлердің жолда жүру тәртібін реттеуді көздейді.
Депутаттардың айтуынша, монодөңгелекті көліктердің автокөлік жолдары және тротуармен жүруі жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге айтарлықтай қауіп төндіріп отыр.
– Бүгін біз электр самокаттардың жүрісін реттеу бойынша алғашқы түзетулер топтамасын ұсынып отырмыз. Жобаға сәйкес электр самокаттар көлік құралы ретінде танылады, сондай-ақ жүру жылдамдығы сағатына 25 километрге дейінгі көлік құралдары электр самокат санатына жатады. Электр самокаттар велосипед жолдары мен жол жиектерінде шектеусіз жүре алады. Тротуарларда сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі. Бұл тәсіл – көліктің жаңа түрін пайдаланатындар мен жаяу жүргіншілер үшін ең қолайлы шешім.
Шектеулерді қадағалау қиын. Бірақ мұндай жылдамдық шамамен жаяу жүргіншілер легінің жылдамдығына тең. Бұл жылдамдық сырттай көзбен шолып анықталады. Электр самокаттың жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде автобус жолағымен бір қатарда жүруіне жол беріледі. Алайда, бұл үшін жүргізуші 18 жасқа толуы және шлем киюі керек. Сондай-ақ оның үстінде жарық шағылыстыратын киім мен кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы қажет, – деді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.
Осы жаңалықтан кейін самокат пен скутерлерге қызығушылар саны күрт төмендегенге ұқсайды. Себебі қазақстандық интернет дүкендерде пайдаланылған құрылғылар көптеп сатылымға шығарылған. Ал электроскутер сататын дүкендер қалыпты пайдасынан қағылып отыр.
Қолданылған самокаттар жаппай сатылып жатыр
Әдеттегідей, «халық қалаулыларының күндеріне әрең көріп жүрген курьерлерден басқа айналысатын ісі жоқ па?» деген сауалмен халық әлеуметтік желіде ашу білдіргендей болды. Бірақ арзан көлік мінгендердің игілігі мен жүргіншілер қауіпсіздігі таразыға салынғанда екіншісі басым болары анық.
Хош, «Заң жобасы дайындалып жатыр» дегеннен-ақ монодөңгелек сатып отырғандардың айналымы азайды. Сарапшылардың дерегінше, биыл сәуір мен мамыр аралығында дүкендегі самокаттардың саудасы 30 пайызға дейін төмендеген. Басты себеп – құжаттағы «Тротуарларда сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі» деген сөйлем екені анық. Өйткені бұл тезірек жүретін жаяудың орташа жылдамдығы деседі.
– Қазір Шымкент қаласындағы университетте оқимын. Ара-тұра тез дайындалатын тағам жеткізуші болып жұмыс істеймін. Жұмыстан әрқайсысымызға скутер, самокат беріп қойған. Заң күшіне енер болса, тағамды ыстық күйінде жеткізуде қиындық туады. Басшылық мұндай жағдайда көлікпен жеткізу қызметін қосып, фаст-фут тағамдарын қымбаттататыны анық.
Рас, жол ережесін білместікпен екі рет бұзғаным бар. Үлкен қалада мұндай жағдаймен кез келген көлік жүргізушісі ұшырасады емес пе? Бұрындары жеке электронды самокат сатып алсам деп ойлайтын едім. Қазір онлайн-дүкендерде мұндай заттар толып тұр. Бағалары да қолжетімді. Алайда мұны сатып алудың ендігі пайдасы жоқ сияқты. Себебі жүріс шектеуі енді. Полицейлер де айыппұлды аямай салатыны белгілі, – дейді қазалылық студент Айдос Еркін.
Жол ережесін бұзғандар жазаланады
Электрсамокатпен жүретін адамның басында шлем, ал үстінде жарық шағылыстыратын элемент болмаса, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Оған ескерту жасалады немесе 3 айлық есептік көрсеткіште (биыл – 10 350 теңге) айыппұл салынады.
Жолаушылар мен жүктерді тасуға қатысты шектеу бұзылса, 5 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге тура келеді. Тротуармен жүретін электрсамокаттың жылдамдығын анықтау қиын. Дегенмен сағатына 6 шақырым шамамен жаяу жүргіншілер легінің жылдамдығына тең.
Сондықтан тәртіп бұзушыны сырттай көзбен анықтауға болады. Бұдан бөлек, полицияда жылдамдықты анықтайтын «Кибер-шериф» жылжымалы кешендері бар. Соның көмегімен нақты жылдамдықты тіркеуге мүмкіндік бар. Кәмелетке толмаған балалар мінген электросамокат жол апатына ұшыраса, онда заң бойынша ата-анасы жауапқа тартылады.
Бұдан бөлек наурыз айынан бастап полиция «Сергек» арқылы мопедпен жүретін курьерлерді бақылау бойынша пилоттық жобаны қолға алды. Мұны жұмыс істету үшін курьерлікпен айналысатын барлық компаниялардың жеткізу қызметкерлері туралы ақпарат жинақталып жатыр.
– Әр жеткізу қызметінің өкіліне жарықпен шағылысатын номер тағайындалады. Сол номер арқылы оның қозғалысы «Сергек» камераларымен қадағаланады. Жоба жол-көлік оқиғаларын азайтуға мүмкіндік береді», – деді Sergek Development компаниясының өкілі Нұрбол Әміржан.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ