Мектеп түлектері үшін елордада ерекше шара өтті
Кеше елорданың № 76 мектеп-лицейінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Астана қаласының 20 жылдығы аясында «Тіліңді ұмытпа, жас түлек» атты түлектерге арналған мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырған шараның мақсаты - ана тілімізді жастар арасында кеңінен дәріптеу, оның қолданыс аясын кеңейтуге жұмылдыру.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте демекші, біз мектеп түлектерін ана тілімізді ұлықтауға, құрметтеуге шақырып отырмыз. Алдағы уақытта түлектеріміз өздері қалаған мамандықтары бойынша білім алып, белгілі бір қызмет атқаратын болады. Бәскеге қабілетті болуы үшін жастарымыз өзге тілдермен қатар, өз тілін білуі керек. Мемлекеттік тілді білетін мамандар қашанда сұранысқа ие. Сол себепті біз бүгін мектеп бітірушілерге «Тіліңді ұмытпа, жас түлек» деп үндеу салып отырмыз», - деді Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қамбаров.
Ерекше шара аясында мектеп түлектерін депутаттар, зиялы қауым өкілдері, эстрада жұлдыздары мен атақты жайдарманышылар құттықтады. Мерекелік кеш көрермендерінің назарына, сондай-ақ, елорда түлектері жайлы түсірілген бейнесюжет ұсынылды. Шара соңында барша қатысушыларға үндеу парақтары таратылып, озат түлек жастардың атынан үндеу оқыды.