Бүгінгі оқушы– ертеңгі Отан қорғаушы
Соңғы уақытта елімізде өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесіне жүйелі түрде көңіл бөлініп, нақты қадамдардың жасалып жатқаны көз қуантады. Жуырда осы мақсатта аудандық Жастар ресурстық орталығының бастамасымен жалпы білім беретін мекемелердің 9-11 сынып оқушыларының қатысуымен «Ұранды елдің – ұрпағы қайсар» атты аудандық әскери-патриоттық сайысының іріктеу кезеңі өтті.
Спорттық шараға ауған соғысының ардагері Ғ.Камалов, облыстық білім асқармасына қарасты аймақтық дене тәрбиесі методикалық орталығының әдіскері Е.Уаисов, Қызылорда облыстық Қоғамдық даму басқарамасының әдіскері Б.Тұрсын, сондай-ақ аудандық қоғамдық бөлімінің бас маманы Ж.Айымқұлов қатысты. Жиынды ашқан Қазалы ауданының қоғамдық бөлімінің бас маманы Жеңісбек Айымқұлов қатысушыларға сәттілік тілеп, спорттық шараның маңыздылығына тоқталды.
–. Білім жүйесінде басты назар аударатын, тәрбие салаларының бірі – отансүйгіштік тәрбие. Ұлттық дәстүрге берік, елін, жерін сүйетін азамат тәрбиелеу, жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру өскелең өмір талабынан туындап отыр. Қазіргі таңда біздің қоғамда «қазақстандық отансүйгіштік» ұғымына зор мән берілуде. Мемлекетіміздің келешек тұтқасын ұстайтын жастарды осы бастан Отанына, атамекеніне шын берілгендік рухында тәрбиелеу басты борышымыз. Қазіргі таңда жалпы білім беру мекемелерінде оқитын оқушыларға тәрбие беру мәселесіне жаңа көзқарас тұрғысынан қарау керек. Бүгінгі оқушы – ертеңгі Отан қорғаушы. Расында оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеп, бойында патриотизмді қалыптастыру мектеп қабырғасынан бастау алады. Сондықтан осындай шараларға оқушыларды жиі қатыстырып, оларға әскери борыштың маңыздылығын ерте жастан түсіндіру маңызды, – дейді Жеңісбек Советұлы.
Сайысқа аудандағы 34 мектептің оқушыларынан жасақталған командалар 6 аймаққа бөлініп, жеребе арқылы жарыс ретін белгілеп, өнер көрсетті. Жарыс ережесі бойынша командалар пневматикалық мылтықтан ату, АК-74 толық емес бөлшектеу және толық емес жинақтау, аркада жатып денені көтеру, белтемірге тартылу, сондай-ақ газтұтқышты және плаш түріндегі жалпы әскери қорғаныс жиынтығын кию сынды сайыс түрлері бойынша бақ сынады. Нәтижесінде ІІІ аймақ бойынша шеберліктерін көрсетіп, үздік деп танылған №16, №17, №95, №102, №104, №90 мектеп оқушыларынан құралған команда жеңіс тұғырынан көрінді. Ал екінші орын ІV аймақ бойынша бақ сынаған №25, №93, №96, №97, №225 мектептің құрама командасына бұйырса, үшінші орынды ІІ аймақ бойынша өнер көрсеткен №165, №204, №276, №70, №266, №134 мектеп құрама командасы қанжығалады.
Сайыс жеңімпазы атанған команда мен жүлдегер командаларға ұйымдастырушы тарапынан арнайы диплом мен сыйлықтар табыс етілді. Ал өзге қатысушы құрамалар Майдакөл ауылдық округінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Назерке Аралбайқызының демеушілігімен арнайы жинақ сандықша ие болды.
Арайлым ЖҮСІПОВА