Мезгіл мәселелері мінберде көтерілді
Кеше аудан әкімдігінде кезекті рет мәжіліс жиын шақырылып, аудандағы жер қатынастарының жағдайы және жылдық есебінің орындалуы, салық базасын кеңейту, 2023 жылдың І тоқсанындағы қаржы игеру болжамы, көктемгі әскерге шақыру мәселелері мінберде көтерілді.
Ең алдымен әкімдік мәжілісінің күн тәртібінде тұрған аудандағы жер қатынастарының жағдайы және жылдық есебінің орындалуы туралы аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов хабарлама жасады. Ол саладағы толымды істер мен тұрғындар тарапынан жасалған заңсыздық жайын жасырмады. Мұны еңсеруге бағытталған істер әрі қарай жалғасын табатынын жеткізді.
Бұдан соң аппарат мәжілісіндегі 3 мәселе жайында әңгіме өрбіді. Айта кетерлігі, биыл жыл қорытындысымен аудан бюджеті рекордық көрсеткішке жетті. Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Темірлан Қожаназаров 2022 жылы 2 миллиард теңге түсім тіркеліп, жоспар 104,6 процентке орындалғанын айтып сүйіншіледі. Бұл кәсіпкерлігі құлаш жайған, өндіріске жаңа бет бұрған аудан үшін толағай табыс ретінде бағалады.
Салық басқармасы басшысының сөзіне сенек, ауданда салық базасын ұлғайту жөнінде 2 жедел топ жұмыс жасап жатыр. Өткен жыл үшін жиналуға тиісті салықтың ірі көлемі Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы, Қызылқұм, Майдакөл ауылдық округтерінде қалыптасқан. Қазіргі таңда жеке тұлғалардан жиналатын жер, мүлік және көлік құралдары салықтарының базасын нақтылау және уақытылы жинау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар ауданда кәсіпкерлік нысандарға түгендеу және заң шеңберінде қайта бағалау жұмыстары атқарылып жатыр.
Жиын барысында осы жылдың І тоқсанындағы қаржы игеру болжамы туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Әліби Әбиев, көктемгі әскерге шақыру жұмыстары туралы аудандық қорғаныс істері бөлімінің бастығы Нұрлан Көлбаев хабарлама жасады.
Мәжіліс соңында аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді. Салық түсімдерін арттыру бағытындағы жұмыстарды жеделдетіп, кіріс көздерін ұлғайту мақсатында ауыл әкімдігіне берілген заманауи құрылғылардың көмегімен жұмысты күшейтуді тапсырды.
Мерзімді әскерге шақыру комиссиясына шақырылған азаматтарды жеткізу жұмыстарын қолға алмаған ауыл әкімдерін сынға алып, медициналық сараптаманы толық аяқтауына бақылауды күшейтуді қадап айтты.
Сондай-ақ әскерге шақырудан жалтарып жүрген азаматтарға қолданыстағы Заң аясында нақты шаралар көріп, учаскелік полиция инспекторларымен бірге жекелеген жұмыстар жүргізуді жүктеді.
Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ