AMANAT: Қазалыда студенттер арасында пікірсайыс додасы өтті
Бүгін Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде «Әлеуметтік желінің және жасанды интеллект дәуірінің жастар өміріндегі рөлі» тақырыбында студенттер арасында пікірсайыс турнирі өтті.Шараның ашылуында «Жастар рухы» ЖҚ аудандық бөлімшесінің жетекшісі, Жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Ақпанбетов сөз сөйлеп, пікірсайыстың жастар үшін маңыздылығына тоқталды.
«Пікірсайыс – жастардың ойлау қабілетін дамытып, азаматтық ұстанымын қалыптастыратын маңызды алаң. Мұндай турнирлер жас ораторларды тәрбиелеуге, олардың ойын ашық әрі сауатты жеткізуіне мүмкіндік береді. «AMANAT» партиясы жастар бастамаларын әрдайым қолдайды. Партия жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты да белсенді, саналы жас тәрбиелеу бағытында жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Бүгінгі турнирге қатысып отырған барша студенттерге сәттілік тілеймін!», – деді Нұрбек Нысанбекұлы.
Турнирге аудан көлеміндегі колледждерден әрқайсысы екі ойыншыдан құралған бес команда қатысты. Қатысушылар Үкімет пен Оппозиция тараптарына бөлініп, ұсынылған қарарлар бойынша пікірталас жүргізді.
Пікірталасқа түрлі дебат турнирлеріне қатысып жүрген тәжірибелі төрешілер төрелік етті. Нәтижесінде І орынды «Абсолют» командасы (Қазалы аграрлық-техникалық колледжі) иеленді. ІІ орын «Теміржолшылар» командасына (Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі) бұйырса, ІІІ орынды «Достық» командасы (Қазалы гуманитарлық-техникалық колледжі) қанжығалады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дәрежелі дипломдар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
Сондай-ақ бірқатар қатысушылар «Үздік спикер», «Үздік оратор», «Үздік философ», «Үздік аргумент» номинациялары бойынша марапатталды.
#AMANAT














