Отанды қорғау үлкен бақыт
Әскери жолда шыңдалып шыққан азамат ретінде 7 мамыр ҚР қарулы күштерінің және 9 мамыр Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Отанға және елге адал, әрі халыққа қайырымды болып, жас буынның мемлекетті қорғау жолында Қазақстанның дамуына үлес қосып отырған азаматтарды мақтан тұтамын. Ел Тәуелсіздігінің тұтастығы мен тыныштығын қас қақпай күзетіп тұрған ұлттық әскердің айбыны арта берсін.
Бүгінде заманға сай қару-жарақты игере алатын білікті мамандармен кәсіби армиямызды дамытуымыз тиіс. Ер де, ел де қиындықта сыналатындай, бейбіт шақ деместен жауынгерлердің жауапкершілігін жеңілдетпеуде тыңғылықты жұмыс талап етіледі. Ырғыздан бастап, Түркістанға дейінгі барлық шекара бөлімшелерінде модульдік жүйедегі жаңа казармалар тұрғызылды. Себебі көршілес елдермен іргемізді нықтағанымыз жөн. Сондықтан достығымызды арттыру үшін айбарлы әскеріміз әрқашанда айбатты да, қайратты болуға тиісті.
Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болған батырларды еске алып, гүл шоқтарын қойып, олардың рухына құран бағыштау негізгі парыз. Қан майданда ерлік жасаған ағаларымыздың өжеттігі кейінгі ұрпаққа үлгі әрі сабақ деп есептеймін. Қай кезде де батырларымыз майданның алғы шебінде шайқасып, қайсарлық танытты. Айбарлы мемлекет есебінде егемендігіміздің тұғырын мықтау үшін өзіндік сана қалыптастырған ел ретінде биік тұруға талпынған жөн. Жастардың еңсесі биік осынау мәртебелі күндерді ерекше қуанышпен қарсы алатындай болуы керек.
Ат жалынын тартып мінген жастар үшін отанды қорғау ер азаматқа берілген үлкен бақыт. Ғасырлар бойы ата-бабадан келе жатқан ұлан-ғайыр жерімізді қызғыштай қорыған аталардың ерлік үлгісін құлдық санадан арылып, жаңаша көзқараспен қарауға тиістіміз. Басқыншылық болған дүниені емес, бейбітшілікті қалаған халық ретінде еңсеміз әрдайым биікте тұруы қажет. Әркез қазақ болғанымыз үшін, азат болғанымыз үшін мақтан тұтқанымыз абзал.
Бақытбек СМАҒҰЛ,
мемлекет және қоғам қайраткері,
Ауған соғысының ардагері