Ұлттық тесттің тәртібі өзгереді
Ұлттық бірыңғай тест мектеп бітірер оқушының біліміне берілетін таза баға екеніне келіспейтіндер аз емес. Десек те қазіргі таңдағы 11 жылдық білімнің деңгейін көрсететін бұдан асқан жүйе жоқ. Тест қорытындысы талапкердің келешекте қандай маман иесі боларына тікелей әсер ететіндіктен сынақ тапсыру ережелері жыл сайын жетіліп келеді. Келесі жылдан бастап мектеп бітіруші түлектер енгізілетін жаңа ереже бойынша білімдерінің бағасын ала бастайды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл жолғы тест барынша әділ әрі шынайы болатынын айтады.
Мұндай мәселе ҰБТ-да бұрыннан бар. Министрдің сөзіне сенсек, сынақ кезінде есте сақтау қабілетті жақсы балалардың ғана жолы көберек болады. Сол себепті білімді көбірек бағалайтын жүйе жасап шығару маңызды.
– ҰБТ-ның екі проблемасы бар: бірінші, ол – мазмұны, формалды бір тест сияқты.Екіншісі – адалдық, шынайылық мәселесі. Тест оқушының ой қабілетін, білімін емес жаттау қабілетін тексеретінге ұқсайды. «Кім қысқа уақытта сапалы есте сақтай алады? дегенге келеді.
Осыдан үш жыл бұрын үлкен жоба бастадық. Кембридж университетімен бірігіп, ҰБТ-ның сұрақтарын түбегейлі өзгертіп жатырмыз. Биыл 350 тест даярлайтын адам оқытылады. Сертификациядан өтеді. Бес мың жаңа мазмұнды сұрақ дайындайды. SAT халықаралық емтиханына ұқсатып жасалады. Ол жерде жылдамдық емес, нақты факт емес, адамның ойлау қабілеті бағаланады. Бірақ оны биыл, асығыс енгізбейміз. Біз балаларды дайындауымыз керек.
Келесі жылдан бастап ҰБТ мазмұны мен форматы да өзгереді, – деді Саясат Нұрбек.
Екінші мәселе бойынша да даулы жағдайлар жиі орын алып тұрады. Былтырдан бері ҰБТ-ны жеке лицензия алған мекмелер ұйымдастыратын болған. Ведомство басшысының айтуынша, министрлікке жасалатын қысымның саябырсығаны ғана олжа. Кемшіліктері ақпараттық қауіпсіздік жағы. Онлайн форматқа көшкен бері бірнеше қылмыстық іс орын алған. IT мамандары жүйенің ішіне кіріп, өзгерістер жасап, ұпайды да қолдан реттей алады.
Қазіргі таңда облыстың үш қаласында UStady тест орталығы орналасқан. Оның бірі Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде ашылған. Орталық төңірегінде дау-дамай жыл сайын өршіп тұратынын жасырын емес. Тестті әділ өткізуге арналған заманауи құрылғымен қамтылса да, «бас кесті, бармақ басты» әрекеттер жайында сыбыс азаяр емес.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ