Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазалылық Ажаркүл Алдажарова жастарды еңбекқорлыққа шақырады

Қазалылық Ажаркүл Алдажарова жастарды еңбекқорлыққа шақырады

Ежелден-ақ ұлы халқымыз аналар мен қыз-келіншектерді, қыздарын ерекше құрмет тұтқан. Нәзік жандыларға ізет пен ілтипат көрсетіп, жүрек жылуларын арнаған. «Жұмақтың кілті – ананың табанының астында» деген аталы сөз осындай ұлағатты үрдістен қалса керек. Ұлттық әдебиетіміздегі Құртқа, Қарлыға, Баян, Ақжүніс, Қарашаш, Еңлік, Жібек, Ботакөздің өшпес бейнелері талай көңілдерді баурап, өмір жолдарына баянды бағыт сілтеді. Бойларына батылдық пен қайсарлық қасиеттерді дарытты.
Осы тұста бүгінгі заман аналарының озық үлгісі ретінде Ажаркүл Алдажарованы тілге тиек етсек ешкім қарсы дау айта қоймас. Өйткені ол жас шағынан ұлттық құндылықтарымызбен сусындап, кеудесіне қазақы мінездерді қалыптастырған.
1950 жылы қазіргі Жалаңтөс батыр ауылында қарапайым колхозшы отбасында туған көкөрім қыз ауылдың күнұзағына толастамайтын тынымсыз тірлігімен біте қайнасып өсті. Оң мен солын танығаннан бастап ата-анасына қолғабысын көрсетті.
Бір сәтте тоқтауды білмейтін уақыт сынаптай сырғып алға жылжыды. Балдәурен балалық кезеңмен қоштасып, қолдарына кәмелеттік аттестаттарын алды. Сыныптас құрбы-құрдастарының біразы арман жетегіне еріп, жоғарғы оқу орындарына түсуге талаптанды.
Ажаркүлдің көкірегінде жастықтың жігер оты жалындады. «Кіндік қаным тамған туған жерімде боламын. Оның экономикалық жағынан өсіп-өркендеп, көркейе түсуіне перзенттік үлесімді қосамын!» деген берік байламға келді. Бұл тілегін ауыл басшыларына жеткізді.
Диқан кетпенін қолға алып, күріш егуге кірісті. Көктем келіп, күн жылт етісімен, егінжай басындағы қайнаған еңбектің ортасынан табылды. Өзіне бекітіліп берілген жерді механизаторлардың көмегімен агротехникалық талаптарға сай баптады. Егістікке мөлшерлі тыңайтқыш сіңірілді. Алқапқа дән себілісімен жұмыс қыза түсті. Таң алакеугімнен қас қарайғанша тыным таппады. Мезгілімен атыздарды суға бастыруға бар күшін салды. Шаршап-шалдыға жүріп, бұл шаруаны ойдағыдай аяқтап шықты.
Күріш баладай бап тілейтін дақыл екен. Жас диқан осы істің басы-қасында жүргелі бері мұны жақсы ұғынды. Жаз бойы маңдай терін төге еңбек еткен Ажаркүл сол жылы 40 центнерден өнім келтіріп, қуанышқа кенелді.
1976 жылы тегістелген жерге еккен күріштігінің әр гектарынан 99 центнерден өнім жинап, шаруашылық абыройын аспанға көтерді. Есімі алқалы жиындарда мақтанышпен ауызға алына бастады. 1978 жылы ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін, 1980 жылы Бүкілодақтық халықшаруашылығы көрмесінің «Алтын» медалін кеудесіне тақты. Ы.Жақаев атындағы жүлдені иемденіп, облыстың үздік күрішшілері сапына қосылды. Бірнеше рет сайлаушыларының қолдауымен облыстық Кеңестің депутаты болды. Қажырлы еңбегі үшін 1981 жылы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Аудандық, облыстық партия конференцияларына делегат, облыстық партия комитетінің мүшесі болып, абырой асқарына көтерілді. 1990-1994 жылдары Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланып, халық сенімін арқалады. 2009 жылдан бері Қазалы ауданының құрметті азаматы.
Өзінің қазақ аналарына тән жігер-қайратының арқасында диқандықты игеріп, жоғарыдағыдай атақ-дәрежеге жеткен Ажаркүл Алдажарова бүгінде Жалаңтөс батыр ауылында тұрады. Диқан кетпенін серік ете жүріп, Гүлжан, Ерлан, Гүлнар, Нұрсұлтан, Әсем есімді ұл-қыздарына тәлімді тәрбие берді. Олардың бәрі де өмірден қалаған орындарын тауып, өз алдарына үйлі-баранды болып отыр. Сүйкімді немерелерінің «әже» деген тәтті сөздерін естігенде төбесі көкке жеткендей болады.
Ажаркүл апа ізбасар сіңілдері мен келіндерінің биік адамгершілік деңгейінде өмір сүрулеріне тілекші. Олардың көңілдерінен әрдайым ибалық пен ізеттіліктің, мейірімділік пен адамгершіліктің, жігерлілік пен төзімділіктің нұрлы шуағы төгіліп тұрғанын қалайды. Бұралаңы көп өмір жолында өз орнын таба алмай жүрген талай жастарға ақыл-кеңесін беріп, дұрыс бағдар сілтеді. Көптен ажырамай, қатарға қосылуына ықпал жасады.
Қайбір жылы ауылдық клуб жанына өнерлі қыз-келіншектерді топтастырып, «Өнеге» әжелер ансамблін ұйымдастырды. Ұмыт болып бара жатырған халық әндерін көрермендер арасында насихаттап, ұлттық мұраларымызды жаңғыртуға атсалысты.
«Отбасы – шағын мемлекет» деп ақындарымыз жырлағанындай, шаңырақта береке-бірліктің ұялауы жұбайлардың өзара сыйластығына да байланысты. Менің белгілі күрішші атанып, мәртебемнің өсуіне өмірлік серігім Ержігіттің қамқорлығы мен көмегі тиді. Өндіріс саласында бірге жұмыс істеп, бір-бірімізге сүйеу болдық. «Еңбек түбі – береке» деген. Сондықтан бүгінгі жастардың ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүрмей, еңбекқор болып, жақсылыққа талпынып тұрғандары жөн»,- дейді дүйім жұртқа танымалы Ажаркүл Алдажарова.
Жас толқынның құлағына алтын сырға. Ардақты да абыройлы ананың дуалы аузынан шыққан лебізді көкірек сарайларына тоқи жүргенінің бүгінгі жастар үшін пайдасы мол екендігі айна қатесіз шындық.
19 мамыр 2023 ж. 375 0

Мен таңдаған мамандық

30 қараша 2024 ж. 24

Отыз жылдық белес

30 қараша 2024 ж. 32

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930