Қос ішекті тербеткен термешілер
Алға ауылдық округі әкімдігінің қолдауымен Ү. Түктібаев ауылдық клуб үйінде Қазалы аудандық «Жанқожа батыр» мешітіне қарасты «Орынбет ишан» мешітінің ұйымдастыруымен қасиетті Рамазан айының құрметіне «Жәннәттің кілті-Ананың табанының астында» атты ұлағатты ұстаз Жібек Әлиқызын еске алу мақсатында аудандық термешілер сайысы өткізілді.
Шараны аудан әкімінің орынбасары Д.Тлеумбетов салтанатты түрде ашып, тұрғындарды Рамазан айымен құттықтап, үнемі рухани түрде айтулы шараларды ұйымдастырушы болып табылатын Ғабдулла Ізәтқа аудан әкімінің құттықтауын табыстады.
Ұлағатты ұстаз Жібек Әлиқызының рухына «Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы Б.Сүлейменов құран бағыштап, Рамазан айында өткізілген шараның мән-мағынасын айтып берді.
Термешілер сайысына аудан бойынша 8 талапкер қатысып, көмейден үн, таңдайдан тамылжыған жыр төгіп, көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлады.
Әділқазы құрамында болған айтыскер ақын Т.Дүңкеев, жырау Қ.Сүйіндік және аудандық «Қазалы» газетінің бас редакторы, ақын Е.Жұмабекұлы термешілердің сахналық үрдісімен терме нақышының орындалуын бағамдап, І орынды кенттік Өмірзақ Жанболатқа тарту етсе, ІІ орынды Ғ. Мұратбаев ауылынан қатысушы Ербозов Ахан еншілесе, О.Балмағамбетовпен А.Әбілханға ІІІ орын бұйырды. Қалған талапкерлерге ынталандыру дипломымен қатар қаржылай сый-сияпат берілді.
Шараға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Б.Жолтаев, «Тәжік-Ауған» қақтығысына қатысушы ардагерлері және Жібек Әлиқызымен әріптес болған әйелдер кеңесінің төрайымдары арнайы қатысып, ұлағатты ұстаз туралы естеліктерін айтты.
Айтыскер ақын Т. Дүңкеевке, арнау айтып тебіренткен ақын Ә. Ниязбаевқа дәстүрге сай шапан жауып құрмет көрсетілсе, «Анаға сағыныш» әнінің орындаушысы Ж. Айжігітқызына "Орынбет ишан" мешіті атынан сый ұсынылды.
Шара аясында ұйымдастыру алқасының мүшелері Е.Ағырай, Қ.Мұхашов, Н.Қаманов, Ж.Айжігітқызы және Н.Махамбет ауданның бас имамының алғыс хатымен марапатталды.
Термешілер сайысын айтыскер ақын, сазгер Е. Ағырай жүргізіп отырды. Жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көрермендерге керемет рухани әсер берген кешті округ әкімі О. Ахметов қорытындылап, ұйымдастырушы азаматтарға алғыс білдірді.
Айта кетейік, шара басы №88 орта мектеп ғимаратындағы ұлағатты ұстаз Жібек Әлиқызының атындағы сынып бөлмесінен бастау алды.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат