Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Түлектер тест тапсырды

Түлектер тест тапсырды

Әне-міне дегенше он бір жыл бойы алған білімнің нәтижесін көрсететін сәт те жетті. Бұл сынақ жас өрендердің келешек ғұмырына құрған жоспарын түбегейлі өзгертіп жіберетіні рас. Бірақ бала өміріндегі маңызды тест болғанымен соңғы сынақ емес. Бұны мектеп психологтары Ұлттық бірыңғай тестке дайындық басталмас бұрын оқушылардың санасына құйып келеді. Кеше Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде аудандағы барлық мектеп бітірушілердің білімін анықтайтын сынақ өтті.

Күн ұясынан көтерілген бойда мектеп ауласына жиылған оқушылар, ата-аналар мен оларға тілекші туған-туыстардың қарасы қалың болды. Ертерек келіп алғандар пән кітаптарын ашып, алған білімін атүсті қайталаумен әуре. Сынақтың басталуына бір сағаттай қалғанда ауыл аймақтар мен кенттегі барлық мектептің талапкерлері түгел дерлік жиналды. Осы сәтте облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова мен аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов арнайы келіп, талапкерлерге игі тілектерін білдірді.

– Бүгін осында жиналған мектеп бітірушілер үшін өте маңызды күн. Мемлекет тағайындаған грант негізінде оқуға түсу үшін бақ сынайсыздар. Сондай-ақ мектеп қабырғасында жүріп алған білімдеріңіздің деңгейі анықталады. Сондықтан білім бәсекесінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізулеріңізге тілектестігімді білдіріп, сәттілік тілеймін, – деді басқарма басшысы.

Талапкерлер аудиторияға бөліне бастағанда оқушыларын түгелдей алмай жүгіріп жүрген бірнеше ұстаз көзге көрінді. Сын сағаты соғып, қатысушылардың бір парасы ісіне кірісіп кетсе, тағы біршамасы белгісіз себептермен кешігіп келді. Сапырылысқан жұрттың арасынан сынақ басталмай жатып, көз жасына ерік бергендерді де байқау қиын болмады. Ал тест кабинетіне кіріп кеткен баласының жүзін бір көріп, көңілімді басам деген ата-аналар мектеп ауласындағы, ықпана ішінде орналасқан екі-үш теледидарға қарай ағылды. Бұл абыр-сабыр жыл сайын қайталанып жүргендіктен көпшілігінің көзі үйреніп, көңілі жайланып кеткен деуге болады.

ҰБТ-ға аудан бойынша 34 мектептен келген 454 түлектің тілекші достары да бұл сәттің маңыздылығын жете сезінген.
Сағат тілі күндізгі 12:30-да көрсеткенде сынақ тапсырушылар шығатын есік ашылды. Осы кезде, бұдан кейін де көрінген қыз балалардың барлығы дерлік көңілі босап, көзіне жас алып жатты. Ал жас жігіттердің бірінің қабағы қатулы, екіншісі қуанышын жасыра алмай тұрды.

– Осы кезге дейінгі сабақ үлгерімім жақсы деп толық айта аламын. Соңғы екі жылда оныншы, он бірінші сыныпта ҰБТ-ға дайындыққа шындап күш салдым. Басқа сыныптастарыммен бірге қосымша даярлық сабақтарына қатысып, кітаптан көз алмадық. Бүгін иықтан ауыр жүк түскендей болып тұрмын. Сынама тест бойынша дайындалған сұрақтар да мүлдем кездеспеген тапсырмалар да болды. Өз біліміме сай жа­уап бердім. Ендігісін уақыт көрсетеді, – деді Қазалы ауылындағы №100 мектептің түлегі Ғарифулла Макен.

Айта кетейік, аудандағы №226, 102, 104 мектептегі оқушылар толығымен ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыстырылып отыр. Мектеп-лицей базасындағы 14 аудитория талапқа сай жасақталған. Балалардың жай-күйін бақылау үшін арнайы бейнеқондырғылар орнатылған. Қазіргі таңда мемлекеттік емтихан қорытындысымен 17 мектептен 41 оқушы «Алтын белгі», 10 мектептен 17 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. Талапкерлер енді тест қорытындысын күтеді.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

22 маусым 2019 ж. 1 177 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930