Табысты қылатын таңдаулы мамандықтар
Әлем қарыштап дамуда. Соған орай жаңа мамандықтар жылдан-жылға емес, күннен-күнге пайда болуда. Соның көбі біздің қоғамға бейтаныс. Тіпті кейбірінің атын атауда тілің күрмеліп, шатасып жатасың.
Естімеген елде көп деген. Әңгімелесуші мамандығы алғаш Жапонияда пайда болды. Әңгімелесуші арнайы үйшікте отырады екен. Кез келген адам мұңы, реніші, ашуы, қорқынышы, қуанышымен бөлісіп, ішіндегі сезімін сыртқа шығара алады. Мұндай маман аптасына 10 мыңнан аса адам қабылдауы мүмкін. Былай қарасаңыз бүгінгінің психологтарына келеді. Ал кезекте тұрушы мамандығы Ұлыбританияда пайда болыпты.
Зерттеу нәтижесі бойынша ағылшын тұрғындары өмірінің бір жылын кезекте тұрумен өткізеді екен. Кез келген адам өз ісін тоқтатпай, орнына арнайы маманды шақыртып, кезекте тұруды сұрайды. Біз бен сізге таныс емес байер – сіздің орныңызға киім алып жүретін маман. Олар киім өлшеміңізді алып, сән мен стильге сай киім таңдап, алып береді. Бұл – батыста танымал мамандықтың бірі. Әрі уақыт үнемдеуге мүмкіндік жасайды. Бариста – кофе, сусиста – суши дайындайтын адам. Постижер – адамның шашынан жасанды шаш, мұрт жасаса, имиджмейкер – сізге сай келетін сәнді образды таңдап, талғамыңызды жақсартуға тырысады. Спичрайтер – көпшілік алдында сөйлейтін мәтінді жазып, дайындап беретін маман. Стрингер – белгілі бір БАҚ-тың штаттан тыс видео, фотооператоры. Қауіпті аумақтарға барып, қажетті сурет, видеоларды түсіріп, редакцияға жібереді.
IT – мамандар қоғамның қажет адамына айналғалы да біраз болды. Ақпаратты технологияның басты бөлшегі десек те болады. Яғни, веб-дизайнер, бағдарламашы, SEO-маманы – ең жоғары төленетін «компьютерлік» мамандықтар. Бұлардың басты мақсаты - жұмыс істеуге және жақсы имидж қалыптастыра білетін бағдарламамен қамтамасыз етіп, оны ұстап тұру. Қазірде кез келген компания IT–маманның орны ерекше десек қателеспейміз. Қызмет көрсету саласындағы мамандарға сұраныс Батыс Еуропа мен АҚШ-та өте жоғары екен. Солардың ізімен келе жатқан біздің еліміз үшін де қазіргі уақытта бұл саладағы мамандарға сұраныс артып келеді. Халық саны өскен сайын қызмет көрсетуші мамандықтар тапшылығы төмендемесі анық.
Маркетолог мамандығы компанияның негізі стратегі болып табылады. Олар әр алуан игіліктерді өндіруге және өндірушілер мен тұтынушылардың ой-тілегін қамтамасыз етуге бағытталған жүйені басқара білуі шарт. Маркетологтар нарықты зерттей отырып, іске кіріседі. Оларға бизнес-жоспары, кәсіпорынның қаржысын тиімді жұмсау секілді маңызды істер тапсырылады. Қазіргі таңда жоғары сұранысқа ие мамандықтардың бірі – менеджер. Себебі, ешқандай компания, жылжымалы мүлік агенттігі, кішігірім фирма болсын осы мамандардың көмегінсіз жұмыс атқара алмайды. Сату саласынан бастап, қызметкерлермен жұмыс жасау осы мамандардың құзіретіне кіреді.
Мобилограф дегенді кейінгі кезде жиі естіп жүрген боларсыз. Себебі, сұранысқа ие мамандықтардың алдыңғы қатарында тұр. Мобилография ‒ жаңа ғасырда дүниеге келген трендтегі сала. Бұрын адамдар фотоаппарат көмегіне жүгінсе, бүгінде телефон арқылы әр сәтті өздері таспалай береді. Бұл салаға деген сұраныс әсіресе, жас буын арасында айтарлықтай жоғары. «Біздің елімізде кейінгі жылдары мобилография саласы қарқынды дамып келеді. Біздегідей бұл сала ешқандай мемлекетте дамымаған. АҚШ, БАӘ, Түркия болсын, олар мобилографияның әлі не екенін білмейді, яғни біз алдамыз деген сөз» дейді мобилографияны меңгерген жас мамандардың бірі.
Бұрыннан заңгер, дәрігер, мұғалім, қаржыгер, құрлысшы сынды мамандықтардың бары көпке мәлім. Алайда қазіргі жастар жаңа салада жұмыс істегісі келеді. Табысқа жетудің таптырмас жолы – таңдаулы мамандықты меңгеру дейді олар.
Ұлболсын ЕРБОЛҚЫЗЫ
Ұлболсын ЕРБОЛҚЫЗЫ