Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Берері мол бағдарлама

Берері мол бағдарлама

Жыл басында тиісті орындар барша қазақстандық жас кәсіпкерлерге жаңа, жақсы мүмкіндік туғалы тұрғанын айтып бір қуантып қойған. Ол – ел арасында 2,5 проценттік жеңілдетілген несие еді. Қазіргі таңда жаңалықтар легіне сенсек, аталған бағдарлама наурыз айында басталып, кәсібін дөңгелетуге ниеттілер құжат тапсыруға кірісуде. Берері мол бағдарлама бойынша несие кімге, қалай және қандай тәртіппен беріледі? Бұл сауалдарға егжей-тегжейлі Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Қазалы ауданындағы филиал директоры Маржан Жігерқызы жауап берген еді.
– Маржан Жігерқызы, жауапты мемлекеттік органдар кәсіппен айналысқысы келетін жастарға арналған жеңілдетілген несиеге құжат қабылдау наурыз айында басталады деген болатын. Межелеген уақытта расымен жұмыс басталды ма? Бұл несиені кімдер ала алады?
– Жеңілдетілген несие 2,5 процентпен жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында беріледі. Облыста бұл бағдарлама бойынша өтінім қабылдау басталды. Құжаттарды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда облыстық филиалы жинақтап жатыр. Жеңілдетілген несиені 21-35 жас аралығындағы барлық азаматтар ала алады. Шектеу қойылмаған. Студент те, жұмыс істейтін, жұмыссыз жастардың да мемлекеттік бағдарламаға қатысуға мүмкіндігі мол. Ол үшін кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелуі керек. Бұған дейін кәсіпкер болып тіркелгендердің мерзімі 5 жылдан аспауы қажет. Несие мал шаруашылығы үшін 7 жылға және өзге бағыттарға 5 жылға беріледі. Несие сомасы 5 млн теңгеге дейін.
– Жас кәсіпкер несие алу үшін жүріп өтетін барлық жолды кезең-кезеңімен айтып берсеңіз...
– Әрине. Бірінші жас кәсіпкер сенім білдірілген өкілге, яғни «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда облыстық филиалына құжаттар өткізеді. Кез келген азаматта «Оған қандай құжаттар керек» деген заңды сұрақ туындайтыны анық. Несие алуға үміткердің жеке куәлігі, несие тарихы, бизнес-жоспары, кепіл мүлкі, кепілге қойылатын мүліктің, сондай-ақ кепіл берушінің құжаттары мен кепілге қойылған мүлікті бағалау есебі және екінші деңгейлі банктегі арнайы есеп-шоты керек. Ең басты талаптардың бірі – несие тарихы. Мемлекеттік бағдарламаға қатысушының соңғы 2 жылдағы несие тарихы мұқият тексеріледі. Кешіктірілген несие төлемдерінің мерзімі 180 күннен аспауы тиіс.
Несие алуға үміткер осы құжаттарды жинақтап, өткізгеннен кейін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда облыстық филиалы олардың толықтығын тексереді. Егер толық болмаса кері қайтарады. Дұрыс болса 15 жұмыс күнінің ішінде ұсынылған бизнес-жоспарды тексеріп, бағалайды.
Одан кейін аталған ұйым ары қарай құжаттарды шағын несие беру бойынша бизнес-жобаларды қарау жөніндегі конкурстық комиссияға ұсынады. Облыстық конкурстық комиссия бизнес-жоспарды қарап, шешім қабылдайды. Жобаны қаржыландыруға шешім қабылданса, тараптар келісімшартқа қол қойып, жас кәсіпкердің есеп-шотына қаржы аударылады.
– Қазалылық кәсіпкерлер аталған жобаға қатысушылар қатарынан табылу үшін, кәсіпкерлер палатасының көмегіне жүгінері анық. Осы орайда, кәсіпкерге қандай көмек көрсетесіздер?
– Кәсіппен айналысуға ниетті кез келген азаматқа біз – Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының Қазалы ауданындағы филиалы қаржылай емес қолдау көрсетуге әзірміз. Оған не кіреді? Біріншіден жоғарыда айтқан түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Ары қарай бизнес-жобасын әзірлеп береміз. Одан кейін түрлі бухгалтерлік, салықтық есептерін тапсыруға көмек көрсетіп, құқықтық құжаттарының жобасын тексеріп, әзірлейміз. Бұл қызметтердің барлығы ақысыз, тегін жүргізіледі. Кәсіп бастаған кез келген жас, кез келген азаматқа біз қай уақытта да көмек көрсетуге дайынбыз.
– Кей орындардың айтуынша, кәсіпкер 2,5 проценттік несиені алғаннан кейін бірден төлем басталады деседі. Ол ісін жаңа бастаған азаматтар үшін ауыр емес пе?
– Несиені алғаннан кейін кәсіпкер берілген мерзімнің үштен бір уақытына каникул кезеңін алуына болады. Каникул кезеңін негізгі қарызға да, сонымен бірге үстіндегі пайыздық өсіміне де алуға болады.
– Кепілге қойылатын мүлікке қандай талап қойылады? Көбіне азаматтар «Жылжымайтын мүлікті арзан бағалады» деген секілді базыналарын айтып жатады...
– Кепілге жылжымайтын да, жылжитын да мүлік қоюға болады. Жылжитын мүлік дегенде арнайы техникаларды ғана кепілге ала алады. Жеке автокөліктерді жылжитын мүлік ретінде кепілге қоя алмайды. Ал жылжымайтын мүлікке қатысты Қызылорда қаласындағы мүлік бойынша бастапқы құнның 80 проценті, аудан орталықтарындағы ғимараттың 70 проценті, ауылдағы кепілдің 60 проценті есептеледі.
– Биылға Қызылорда облысына бөлінген қаржы көлемі белгілі ме? Қанша жасты қамтуға мүмкіндік бар?
– Жоба 2025 жылға дейін жүзеге асырырылады.
Биыл Қызылорда облысына 1,3 миллиард теңге бөлінді. Оған 250-ден астам жастың жобасы қаржыландырылады деп жоспарланып отыр. Келесі жылға 1 миллиард 342 миллион теңге, 2025 жылға 1,4 миллиард теңге қаралған.
– Кәсіпкерлік палатаның Қазалы аудандық филиалына жолыққан жан басқа қандай қызметтерді тегін ала алады?
– Кәсіпкерлерге және кәсіпкерлік бастамасы бар адамдарға ақпараттық-кеңес беру қызметтері мыналарды қамтиды. Мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттандыру және кеңес беру бойынша:
Шағын және орта бизнес субъектілеріне және кәсіпкерлік бастамасы бар халыққа мемлекеттік қолдаудың қаржылық және қаржылық емес шаралары бойынша консультациялар беру, бизнесті ашу мәселелері бойынша кеңес беру (ОКЕД және оңтайлы салық салу жүйесін таңдау).
Шарттардың үлгілерін және бастапқы есепке алу құжаттарын дайындау бойынша кеңес беру мен екінші деңгейдегі банктерде, қаржы ұйымдарында және даму институттарында қаржыландыруға дейін және одан кейін қажетті құжаттарды жинау бойынша қызмет көрсету. Бизнес-жоспарлау бойынша кеңес беру сынды істер кіреді.
Сонымен қатар құқықтық мәселелер және рұқсаттар алу да бар. Яғни, ШОБ субъектілерін мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу, тарату мәселелері бойынша кеңес алу мен лицензиялар мен рұқсаттар алу бойынша көмек беру.
Құжаттарды жинау және сатып алуларға конкурстарға, тендерлерге қатысуға және жер учаскесін алуға өтінімді ресімдеу бойынша қызмет көрсету және инженерлік желілерге (газбен жабдықтау, сумен жабдықтау, кәріз, электрмен жабдықтау) қосу кезінде құжаттар мен техникалық шарттарды алу бойынша қызмет түрлерін ала алады.
Жалпы кәсіпкерлікке қатысты мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес алғысы келген азаматтар Кәсіпкерлер палатасына 8 724 38 79 2 43 байланыс нөмірі арқылы хабарласа алады немесе Әйтеке би кенттік әкімдігі ғимараты 2 қабаты, 212 кабинетіне келіп кез келген кәсіптік кеңестерді алуға болады.
– Ашық ақпаратыңыз және сұхбатыңыз үшін рахмет!


Әңгімелескен
Серік АҚМЫРЗА
14 наурыз 2023 ж. 242 0

Сенімі нық сарбаздар

07 мамыр 2024 ж. 41

Ел үмітін ер ақтар

07 мамыр 2024 ж. 40

Әскердегі әсерлі сәт

07 мамыр 2024 ж. 41

Алматтың айтқандары

06 мамыр 2024 ж. 74

Табиғаттың тілі жоқ

05 мамыр 2024 ж. 121

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031