Білім беру ұйымдарында дабыл түймелерін орнату 92 пайызға аяқталды
Еліміздің білім беру ұйымдары 100% бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан айтты, деп хабарлайды inform.kz.
«Білім беру ұйымдарының қауіпсіздік құралдарымен қамтылуы мәселесіне тоқталсақ, еліміздің білім беру ұйымдары 100% бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Бұл ретте, әкімдіктер бейнебақылау жүйелерін нұсқаулықтың жаңа талаптарына сәйкестендіру бойынша жұмысты жалғастырып келеді. Білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйелерін жедел басқару орталықтарына немесе ішкі істер органдарының кезекші бөлімдеріне қосу деңгейі 83%-ға немесе 5,5 мыңнан аса білім беру ұйымында (1 259 балабақша, 4 084 мектеп, 245 колледж) қамтамасыз етілген», - деді Е. Оспан Мәжілісте мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйелері тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысында.
Оның айтуынша, лицензияланған күзетпен қамтамасыз ету 75%, яғни нұсқаулық талаптарына сәйкес ірі қалаларда лицензияланған күзетпен 1 900-ден астам білім ұйымы шарт бекіткен.
«Ал, күзет фирмаларына қосылған дабыл түймелерін орнату білім беру ұйымдарының 92 пайызында аяқталды. Өңір әкімдіктеріне жаңа оқу жылының басталуына дейін қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты аяқтау тапсырылды. Осы мақсатта жергілікті атқарушы органдар білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қаражат бөлді. Бұл жұмыстар министрліктің бақылауында», - деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде жергілікті бюджетте білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жүйелерімен одан әрі қамтамасыз етуге 12 млрд 777 млн теңге сомасында қаражат қарастырылған
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2020 жылмен салыстырғанда жедел басқару орталықтарына қосылған білім беру ұйымдарының саны 11 есеге (2020 ж. – 500, 2023 ж. – 5 588) артты.
Оқушылары көп және ірі қалаларда орналасқан білім беру ұйымдарында лицензияланған күзеттің қамтамасыз етілмеуі анықталды.