Ақанжан ақын ардақталды
Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен Әйтеке би кенттік мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Ақанжан Келімбетовтың туылғанына 95 жыл толуына орай «Ақынның қаламы – адалдық алаңы» тақырыбында көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті.
Байқау барысында кенттік кітапхана ұжымы дайындаған ақын өмірінен сыр шертер «Жолында адамдықтың тұрып келем» атты кітап көрмесі келушілер назарына ұсынылды.
Ақанжан Келімбетов 1928 жылы Қазалы ауданының Аранды ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1953 жылы Қызылорда қаласындағы педогогикалық институттың тарих факультетін бітіріп, Қостанай облысының Урицкий ауданында және өзі оқыған №25 орта мектепте мұғалім болды. Ізденімпаз ұстаз өлке тарихын зерттеумен де айналысты. Аудандық «Білім» қоғамының жауапты хатшысы қызметін атқарды. №266 мектеп-гимназияда ұзақ жыл ұстаздық етіп құрметті еңбек демалысына шықты. Қай кезде де қолынан қаламы түспеген ақынның өлеңдері мен зерттеу мақалалары жергілікті газеттермен республикалық басылымдарға жарияланды.
Қазақстан Республикасының халыққа білім беру ісінің «Үздік қызметкері» белгісімен наградталған, жоғары категориялы мұғалім атағы бар, «Еңбек ардагері», «Тылдағы жанқиярлық еңбегі үшін» медалының иегері, бірнеше жинақ кітаптың авторы Ақанжан Келімбетовтың туылғанына биыл 95 жыл. Осы орайда ұйымдастырылған көркемсөз оқу шеберлерінің байқауына 40 жуық талапкер қатысты. Байқауға қатысушыларға сәттілік тілеген мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Болат Жолтаев ақын туралы айтылған естеліктерге тоқталды. Сонымен қатар, ағайын-туыстары, ұрпақтары атынан ақынның інілері Мәлкаждар Дәрібаев бастаған қонақтар ыстық ықылас білдіріп, ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.
Екі кезең бойынша өткізілген байқауда білім, мәдениет саласының ардагері, актриса, мәдениет саласындағы ардагерлер кеңесінің төрайымы Ұлжан Ахметова, білім саласының ардагері, кезінде радио, телеведение саласында қызмет еткен, бірнеше мәрте мәдени шаралардың концерт жүргізушісі болған, өнерлі жастарға ұстазы Айдын Қожантаева және ақын, Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының Қазалы ауданы бойынша мемлекеттік тілдің оқытушысы Жұбатқан Таңжанов талапкерлердің өнерін бағалады.
Бас жүлдені Кәукей ауылынан келген Нұрбек Әбжәли жеңіп алды. Бірінші орынға Аман Шарападин мен Аида Сазанбай лайық деп танылды. Жанель Жеткерген, Ақтоты Абзал, Аяжан Зейнелбай екінші орын иеленді. Ал үшінші орын Әсел Молдаш, Айжан Берікқызы, Манзура Ұлмамбет, Жанерке Қалас және Жұлдызай Төлепбергеноваға бұйырды. «Көрермен көзайымы» номинациясымен Ақерке Жұмахан, Ақерке Қайратқызы, Аружан Сағиділлә марапатталды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА