Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі

Орал

– Ошанның ұлы сотталып кетіпті.
– Анау жақында ғана үйленген Ғабит пе?
– Иә. Келіннің аяғы ауыр дейді.
– Е, қаланың тікбақай өскен қызы ғой ол. «Қала қайдасың?» – деп зытып кететін шығар?
– Ошан байғұс пен анау момын кемпірге обал-ақ болған екен.
Ел бұл өсектің күдігі көп күбірінен күбі пісіп, сыры көп сыбырынан сырға соғып жатқанда мен бес-алты жасар баламын. Шын-өтірігінің шыңына кім шығып, өтірігінің өресіне кім бойлапты? Ауыздарындағы түкіріктері бадана-бадана бұршақтай шашырап, осы өсекті соғып жататын.

...Ошанның қалада өскен келіні төркініне кеткен жоқ. Сол біздің ауылда тұрақтап қала берді. Орыс тілді, өжеттеу өскен келіншек еді. Күйеуі сотталып кеткеннен кейін араға үш-төрт ай салып босанып алды. Ұл тапты. Ұлының атын Орал деп қойды. Үйдегі кемпір мен шалдың, әлде өзінің арман-тілегі ме, Ғабитті аман-есен оралсын дегені болуы керек.
Ошанның үйі бізге қарама-қарсы болатын. Немересі Оралды қаз-қаз басқан кезінен білемін. Бірбеткей, айтқанынан қайтпайтын өжет болып өсті.

Ойбоу!.. Орал дегенің нақ төбелесқой бала болатын. Өз құрдастарын қойып, үш-төрт жас үлкен менің талай жолдастарымды солқылдатып жылатқан бала. Оның алдында небір боксшыларың жағын ұстап, күресқой палуандарың белін сипалап қойып зытатын. Ережесіз жекпе-жектің ауылға танылған чемпионы дерсің. Өзі сондай балалар жүрексіз болып туыла ма кім білсін?! Қорқу, жасқануды білмейтін еді. Аралас-құралас болып өскендігі шығар, маған, көбіне қарсы келмейтін. Жасым үлкен болған соң «аға» деп арқа тұтатын сияқты көрінетін.
Оралдың бала күнгі арманы есімде қалыпты. Бір күні мамырдың басы болу керек ауылдың жүгірмектері өзенге шомылуға бардық. Күн әлі жылына қоймаған. Су суық. Жүзе білмесек те өзенге күмп-күмп беріп, жағаға жалаңаш қалпымызда дірілідеп, тісіміз сақылдап отыра қалатынбыз. Орал ғана сыр білдірмейді. Бұл оның суыққа төзімділігі деп ұғатынбыз. Қысқы күнгі аязда ересек балалардың өзі тоңып үйлеріне тарай бастағанда, ол танауын ышқына тартып қойып, ойнап жүре беретін. Сол күні өзен жағасында ұзақ ойнадық. Жасы үлкен біздер құрғақ ағаш тауып, от жақтық. Отты айнала қоршап ойнап-күліп, ананы-мынаны айтып отыра бердік. Бір сәтте балалар өскенде «анау» болам, «мынау» болам деп, бала қиялдары шарықтап шуласып қоя берді.

– Мен дәрігер болам!
– Мен полиция болам! Бандиттердің қолын қайырып, ұстап алам – деп Берік қолына ұстап отырған ағашты мылтық ретінде бізге кезеніп, атып-атып жіберді.
– Мен мұғалім болсам ғой, – дейді біреуі.
Осы бір шуға еш қатысы жоқ, сұлқ отырып қалған Оралды бәріміз көрдік. Ол үндемей отыра берді. Бәлкім үнсіз отырып, қиялымен қыр кезіп кеткен болар. Осыны байқап қалған Берік Оралдың қасына жақындап барып:
– Орал сен өскенде кім боласың? – деді қутыңдап.
– Білмеймін? – деді Орал.
– Қойшы, сонда сенің арманың жоқ па? – деп Берік те қояр емес.
– Бар!
– Қандай арман?
– Әкем түрмеден тезірек келсе екен! – деді де Орал бізге елжірей қарап қалды. Сол күні су басынан бәріміз көңілсіз қайттық.

Арада уақыт сырғып, күндер көшіп жатты. Көмескі естеліктер өшіп жатты. Шалғайда қалған, туып-өскен шаңырағыма қарай жолым түсті. Бала күндерім, балауса арманым көз алдыма бұлдырай елестеді. Аппақ сүттей жаулық жамылған әжелерге, күміс сақалды қарттарға кіріп шықтым. Достарыммен де дуылдасып, өткен-кеткенді айтып, шуылдасып қалдық. Орал он бірінші сыныпта оқып жүр екен. Әкесі туралы сұраған едім, артынан өзім қатты қысылдым. Не өлісін, не тірісін жан адамның жарғақ құлағы естімеген.
Әлі де естимін, Оралдың әкесі оралмапты...

Қуат ҚИЫҚБАЙ
16 шілде 2019 ж. 977 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 52

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930