Бар жақсылық – балаларға

Құрметті оқырман, ашығын айтыңыз, «Балалар жылы» сіздің есіңізге нені салады? Жер-жерден балалар алаңы, ойын-сауық орталықтарының іргетасы қаланып, пайдалануға берілді дегенімізбен, мұны өзі аз секілді көрінеді. Одан бөлек балалар күні құлыншақтарды қуанышқа кенелтіп, ауқымды шараның өткені бар. Сол тұста көптеген бүлдіршіннің жүзіне күлкі ұялаған еді.
Еске салсақ, бұл күнді аудандық білім бөлімі жоғары деңгейде атап өтуді жөн санаған еді. Жүздеген балғындарды аудандық Оқушылар үйінің алаңына жинап, мерекелік көңіл-күй құшағындағы қуаныш иелеріне түрлі сыйлықтар дайындады. Ұйымдастырушылар шараға қатысушы балабақша бөбектеріне арнап жүзден астам тегін билет таратты. Бұл нақ сол уақытта жұмысын бастаған аттракциондар мен ойыншықтарды тегін пайдалануға мүмкіндік берді.
Біле білсек, «Балалар жылы» аясында аудан орталығында «Pony» балалар ойын-сауық орталығы ашылған-ды. Онда үлкен сырғанақтар, құрғақ бассейндер, балалар атракциондары бар. Сондай-ақ айтулы күн немесе балалар мейрамы болған жағдайда 150 орынға арналған үлкен зал мен аниматорлары бар. Яғни, бүлдіршіндердің тиімді тынығуы үшін таптырмас орын.
«Строй Модуль Астана» деген жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Былтыр осы мекеме өз қаражаты есебінен Әйтеке би кентінен ойын алаңын салып берді. Мұнда да балалар үшін сырғанақ, әткеншек сияқты ойын жабдықтары мен әртүрлі спорт құрылғылары орнатылған. Алаң оқушылар үйінің ауласынан салынған. Ойын алаңдарын орнату жұмыстарын жергілікті жеке кәсіпкер Жасұлан Шамұратов мойнына алды.
Айтпақшы, балалары жылында облыс бойынша 80 спорттық ойын алаңы берілген екен. Соның бірқатары ауданда ашылды. Сонау Сарбұлақ ауылындағы саябақтан бастап, Байқожа ауылындағы бір спорт алаңы, Әйтеке би кентінен екі спорт алаңы пайдалануға берілді. Одан бөлек аудан орталығындағы балалар алаңын қоса аламыз. Яғни, мұнда жергілікті кәсіпкерлер төбе көрсетіп, бір ауыздан жұмыла кетті. Тартынбады. Таршылық танытпады. Табысынан жырып әкеп, «болашақ осылардікі» деп үлес қосты.
Айта кетейік, бұл былтырғы балғындар үшін жасалған игі шаралардың бірсыпырасы ғана. Одан өзге ауыз толтырып айтарлығы жетерлік.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың: «Балам деген жұрт болмаса – жұртым дейтін бала қайдан шықсын» деген тамаша бір сөзі бар. Осыдан-ақ қазақ халқының бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлгенін байқаймыз. Ал өткен «Балалар жылындағы» бүлдіршіндердің қуанышы үшін жасалған шаруа аз болмады. Дегенмен айтпағымыз, тек арнайы жылда ғана емес, жыл сайын құлыншақтардың қуанышқа кенелуі үшін тоқтаусыз игі істер жасай берудің ешқандай артығы жоқ.
Абзал ЖОЛТЕРЕК