Денсаулықты қалай түзеп жүрміз?
Соңғы уақыттары желілік маркетинг қарыштап, түрлі биологиялық белсенді қоспалардың кез келген түрін шертіп жүріп алуға болады. Оны өндірушілер мен диетологтар адам ағзасына пайдалы әрі маңызды екенін айтады. Сондықтан да болар ешбір қоспасыз, табиғи өнімді тұтынғанды жөн көретіндер қатары көбеюде. Осы белсенді қоспалар дегеніміз не, одан алар пайдамыз бар ма?
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, адамның денсаулық жағдайы 12 процент мемлекеттің денсаулық сақтау жүйесі деңгейіне, 18 процент тұқымқуалаушылық факторларға, 20 процент өмір сүру салтына, 50 процент тамақтануға байланысты болады екен.
Адамның күнделікті тағамдық рационында күніне 600-дей нутриент болуы керектігі ғылыми дәлелденген. Бірақ үйлесімді тағамдық рационды көп адам толық қамтамасыз ете алмайды. Осы кезде биологиялық белсенді қоспаларды қолдануға болатындығын мамандар қоштайды.
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, адамның денсаулық жағдайы 12 процент мемлекеттің денсаулық сақтау жүйесі деңгейіне, 18 процент тұқымқуалаушылық факторларға, 20 процент өмір сүру салтына, 50 процент тамақтануға байланысты болады екен.
Адамның күнделікті тағамдық рационында күніне 600-дей нутриент болуы керектігі ғылыми дәлелденген. Бірақ үйлесімді тағамдық рационды көп адам толық қамтамасыз ете алмайды. Осы кезде биологиялық белсенді қоспаларды қолдануға болатындығын мамандар қоштайды.
Тағам құнарын арттырушы
Жалпы "Биологиялық белсенді қоспалар" дегеніміз – тағам құнарын арттыру мақсатында қолданылатын табиғи және табиғи тектес заттар. Оны тағаммен қатар тұтынуға болмаса да, тағам құрамына қосып пайдалануға болады.
Өнімнің технологиялық түрленуіне байланысты төртке бөлінеді. Құрамында табиғи концентраттар бар заттар: табиғи минерал су, теңіз суынан бөлініп алынған тұз, бал, балдыр жатады. Құрғатылған, кептірілген табиғи өсімдіктер: тағамға дәмберуші ұнтақтар болады. Сондай-ақ экстракт, тұнбалар, шәрбаттар, брикеттер бар. Дәрі-дәрмектің тәнге, денеге тигізетін әсерлері туралы ғылым – фармакологияда қолданылатын синтетикалық және табиғи дәрумендер, фосфолипидтер, күрделі нәруыздар да енеді.
ББҚ-ны тағам құрамына қосып та, жеке өзін де қолдануға болады. Алайда ел арасында насихатталатындай ол қандай да бір ауруға ем болатындай қасиеті жоқ. Бұл күндегі тамақ өндіру барысында шикізатты бірнеше мәрте өңдегендіктен табиғи сапасын жоғалтуы мүмкін. Оның орнын толтыру үшін биологиялық белсенді қоспалар қолданылады. Зерттеуге сәйкес, биологиялық белсенді қоспаның адам ағзасына зияны 5-7% көрсетсе, пайдасы 80-90% жетеді.
Адам ағзасына қоспалардан зиян бар ма?
Биологиялық белсенді қоспаның басым бөлігі өсімдіктен алынады. Табиғи өнім болып саналады. Қолданылатын заттардың зияны да, пайдасы да бар. Бірақ зиян деген өсімдіктің де құрамында медицинаға қажет заттар болуы мүмкін. Сол үшін кейбір жағдайда биологиялық белсенді қоспаны дәрі-дәрмектен бөлек қосымша тағайындауы мүмкін. Дегенмен биологиялық белсенді қоспаны не құрамында биологиялық активті қосылыстары бар өнімді басқа дәрімен қатар қолдану алдында дәрігерге қаралу қажет. Өйткені кейбір ББҚ дәрімен қатар қолдануға арналмаған. Дәрі-дәрмектің сыртын немесе ішіндегі нұсқаулықты міндетті түрде оқыған абзал.
– Құрамында биологиялық белсенді қоспасы бар дәріні тек аурудың алдын алу үшін қолданбайды. Ауруды толық емдеуге мұндай дәрінің күші жетпейді. Олар тек профилактикалық шара ретінде пайдаланылады. Мәселен, жасы келген адамдарда кальций, басқа да ағзаға керекті дәрумендер қоры азаятындықтан табиғи белсенді қоспаларды алып ішемін. Тек арнайы рұқсаты бар әрі медицинада дәлелденген дәріхана сөрелерінен аламын. Сондай-ақ сүзбе мен айранды түс қайта қабылдаймын. Өйткені осы уақытта ағзаның кальцийді қабылдау мүмкіндігі жоғары болады. Негізінен ағзаны қалыпқа келтіру үшін антибиотиктер қабылдағаннан кейін міндетті түрде пробиотиктер қолдану қажет, – дейді Қазақ тағамтану Академиясының аға ғылыми қызметкері Алтын Сәрсенбаева.
Маманның айтуынша, кез келген табиғи қоспаның әр адамның ағзасына әрқилы әсері бар. Сондай-ақ өзіндік жас өлшеміне қарай мөлшерін де бақылауға алған дұрыс. Тіпті кейбір өнімге ағзаның аллергия беруі де ғажап емес. Сондықтан ақхалаттылардың кеңесіне жүгінген жөн.
Медицинада биологиялық белсенді қоспаларды қаншалықты құптайды? Бұл тарапынан Қазалы теміржол емханасының терапевті Гүлзат Сейтнесипова өз ойын білдірген болатын. Оның мәлімдеуінше, кеңес алушыларға тек медициналық тұрғыда дәлелденген әрі тексеруден өткен өнімдерді ғана ұсынады. Ал өзге тексерілмеген желілік маркетинг арқылы ұсынылатын табиғи өнімді мүлдем рұқсат етпейді.
Ал нутрицолог Тұрар Бодықов биологиялық белсенді қоспа алу үшін қолданылатын өсімдіктің қайда және қандай жағдайда өскені өте маңызды екенін алға тартады. Өйткені өсімдікті жинау барысында құрамындағы концентрациясы өзгеруі мүмкін. Дегенмен бүгінде биологиялық белсенді қоспаны өндіру талабы жоғарылағандығын тілге тиек етеді.
Стандарттау мен сертификациялау
Биологиялық белсенді қоспаны өндіру барысында халықаралық ережеге сәйкес құрылғының, шикізаттың тазалығы, дайын өнімнің құндылығы, сапасы, қапталуы мен сақталуына баса назар аударылады.
Қазір елде желілік маркетингке көңіл бөлгендер қатары көбеюде. Дегенмен олардың санаулысы ғана арнайы тексеруден өтіп, сертификатталған.
Қазақ тағамтану Академиясының төрағасы сараптамалық кеңес базасында Төрегелді Шармановтың бақылауымен, республикалық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті және гастроэнтеролог, кардиолог секілді көптеген маман-сарапшылармен бірігіп жүргізеді.
– Тіркеу екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде өндіруші туралы мәліметке сараптама жүргізіледі. Бұнда өнімдердің нормативтік құжаттарға сәйкестігі, дайындау түрі, сынақ нәтижесі зерттеледі.
Екінші кезеңде санитарлы-гигиеналық зерттеу, ингредиенттік құрамының сәйкестігі, физико-химиялық көрсеткіштері, ауыр металл тұздарының, радионуклидтердің, пестицидтердің, микотоксиндердің кездесуі, жануарларға жүргізген тәжірибе кезінде ағзаға әсері зерттеледі, – дейді Т.Шарманов.
Дегенмен түрлі шетелдік биологиялық қоспаларды қолданып, дертіне дерт қосып алғандар болса, Қазақ тағамтану Академиясына шағымданып, өнімді арнайы белгіленген қаржыға құрамын тексертуге мүмкіндік бар екендігін жеткізді Төрегелді Шарманов.
Алайда нутрициолог Тұрар Бодықов қазіргі экологиялық ахуал, өндірістің қарқынды дамуы әсерінен азық-түлік шикізаттарының құрамы мен сапасы төмендігін желеу етеді. Олардың құнарлығын артатын қажетті элементтер ережеге сай қосылмайды. Сол себепті де күнделікті рациондағы ас-ауқат дәрумендер мен минералдардың нормасын өтей алмайды. Биологиялық белсенді қоспалар – дәрі емес, ол ағзадағы жетіспейтін дәрумендер мен минералдардың орнын толықтыру үшін қолданылатындығын айтады.
Бұл жерде таяқтың екі ұшы бар екендігін ескерсек, кім қандай өнімді қолданатынын өзі бағамдайды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА