Жасанды интеллект жетістігі
Біз ғаламтор мен цифрлық жүйе арқылы әлемді өзгертетін жаппай технологиялық революцияның табалдырығындамыз. Әлгінде ғана мыңдаған маман жабылып жасайтын бір автокөлікті бүгінде бірнеше автоматтандырылған роботтар жасайды. Тағы, күнделікті өмірде пайдаға асып жүрген жасанды интеллект те бар. Бүгінде ЖИ-ға жататын «Станция c Алисой», «Google», «Siri» сынды дыбыстық көмекшілерге сұраныс артып тұр. Себебі олардың кез келген күрделі істі саусақтың ұшын да қозғалтпай, оңай әрі тез жасап беретін қабілеті бар. Жоғарыда аталғанның барлығы күнделікті пайдаға асып жүрген ЖИ түрлері. Басқа да ғылым мен цифрлық жүйенің жаңа жетістіктерін зерттеген едік.
Ешкімді аямайтын Ekin Patrol
Жуырда елімізде жол патрульдік полицияларына Ekin Patrol G2 атты зияткерлік мобильді құрылғысы қолданысқа берілді. Бұл жасанды интеллектке жататын Ekin Patrol G2 құрылғысы жылдамдықты асыруды автоматты түрде қозғалыс кезінде анықтайды. Оның 10 данасы патрульдік автокөліктерге орнатылған. Құрылғы төңірегін 360 градуста шолып, жылдамдық асыру дерегін анықтайды. Ақпаратты автоматты түрде серверге жүктейді. Жолдың 7 жолағына дейінгі аймақта бір уақытта өткен 100 автокөліктің мемлекеттік белгісін автоматты түрде күндіз-түні тіркейді. Жылдамдықты асырумен бірге жалған мемлекеттік белгілерді, жолда аялдау ережесін бұзу дерегін, көліктің техникалық байқаудан өткенін, сақтандыру шарты жасалғанын және іздеудегі автокөліктерді анықтайды. Айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама көлік иесінің мекен-жайына жолданады.
Көлік тасымалымен айналысып жүрген Еркін Ерланның айтуынша, бұл құрылғылардың пайдасы сол көптен күресіп келе жатқан сыйбайлас-жемқорлықты азайту дейді.
– Құрылғы қымбат болғанымен, құнын тез өтеп алады. Ең бастысы, енді жол ережесін бұзатындар азаяды. Жылжымалы камера кез келген жерде абайлап, ереже сақтап жүруге үйретеді. Алайда Ekin Patrol G2 ең бір артықшылығы ол елдегі сыбайлас-жемқорлыққа тосқауыл болуы. Ол енді ешкімнен, ешқандай құжат сұрамайды. Жол ережесін бұзсаңыз, автоматты түрде қажетті құжатты толтырып, айыппұл арқалатып жібереді. Тіпті тас жолда жолыққан қос патруль көлігі бірін-бірі абайсыз Ekin Patrol-ге түсіріп алыпты деген сыбыс та бар. Енді сол полиция қызметкерлері айыппұл төлеп жүр деседі, – дейді ол.
Google-ді сарсаңға салған Chat GPT
Өткен жылдың аяғында «Google» компаниясы қызыл белгілі дабыл соқты. Нақтырақ айтсақ, АҚШ-тың Калифорния штатында орналасқан, жасанды интеллект ойлап табу ісімен күрделі түрде айналысатын «Open AI» зертханасы 2019 жылы әйгілі Илон Масктің демеушілігімен GTP атты бағдарлама ойлап табады. Бірақ бағдарлама зертхана ғалымдарының ойлағанындай шықпайды. Яғни, істен шығады. Мұнан түк шықпасын сезген Илон Маск «Open AI»-лықтармен келісімшартын үзіседі. Көп ұзамай аталған орталық жасанды интеллектті қайта жасап шығуды ұйғарады.
Бұл жолы барлығы ойдағыдан да керемет шығып, жаңа атауға ие болған Chat GPT бар әлемді таңдай қақтырады. Тіпті алғашқы құрылған күннен бастап оны қолданушылар саны миллионнан асып жығылған. Chat GPT-дің басты ерекшеліктері – кез келген ақпаратты дәл тауып, сұраған жанға «Java Script» бағдарламасының күрделі кодтарын бірнеше секунд ішінде құрап берумен әлемді дүр сілкіндіргендігі. Одан бөлек, кез келген тақырыпта фильм, кітаптарға сценарий жазу, өлең шығару сынды командалар берсеңіз, бірнеше секундтар ішінде жазып бере қояды.
Аталған ЖИ көп жылғы тәжірибесі бар алып Google-ді қалай сарсаңға салды деген сауал туындаған шығар?! Chat GPT «Оk Google» жасанды интеллектін басып озып, тіпті ондағы қолданушылар санының құлдырауына үлкен әсерін тигізген.
Бағдарламаны біз де сынап көрдік. Оның негізгі тілі ағылшын. Алайда ол орыс тілінде де жұмыс жасайды. Айтқандай-ақ Chat GPT-дің ісінде шектеу жоқ. Барлық тапсырманы мүлтіксіз орындайды екен. Бір қызығы, өлең немесе сценарий жазып беруді сұрасаңыз минут ішінде жап-жаңа туындыны ұсына алады және әрбір жазбасы біріне-бірі ұқсамайды.
ChatGPT әділдігін айтады
Жуырда Колумбияның Картахена қаласындағы судья Хуан Мануэль Падилла Гарсия үкім шығару кезінде ChatGPT нейрондық желісін уақыт үнемдеу мақсатында пайдаланған.
Іс аутист баланы емдеуге қажетті сақтандыру төлемдеріне қатысты болды. Судья сақтандыру компаниясы оның барлық көлік және емдеу шығындарын өтеуі керек деп шешті. Судьяның айтуынша, ол Конституциялық соттың осыған ұқсас істер бойынша оң шешім шығарған-шығармағанын білу үшін ChatGPT арқылы іздеген. Падилла чат-ботты жай пайдаланбағанын, жауаптарды тексеріп, оларды өзінің заңды дәлелдерімен бірдей пайдаланғанын айтты. Оның айтуынша, нейрондық желі судьяны алмастыра алмайды, бірақ ол құжаттарды дайындауды жеңілдетеді.
– Судьялар сот төрелігі мен технология саласындағы өзгерістерден хабардар болуы керек. Колумбиядағы пандемиядан кейін біз сот жүйесіне жаңашылдық енгізе бастадық. Бүгін бұл ChatGPT болуы мүмкін, бірақ кейінірек судьяларға көмектесетін қосымша құралдар қажет. Бұл жасанды интеллект бізге түсінікті сөздермен өте анық шешім шығаруға көмектеседі, – деді сот төрағасы.
Міне, біз бүгін жасанды интеллекттің бірнеше салаға бейімделген түрлеріне тоқталдық. Бұл бергі шеті екенін ескерсек, келешекте дамыған елдерде қызмет көрсету саласына толығымен роботтар иелік етуі ғажап емес. Бұл болашақтың цифрлық қызметкерлері селсоқтыққа бейім адам баласына кез келген істе бәсекелес бола алатыны айдан анық. Сондықтан бәсекеге қабілетті болғымыз келсе, бойымыздағы қажетсіз қасиетті жеңуіміз керек. Әйтпесе, күндердің күнінде белгілі бір істе еріншектік танытып отырған сізді жасанды интеллект не робот оп-оңай алмастырып жіберуі әбден мүмкін.
Серік АҚМЫРЗА