Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда демалу қалтаға қонымды ма?

Қазақстанда демалу қалтаға қонымды ма?

Алда жаз мезгілі. Бұл кезеңде көпшілік демалысқа шығып, саяхаттауға тырысады. Бірі отбасымен, енді бірі достарымен, кейбіреулері жалғыз жүгін жинап жолға шығуға қамданады. Дұрыс-ақ демалғанға не жетсін?! Алайда, өз еліміздің көрікті жерлерін көруден көрі шет ел асып, өзге мемлекеттің кереметтерін тамашалауға асығатындардың көптігі көңіл қынжылтады. Бұған себеп те жоқ емес. Өйткені, Қазақстанда көрікті жерлерге барып демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Ал қолы жеткендер: «Бағасына қызмет көрсету сапасы сай емес» деп қапаланды.Қазіргі таңда әлем бойынша ішкі жалпы өнімнің 10%-ы туризмнен түсетіні белгілі. Бұл әлемнің дамыған елдері қызмет көрсету саласының кілтін таба білгенін аңғартады. Кейінгі жылдары елімізде де туризм саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы орайда оқырмандарға «Қазақстанда демалу қалтаға қонымды ма? Көрікті жерлерімізге келушілер қатары неге көп емес?» деген сауал жолдаған едік.

Шынар КҮНДІЛДА:
Туризм – табыс көзі
– Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында ел дамуына үлес қосатын бірнеше маңызды бағытқа тоқталып, соның ішінде Үкімет пен Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс екенін жеткізді. «Тағы бір маңызды мәселе. Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ, сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет. Кәсіпкерлер туризмнің болашағы зор екенін көруі керек. Сол үшін қажетті жағдайды жасаған жөн. Осы салаға салынған жеке инвестицияның көлемі, іштен және сырттан келген туристердің саны неғұрлым көп болса, жұмыстың нәтижесі де соғұрлым тиімді болмақ», – деді президент.
Өзім Қазақстанның көптеген жерлерінде болдым. Туған жердің тамаша табиғатына көз тояды. Қалтаға аса салмақ түсірді дей алмаймын. Дегенмен халықтың жағдайы әртүрлі. Президент тапсырмасында айтылған мәселелер орындалса, елдегі туризм айтарлықтай дамиды. Туризм ол үлкен табыс көзі. Сондықтан туризм саласындағы кәсіпкерлер бірден күреп табам деп емес, халықты қалай өзіне шақыруға болатындығын ойлау керек.

Самал ЕРБОЛҚЫЗЫ:
Қызмет көрсету сапасы ақсап тұр
– Қазақстанның туризмін шетел туризмімен салыстыруға мүлде келмейді. Отбасымызбен Түркияның Анталия қаласына бардық. Кемер деген жерінде дамалдық. Ал Қазақстанда Шымкентте «Тау самалында», Бурабайда, Ақтау, Сарыағаш, Қапшағайда болдық. Айырмашылық өте көп. Мәселен, Бурабайда отбасымен үш күн демалатын қаржыға Түркия жерінде бір апта демалдық. Қазақстанда сервис бағасына тұрмайды. Қызмет көрсету сапасы ақсап тұр. Сол себепті ел шет елге кетеді.
Бізде бұл сала енді-енді дамып келе жатыр деп айтуға болады. Біздің елдегі негізгі байлық бұл табиғат екені сөзсіз. Сондықтан табиғат аясындағы саяхатқа, экологиялық туризмге баса назар аудару керек сияқты. Менің ойымша туризмді дамытудағы барлық фокусты табиғаты әсем жерлерге, яғни Алматы, Ақмола, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан сынды аймақтарға аудару керек. Әзірше еліміздегі тек осы аймақтар ғана көркем табиғатымен шетелдік туристерді тарта алады деп ойлаймын.

Ұлхан ӨТЕГЕНОВА:
Отандық туризм орташа деңгейде
– Жалпы, туризм саласы елімізде енді дамып келе жатыр ғой. Сондықтан бұл саланың кемшіліктері жеткілікті. Алайда 4-5 жыл бұрын бізде туризм деген түсінік тек шетелге шығумен ғана байланысты болғанын айту керек.
Қазақстанның туризмін Түркия, БАӘ, Мысыр, Тайланд секілді елдермен салыстыруға келмейді. Себебі бізде жазғы туристік маусым өте қысқа. Алакөлде шомылу маусымы бар-жоғы бір жарым, екі ай ғана. Сол екі айдың ішінде демалыс орнының иесі, туроператор, турагент, тасымалдау компаниясы барынша пайда тауып қалуға тырысады. Сондықтан да баға қымбаттайды. Мысалы, жазғы шомылу маусымында адамдар Алакөл, Каспий, Балқаш пен Бурабайға ағылады. Сұраныс артқаннан кейін демалыс орнының иесі бағаны көтереді. Себебі оның демалыс орны 9 ай бос тұрды.
Ал демалыс орнының басшылығы клиенттерге сапалы қызмет көрсетуге тырыспайды. Байқағаным жұмысшы ретінде мектеп оқушыларын арзан жұмыс күші ретінде пайдаланады. Ал олар кәсіби маман болмағандықтан, туристермен жылы қарым-қатынас құра алмайды. Содан арада жанжал туындап, сөзге келіп қалуы мүмкін. Осыдан кейін отандық туризмнің сапасы әрине орташа деңгейде деуге тура келеді.

Гүлнұр ЖЕҢІСБЕК, «KAZALY TOUR» туристік агенттігінің бас менеджері:
Әр адамның ойы әртүрлі
– Мен бұған дейін бірнеше адамды шет елге жібердім. Олардың айтуынша, Қазақстанда демалғаннан көрі шет елде демалған әлдеқайда тиімді. Себебі, шет елді көрген сезім бөлек және ол жақта барлығы қарастырылған.
Мәселен 180-250 мыңның аралығында қаржыңыз болса, жаздың күні бір апта Дубайда демалып қайта аласыз. Қонақ үйге орналасуға, тамақтануға, қыдыруға, серуендеуге, гид қызметін пайдалануға да осы ақша жетеді. Ал Қазақстанда бір адамның өзіне үш күнге 150-200 мың үш күнге жетпейді. Бұл ақшаға тек жатар орын таба аласыз.
Дәл қазір мен Түркістанға сапарды қолға алдық. Бұйырса, 1 мамыр күні жолға шығамыз. Бір күнге бір адамға 15 мың теңге деп баға қойдым. Оған барып-қайту жолы, таңғы ас, Арыстан баб, Гауһар ана, Отырар қалашығы, Ахмет Яссауи кесенесіне барып, керуен сарайын аралаймыз. Саяхаттаушылар түскі ас және кешкі асқа ғана өздері ақша төлейді. Қалған қызмет 15 мыңның ішінде.
Алла қаласы жаз мезгілінің орта кезінде Алматыға қарай тур ашқымыз келіп отыр. Әр адамның ойы әртүрлі. Шет елде қыдырып үйренгендер демалысқа шығу бойына шет елді аңсап тұрады. Қазақстанда қыдыру туралы ойламайды. Ал керсінше ұшаққа мінуден қорқатындар да бар. Олар пойызға мініп, Қазақстанды аралағанды жөн көреді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
18 сәуір 2023 ж. 96 0

Музей – тұнған тарих

18 мамыр 2024 ж. 81

Бегім ана берген сый

18 мамыр 2024 ж. 119

ҰБТ: қам қалай?

18 мамыр 2024 ж. 89

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031