Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Талапшыл ұстаз бен талантты шәкірт

Талапшыл ұстаз бен талантты шәкірт

Жуырда жалпы білім беру ұйымдарының 8-11 сынып оқушылары арасында республикалық «Ілияс Жансүгіров оқулары» байқауы онлайн режимде өтті.
Байқаудың мақсаты – мектеп оқушылары арасында Ілияс Жансүгіров шығармаларын насихаттау, оқушылардың поэзияға деген құштарлығын арттыру, өлең сөзінің құдіретін жанымен сезініп, жүрегімен түсіне білуге баулу. Жас ақындарға рухани қолдау көрсетіп, шығармашылық жұмыс түрлерін жандандыру.
Осындай бәсі бөлек байқауда «Ілияс – сөз шебері» бағыты бойынша Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің 9 «А» сынып оқушысы Әлия Кенжебекқызы бас жүлде иеленді. Көркемсөз оқудың хас шеберін жетекшісі Әлия Сағымбаева шығармашылыққа баулып, білген-көргенін үйретуден жалыққан емес.
Озат оқушы Әлия Кенжебекқызының есімі «Озаттар» атты білім саласының үздіктері энциклопедиясына енген. Аудандық мәнерлеп оқу сайыстарының жеңімпазы. «Бәрі де, ана, бір өзіңнен басталады» атты жас ақындар мүшәйрасында да бақ сынап, үшінші орынға ие болды. «Әбіш оқулары» байқауының сахналық қойылым бағыты бойынша аудандық, облыстық кезеңінің бірінші орын жеңімпазы. Республикалық кезеңіне қатысып, көрерменнің көзайымына айналды.
Әлия жуырда ғана өткен республикалық Ілияс Жансүгіров оқулары байқауының бас жүлде жеңіп алып, 200 мың теңгелік сертификат иеленді.
Талантты шәкірттің ұстазы әрі жетекшісі Әлия Сағымбаева Жолдыбайқызы №249 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Шығармашыл ұстаздың еңбек өтілі 19 жыл. Ізденімпаз жан облыстық мұғалімдер арасында өткен эсселер байқауының, республикалық буктрейлер байқауының жеңімпазы. Пән бойынша республикалық байқауларға 6 оқушысы қатысып, 3-еуі жеңімпаз атанған. Әлия Жолдыбайқызы облыстық кәсіподақ ұйымының және облыс әкімінің «Алғыс» хатымен, Білім және ғылым министрі А.Аймағанбетовтың «Құрмет» граматасымен марапатталған.
– Әлия өте зерек бала. Поэзияны нақышына келтіре орындайды. Әдеби кітаптарды сүйіп оқиды. Есте сақтау қабілеті жоғары. Үнемі білсем, үйренсем деген ниеті мені ерекше сүйсінтеді. Оның тілге, ақын-жазушылардың шығармаларына деген құрметі, қызығушылығы өзгелерден ерек. Өнерлі оқушымның болашағынан күтерім көп, – дейді жетекшісі Әлия Жолдыбайқызы.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
23 мамыр 2023 ж. 289 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 36

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930