Көлік сатып алушыға 5 кеңес
Елімізде темір тұлпар мінгендер қатары күн санап артып келеді. Арамызда алдағы күндері арғымақ мінсем деп жүрген жандар да жетерлік. Жасыратыны жоқ, су жаңа көлік мінетіндер қатары көп емес. Ал бұрын мінілген көлікті сатып аларда нені білген жөн. Оның сапасын қалай анықтауға болады?
Бұрын мінілген көлікті таңдар кезде, ең бірінші көңіл аударатын нәрсе – оның техникалық жағдайы. Негізінен, автокөлік үлкен 3 бөліктен тұрады. Ол шанағы (кузов), моторы және қосжүрісі (ходовкасы). Осы 3 бөліктің жағдайына баса назар аударған жөн. Егер де олардың жайын тексеруге техникалық біліктілігіңіз жетпесе, машина жөндейтін таныс шеберден немесе техникадан хабары бар досыңыздан көмек сұраңыз.
Өзіңізге ұнаған машинаны қараған кезде шанақтың жағдайын тексерген дұрыс. Шанақтың тот басу-баспауын, бауырын (днище) тексеру қажет, арнайы қоспалар жақында жағылған болса, өте сақ болған дұрыс. Себебі сатушы иесі тотты жасыру үшін бояп қоюы мүмкін.
Дөңгелек тұратын ұяның (колесная арка), есіктің ернеулерінің тігістерінде тот болмағаны дұрыс. Ал шанаққа жағылған бояудың бір текті болғаны жөн.
Көліктің жол апатында (аварияда) болғанын-болмағанын білуге де болады. Мәселен, шанақтың қабысатын бөліктерінің арасындағы ұзын саңылаулардың біркелкі болмауы (капоттың шанақты жауып тұрған кездегі оның оң және сол жағындағы саңылауы), жапқан кезде есіктердің шанақпен нық қабыспауы, шанаққа жағылған бояудың біртекті болмауы, лонжерондарында жамау болса, олар оңдалған болса, онда машина сапасына күмән келтіруге болады.
Капотты ашып, майдың деңгейін тексеретін таяқшаның ұшындағы жанармайға көңіл бөліңіз. Ол күйедей қап-қара, судай сұйық болмауы тиіс. Моторы жаңадан тазаланып-жуылған болса, ол сатушының май дақтарын жасыруға бағытталған қулығы болуы мүмкін. Ерінбей СТО-да мотор поршеньдарының қысымын тексертіңіз, себебі мотордың қуаты осы қысымға тікелей байланысты.
Қорыта айтқанда, көлік таңдауда бұдан да басқа мән беретін мәселелер көп. Ал бұрын мінілген көлікті сатып аларда сіз неге мән бересіз?