Қазақстандықтар жұмыста жаттығу жасауға міндетті ме?
Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас сарапшысы Әйгерім Садубаева қазақстандық жұмыс берушілер күнделікті жаттығу жүргізуге міндеттелгені туралы ақпаратқа түсініктеме берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, жұмыс орындарында физикалық жаттығу жасау тәртібі тек ұсыныс сипатында айтылған.
"Жұмыс беруші әкімшілік жауапқа тартылмайды. Ұйымда физикалық жаттығулардың жүргізілуін тексеру қарастырылмаған", - деп түсіндірді Әйгерім Садубаева. Ол физикалық жаттығулар дегеніміз - өндірістік гимнастика екенін түсіндірді.
"Бұл ұйым қызметкерлері жұмыс орнында жасайтын қарапайым дене жаттығуларының жиынтығы, олар жұмыс қабілетін арттыру, денсаулықты нығайту және шаршаудың алдын алу мақсатында керек. Бұл қазір жұқпалы емес аурулар ушыққан пандемия кезеңінде өзекті және қажет.
Ұжым басшылығы қызметкерінің денсаулығына және өндірістік гимнастика ұйымдастыруға жағдай жасауға мүдделі болуы керек. Өйткені олардың денсаулығы нығайып, күйзеліс азайса, ұжымдағы психологиялық ахуал мен күні бойына көңіл күй жақсарады, бұл, сөзсіз жұмысқа қабілеттің артуына әкеледі. Жұмыс беруші өз қызметкерінің денсаулығы үшін таңдау жасап, салауатты өмір салтын насихаттауды көтермелеуі тиіс", - деп атап өтті ол.
Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі бұл норманы Мәжіліс депутаттары "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексті талқылау барысында ұсынғанын еске салды.
"Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында азаматтардың денсаулығын сақтауға және салауатты әдеттерді қалыптастыруға арналған денсаулық пайдасына адамдарды таңдау жасауға бағытталған іс-шаралар көзделген. Осыған байланысты физикалық жаттығулар (өндірістік гимнастика) жасау адамның, әсіресе еңбекке қабілетті халықтың физикалық және психикалық саулығы үшін белсенді қамқорлық пен жауапкершілікті көздейді", - деп қосты Садубаева.