Қазақстанда мұғалімдердің біліктілігін бағалау тесті басталды
27 наурызда педагогтердің білімін бағалауға (бұрынғы атауы – ұлттық біліктілік тестілеуі) өтініш қабылдау басталған еді. Өтініштер Ұлттық тестілеу орталығының сайтында қабылданды. Ал бүгін, 3 сәуірде педагогтер сынақтан өте бастады, деп хабарлайды egemen.kz ҰТО баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тестілеуге келесі санаттарға жататын азаматтар қатыса алады:
мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының педагогтері;
білім беру ұйымдарының әдіскерлері;
жалпы орта білім беру ұйымдарының педагогтері;
қосымша білім беру ұйымдарының педагогтері;
білім беру ұйымдарының, әдістемелік кабинеттердің басшылары;
техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері;
педагогикалық бағыттар бойынша ЖОО және колледж бітіруші түлектері;
педагогикалық бағыттар бойынша техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар, тәжірибесі жоқ кандидаттар.
Педагогтердің білімін бағалау 3-22 сәуір аралығында өтеді.
Еске салайық, бұл сынақ педагогтердің кәсіби құзыреттілік деңгейін айқындау үшін өткізіледі. Тест сынақтарын білім беру саласындағы уәкілетті орган әзірлейді.
Тест 50 тапсырмадан тұрады:
«Пәндік білім» бойынша – 30 тапсырма;
«Оқыту әдістемесі» бойынша – 20 тапсырма.
Тапсырмалар формасы бойынша екі түрлі болады:
бір дұрыс жауабы бар тапсырмалар;
бір дұрыс жауабы бар мәтіндік тапсырмалар.
Тест тапсыруға 90 минут уақыт берілсе, «Математика», «Физика», «Химия», «Информатика» пәндері үшін тест 125 минутқа созылады.