Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өзекті өртеген өкініш

Өзекті өртеген өкініш

Жандос әдеттегідей кезекті ауысымнан үйге келді. Есік кілттеулі. Іңкәр бұл уақытта үйде болушы еді. Оны үйден таппаған ол дереу қоңырау шалды, бірақ жауап болмады. Дамылсыз соғылған қоңыраудың соңғысында ғана Іңкәр телефон тұтқасын көтерді.
– Алло, Іңкәр, қайдасың? Есікті кілттеп кетіпсің ғой, – деді Жандос сұраулы дауыспен.
– Құрбыларым жиналып жатыр екен. Солармен кездесуге кеттім, – деді ол.
– Ал кешкі ас ше? Тымқұрығанда ескертіп кетпейсің бе?
– Қазан-ошақты өзіммен бірге алып кеткенім жоқ. Ішіп-жейтінің тоңазытқышта тұр. Керегіңді алып ішіп, жей бермеймісің, – деп Іңкәр жоқ жерден ашу шақыра сөйледі.
Телефонмен ұрсып, дауа таппайтынын түсінген Жандос бұл жолы үнсіз қалды. Себебі бұған дейін де Іңкәр Жандосқа ренжіп жүрген. Оның бұлай мінез көрсетуінің себебі де жоқ емес-ті. Өткен жолы Жандос шай үстінде: «Елге көшсек қайтеді? Уақытша әке-шешемнің қолында тұрармыз. Жиған-тергенімізге сол жақтан үй-жай алармыз» деп ойын айтып қалған. Сонысы ұнамаса керек. Содан бері Іңкәрдің көңілі пәс. Себебі ата-енеден бөлек тұрып үйреніп қалған адамға бұл таңсық нәрсе. Оның үстіне ол өзі туып-өскен жерден кеткісі жоқ. Ара-тұра осы тақырып қозғалған сайын Іңкәр уайымға бататын. Тіпті соңында «Мен ешқайда көшпеймін, ауылға кеткің келсе, өзің-ақ кете бер», – деп кесіп айтты. Бірақ бұл Жандостың жай ғана ойы екендігін Іңкәр түсінбеді. Бәлкім, түсінгісі келмеген де болар. Осы бір әңгіменің шеті шыққаннан бастап олардың арасы алшақтай берді .
Негізінен Жандос пен Іңкәр сүйіп қосылған жұп. Олар студент кезден отау құрғанға дейін бір-бірін бес жылға жуық таныды. Жандос сұлу Сырдың сырбаз жігіті, ал Іңкәр Шәмші әнге қосқан Жайықтың еркесі. Іңкәр мұғалім, ал Жандос электрик болып жұмыс жасайды. Екеуінің де тәп-тәуір табысы бар. Екі бөлмелі жалдамалы пәтерде тұрып жатса да, олар өмірлеріне дән риза. Екі жақтап жүріп, жеке үй алуға қаражат жинап та үлгерді. Өздері сатып алуға ниет етіп жүрген үйге көшуге аз қалып, қоныстой жасамақ ниетті. Қос ғашықтың махаббаты көптің аузынан түспейтін. Үйленгендеріне бір жыл өткен соң Арманбек есімді ұл өмірге келді. Олардың қуанышында шек болмады. Бірақ араға екі жыл салып, отбасылық өмірінің арнасы басқа жаққа бұрылды.
Бір шаңырақтың астында үш жыл бірге өмір сүрген ғашықтар аяқ асты ажырасуға байлам жасады. Бұған дейін жұбы жазылмаған Жандос пен Іңкәрдің мұндай қадамға барарын көпшілік күтпеген де еді. Араларынан қара мысық өткендей, екеуі екі жаққа кетті. Бұрыннан жақсы білетіндер, көзкөргендер бұл шешімге таңқалысын жасыра алмай, оларға «жұрттың көзі тиді» деп жатты. Бірақ бұл олардың өз таңдауы еді...
Жырақта жүрген ұл мен келіннен қоныстойдың қуанышын күтіп жүрген ата-ана үшін бұл жаңалық төбеден жай түсіргендей болды. Өздері үміт еткен балаларының тағдыры талқыға түсіп тұрса, қалай қуансын?! Жастар үлкендердің ақылына құлақ түруге құлықсыз, себебі ажырасуға түбегейлі шешім қабылдап қойған. Дегенмен үлкендердің араласуымен сотқа арыз беруді кейінге қалдырып, арадағы қарым-қатынасқа уақытша үзіліс алды.
Біршама уақыт өткен соң, жас жұбайлар бір-біріне мүмкіндік беріп, бірге болуға талпынып көрді. Бірақ Жандос пен Іңкәр кереғар мінездерімен тағы да үйлесе алмады. Бір шаңырақ астында уақыт оздырған сайын түсініспеушілік үдей берді. Көптен күткен баспаналарына қол жеткізіп, қоныстанды. Алайда бұл қуаныш ерлі-зайыптының арасындағы мұзды жібіте алмады. Керісінше, қиындықтар еселене түсті. Жағдайдың күрделенгені сонша, сол жолы ақыры ажырасып тынды. Небары үш жастағы Арманбек соттың шешімімен анасының жанында қалды. Бірге жинаған дүние-мүлікті теңдей бөлісті. Жандос Іңкәрдің қойған талаптарының бірде-біріне қарсылық танытпады. Ажырасуға о бастан іштей қарсы болғанымен мәнсіз қарым-қатынастың ұзаққа созылмайтындығын сезгендіктен, Іңкәрдің бағын байламай, оны жіберуім керек деп шешті. Себебі, екеуінің арасындағы реніш көбейген сайын оған екеуара бірге өмір сүру мүмкін еместей көрінді.
Кейде Жандос бұл нүктесі қойылған қарым-қатынастың бұлай аяқталуының себебін іздейтін. Бірақ қанша ойланса да, көзге көрінер себеп таба алмайтын. Шындығында, олардың ажырасуына себеп іздесең мың түрлі сылтау табылады. Бірақ қарым-қатынаста кішігірім нәрселерден қателік жіберді. Бір-бірін жақсы көре тұра, болмашы өкпеге орын беріп, ауыр сөз айтып, жандарына жара салуды әдетке айналдырған еді. Сөйте жүріп, жүрек түкпіріндегі дерттерін бір-бірімен бөлісудің орнына, тас қамалдың артына тығылуды дұрыс деп тапты.
Бүгінде Жандос пен Іңкәрдің ажырасқандарына жеті жылға жуық уақыт өтті. Екеуі де одан кейін әлі отбасын құрмады. Тіпті өзге адаммен қарым-қатынас құруға да талпынбады. Құдды бір-бірін әлі күнге дейін күтіп жүргендей.
Қазір ғашықтардың махаббатынан туған ұлы Арманбек он жаста, зерек әрі алғыр бала өсіп келеді. 4 сыныпта оқиды. Жандос баласының жырақта екендігіне жиі қапаланады. Бірақ іштегі түсініксіз сезімдер оның алдына баруға дауалатпайды. Бетпе-бет кездесуге жиі бармаса да, үнемі хат алмасып, бейнеқоңыраумен тілдесіп тұрады. Баласының қажеттіліктерін де естен шығарған емес. Алименттен бөлек, ұлының қалауын толығымен қамтамасыз етуді өзінің парызы санайды.
Соңғы уақытта Жандосты кей сұрақтар жиі мазалайтын болған. Кейде қалың ойға беріліп, өзімен-өзі сөйлесетінді де шығарды. «Арманбек қазір естияр бала болып өсіп келеді, дегенмен оның сұрақтарына жауап таба аламын ба?», – дейді ол ойдың жетегінде кетіп.
– «Әке, бізді неге тастап кеттің, неге анамды бірге болуға көндірмедің?» деген сауалына жауап таба алар ма екенмін?», – деп іштей қамығатын да сыңайлы. Тіпті сол некені соңына дейін сақтап қалуға шын ықылас білдірмегеніне өкінетіндей.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
15 қаңтар 2023 ж. 646 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031