Қазақ халқының балаға қатысты ырым-тыйымдары
Әр халықта дәстүр-салтымен, діни наным-сенімімен байланысты ырым-тыйымдар бар. Назарларыңызға қазақ халқындағы балаға қатысты тыйымдарды ұсынамыз.
Нәрестенің бетіне ай сәулесін түсірмейді. Ай сәулесі бетіне түссе, ол ауруға шалдығады.
Жаңа туған баланың кіндігі қатқанша, күн батқаннан кейін үйден күл шығармайды. Егер күл шығарылса, нәрестеің денсаулығы нашарлайды.
Бала қырқынан шыққанша, түнде алып жүрмейді. Нәрестенің бетіне ай сәулесі түсуі мүмкін.
Бейуақытта баланың киімін далаға жаймайды.
Баланы ожаумен ұрса, ырыс-несібе кетеді.
Баланы сыпырғышпен ұрмайды. Сыпырғы тиген бала жаманшылыққа ұшырайды.
Балаға үлкен адамның алдын кесіп өтуге, үлкендердің сөзіне араласуға болмайды. Бұл - әдепсіздіктің белгісі.
Қыздардың ұлдарды тебуіне болмайды. Бұл келеңсіздік болып есептеледі.
Дүниеге келген нәрестенің кіндігін ақ балтамен кесіп, таза жіппен байлайды да, түбіне күл себеді. Ақ балтаны өзге нәрсеге пайдаланбай, сақтап қояды. Ер баланың кіндігін үйкүшік болмасын деп, қырдан асырып лақтырады. Ал қыз баланың кіндігін үйдің құты болсын деген ырыммен ошақ түбіне көмеді.
Жаңа туған сәбиді емізбестен бұрын таза суға малынған қасқырдың жүнімен ауыздандырады. Ерте кезде қасқыр киелі саналған, сондықтан да бұл ырым бала қасқырдай қайратты да қажырлы болсын деген ниеттен туындаған.
Нәрестенің ұйқысы тыныш болуы үшін және жын-шайтанды қуу мақсатымен адыраспанды отқа жағып түтетіп, баланы бөлерден бұрын бесігін айналдырып, аластап шығады. Бала бөленген бесіктің үстіне жеті нәрсе (шапан, кебенек, тон, жабу, жүген, қамшы және бесік көрпе) жабады.
Кебенек пен қамшы ел қорғайтын ер болсын дегенді білдіреді.
Ұл баланы қырық күнге жеткізбей, 37-39 күнде, ал қыз баланы қырық күннен асырып, 42-44 күнде қырқынан шығарады. Бұл ұл баланың қалыңдығына төлейтін қалың малы аз болсын деген ырым.
Сәби шалқасынан жатып, алаңсыз ұйықтаса, елге белгілі азамат болып өседі, бүк түсіп жатса, уайымшыл немесе жігерсіз болып шығады, ал етпетінен жатып ұйықтаса, ойшыл болады, егер аяқ-қолын еркін созып ұйықтса, болашақ батыр, кемеңгер болады деп ырымдаған.
Қыз балаға шашы ұзын болып өссін деп желке жегізеді.
Баланың желкесі шұқыр болса немесе желкесінен сүйсе, қырсық болып өседі деп ырымдаған.
Баланың орайы екеу болса, екі рет үйленеді немесе қыздың орайы екеу болса, екінші рет тұрмысқа шығады деп ырымдайды.
Шөбересінің алақанынан су ішкен қарт жұмаққа барады деген ырым бар.